Covid-19Коронавирус

Оқу форматы эпидахуалға байланысты

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын оның онлайн әлде оффлайн өтетіндігі туралы пікір көбейді. Дегенмен де, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан нақты жауап жоқ. Жақында ғана орталық коммуникациялық қызметінде брифнгте Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНИЯТ тиісті шешімдер оқу жылы басталғаннан кейін эпидемиологиялық ахуал мен өңірдің қандай аймақта болуына қарай қабылданатынын жеткізді.

(Сурет интернеттен алынды)

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 6 мыңнан астам бала коронавирус жұқтырған, бүгінде 400-ден астап бала ем алып жатыр.

– Тіркелген КВИ жағдайларының 30-40%-ында балалар ауырады. Бала ағзасының ерекшеліктеріне байланысты коронавирус қана емес, басқа да инфекциялар тез таралып, ауыр өтеді. Кейбір балаларда сепсис, шок түріндегі асқынулар болуы мүмкін. Болашақта шектеу шаралары коронавирустың балалар арасында таралуына, оның қалай өтетіндігі мен бала денсаулығына тигізер зиянына байланысты болады. Оқу жылы басындағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты шешім қабылданады, – деді А.Ғиният. Мұның алдында елдің бас санитариялық-эпидемиологиялық дәрігері Айжан Есмағамбетова «эпидемиологиялық жағдайды ескерсек, жаппай оқытудың онлайн-форматына көшпейтін шығармыз. Былтыр бірнеше толқынын да көрдік. Әрине, 100 проценттік сеніммен айтуға болмайды. Барлығы инфекцияның таралу деңгейі мен нақты штамға байланысты болады», – деген болатын.
Әзірге елде коронавирус 2-3 мың аралығында анықталып жүр.

4 тамызда 2 579 жаңа жағдай тіркелді. Қарағанды облысында жаңа 375 жағдай анықталды. Облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті «ұжымдық иммунитетке» қол жеткізу үшін облыс тұрғындарының кемінде 70%-ы егілуі тиіс екенін алға тартады. Бүгінде облыс тұрғындарының 71,2%-ы, яғни, 726 876 адам вакцинацияның бірініш компонентін алды. Вакцинациялауға жататын контингенттің ара- сында екінші компонент алғандар – 66,5% немесе 679 325 адам егілді. Бұл жалпы халық санының 47,5%-ы. Былтырғы ревакцинация аясында 254 468 адам үшінші доза алды. Бұл – оған жататын халықтың 53,5%-ы. Биыл қайта басталған ревакцинация бойынша 24 907 адам егілді, бұл қамтылуы тиіс тұрғындардың – 50,5%-ы.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша бүгінгі күні республикада КВИ-ға қарсы вакцинамен ересек халықтың 80%-дан астамы немесе барлық халықтың 56%-дан астамы қамтылған. Ал, ревакцинацияны халықтың 68,0%-ы жасатқан.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button