Руханият

Қоңыр күйдің қою үні

      «Әбікен болмаса, Тәттімбет жоқ. Әбікен болмаса, Тоқа жоқ. Әбікен болмаса, мына мен, ана Жанғали Жүзбаев жоқ» деп басталған жоқ концерт. Бірақ, Әбікендей ұлы күйшіні еске алу кешінде әйтеуір бір айтылмай қалмауы тиіс бұл сөзді концерттің орта тұсында дәулескер күйші Мұхамеджан ТІЛЕУХАНОВ айтты. «Анау Жаңаарқадан келіп тұрып бір-ақ күй тартып кете алмаймын» деп Әбікеннің репертуарынан Тәттімбеттің «Азамат қожасы» мен «Бестөресін», Тоқаның «Бозайғырын», Әшімтайдың «Қоңыр қазын» тартты.

Бұған дейін біз Тәттімбеттің «Бестөресін» Әбікеннің орындауында тек таспадан ғана тыңдап келгенбіз. Кейінгі күйшілердің көбі Мағауияның нұсқасында тартады. Осы жолы Мұхамеджан аға «Бестөрені» Әбікеннің нұсқасында жеткізді. Мағауия нұсқасында құлаққа жағымдырақ естілгенімен, Әбікеннің орындауында сесті, айбындырақ шығады. Дегенмен, бөле-жаратыны жоқ, Әбікен де, Мағауия да – қазақ шертпе күй өнерінің алыптары. Екі биігі. Шеті-қиыры жоқ өзгеше дара күйшілер.

Қарағанды облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығы мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұйымдастыруымен «Шалқыма» концерт залында өткен күй кеші Тәттімбеттің «Сарыжайлауымен» ашылып еді. Орындаушы – Тәттімбет атындағы ака­демиялық оркестр болса, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев. Сонау Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, танымал күйші Жанғали Жүзбаев келіп, Итаяқтың «Қосбасарына» екі күй қосақтап шертті. Ол баста концерт бағдарламасында көрсетілгені бір күй екен, халық екі күйді сұрап тартқызды. Елден үлкен, халықтан биік жоқ. Қаласа, халық Құдайдан сүйгенін сұрап алады. Әбікендер, Жанғалилар арқылы жібереді Алла не ғаламатты. Нағыз халықтың адамы осылар…

Жәкең, Жанғали аға М.Тілеухановтың алдында шыққан сахнаға. Оған дейін оркестрдің орындауында күйлер тартылып, белгілі әнші Ержан Базарбеков Сәкеннің «Біздің жақтасы» мен «Тау ішінде» әндерін шырқаған. Осы тұста айта кету керек, Сәкен мен Әбікен тағдырлас рухани анда ғана емес, туыс ретінде де жақын болуы бек мүмкін. Екеуі бірге ауыл-аймақты аралағаны туралы әңгіме көп ел ішінде. Әбікеннің «Қоңыр» күйі Сәкенге арналған деген сөз де жоқ емес. Оған қоса мен, осы жолдардың авторы, жақында Қарағандыдағы №23 мектеп мұражайынан Сәкен мен Әбікеннің кіндігін кескен кездікке тап болдым. Әлі де зерттеуді талап ететін кездік Әбікеннің аталарынан қалса керек. Осы әңгіменің бәрі кездейсоқ емес шығар.

Қазақ даласында күйшілерді қудалау 1928-1929 жылдары басталған деседі. 1930 жылдары атақты Әбди күйшіні атқалы жатқанда, Әбдекең ақтық сөз сұрап, «осы ауылда Әбікен атты күйші бала бар. Жалғыз өтінішім, соны алдырыңдаршы? Кеудемде бір сарын кетіп барады. Тым болмаса, Әбікен бір тыңдап қалсын» – деп Әбікен атамызды алдырып, бұрын ел естімеген күй тартып берген екен. Күй аяқталған соң, бала қайыра тартуын сұрайды. Күй қайта тартылады, артынан ұзамай Әбди атылады. Бірақ, ұлы мұра Әбікен атамыздың кеудесінде қалды. Осы бір ауыз әңгіменің астында қаншама қайғы мен зіл-батпан шердің жүгі бар десеңізші?! Жалғыз бұл ғана емес, сол жылдары түгел атылып кеткен қазақтың шертпе күйшілерінің бәрінің мұраларын жеткізуші – осы Әбікен атамыз. Кейін Әбікен атамыз бақилық болғанда, Шәкен Айманов «Қазақтың он саусағын жерлеп тұрмыз» деп егілген екен. Әбікен – шертпе күй өнерінің эталоны деуіміздің сыры сонда. Кеш барысында сахнаға шығып, сөз сөйлеген Мұхамеджан Тілеухановтың «Әбікен атына бұл концерт те аздық етеді» деген сөзінің жаны бар… Қазақ шертпе күй өнерін бүгінге жеткізуші Әбікеннің есіміне не бердік, күйтаспасын қайдан кездестірдіңіз? Әбікен атамыздың орындауында жеткен жалғыз-ақ Тәттімбеттің «Көкейкестісінің» өтеуін толтырудың өзі қиынға соғады-ау?! Қазақ музыкасының төлтумасы – бұл туындыны осы жолы Қалкен Қасымов қоңырлатты.

Облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі Қайролла Сәдуақасов елді Әбдидің «Тәуба қосбасарымен» сусындатса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Болатхан Тәшімов Әбікен Хасенұлының «Қоңырын» тартты.  Концерт оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқасымен» жабылды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button