Баспасөз мәслихаты

Оқу ақысы белгіленді

Мектеп тәмам. Енді жас түлек қолына құжатын алып, жоғары оқу орындарына аттанады. Ал, биылғы оқу ақысы қанша? Жатақхана жеткілікті ме? Биыл Қарағанды медицина университетінде жаңа жатақхананың құрылыс жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, оқу ақысы да біршама көтерілген. Бұл туралы Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың аппарат басшысы Серік ҚАЛҚАМАНОВ, Қарағанды медицина университеті ректорының міндетін атқарушы Анар ТҰРМҰХАМБЕТОВА, Қарағанды индустриялық университеті ректорының міндетін атқарушы Галина СИВЯКОВА өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде былтырғы оқу жылында бакалавриат, магистратура және PhD докторантураның саны – 13 693 адамды құрады. Ал, оқу ақысына келер болсақ, биылғы баға былтырғымен салыстырғанда І курс студенттері үшін 16,6%-ға өскен. Ал, ІІ-ІІІ курс студенттерінің оқу ақысы – 11%-ға, IV-V курстағылардікі – 15%-ға көтерілген. Сондай-ақ, магистранттар мен докторанттардың да оқу ақысына да қосылған.

Соған сәйкес университет қызметкерлерінің де жалақысы көтерілді. Профессорлық-оқытушы құраманың жалақысы орташа айлық есеппен 26%-ға, басқарушы және қызмет көрсетуші персонал қызметкерлерінікі 15%-ға өсті. Алдағы оқу жылында басқа да өзгерістер күтіледі. Білім беру бағдарламалары бойынша оқу ақысы 354 000-579 000 теңге аралығында белгіленген, – деді Серік Қарбайұлы.

Сондай-ақ, университетте коммерциялық негізде білім алушыларға оқу ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Түрлі байқаулардан топ жарған үздіктер мен ҰБТ-да жоғарғы көрсеткіш жинаған талапкерлерге, «Алтын белгі» иегерлеріне 10-20% аралығында жеңілдіктер қарастырылған. Және көпбалалы отбасылардан шыққандарға, мүгедектігі бар түлектерге – 10%, жетім және отбасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 50% жеңілдік қарастырылған. Тіпті, бөліп төлеу мүмкіндігі де бар.

Жатақхана мәселесі де назардан тыс қалмады. ҚарУ жатақханаларының күйі жақсы. Қазіргі уақытта балалар үйінің тәрбиеленушілері тұрады. Алдағы оқу жылында айлық төлемі 20 мың теңге болады деп жоспарлануда. Соңғы 3 жылда жатақхана бағасы өспегенін мәлімдеді. Сонымен қатар, биыл «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Оңтүстік өңірден келгендерден бөлек, Батыстан келіп, құжат тапсырған талапкерлер де бар екен. Алыстан келген студенттерді жатақханаға орналастырып, шәкіртақы тағайындау жұмыстары жүргізілуде.

Ал, Қарағанды индустриялық университеті түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету шараларын оңтайлы жүргізуде. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш 90%-ды құрап отыр. Ал, оқу ақысы жаңа оқу жылында 500 мың теңгеге дейін артып отыр.

Биыл баға көтерілді. Оған себеп, ғылыми және зертханалық жабдықтардың, оқу және ғылыми әдебиеттердің бағасы күрт өсті. Соған сәйкес оқытушылар мен қызметкерлердің де жалақысы көтерілді. Бірақ, бұл баға биылғы талапкерлер үшін. Оқуға былтыр түскен студенттер бұрынғы баға, яғни 191-400 мың теңге аралығында төлеп, оқуын жалғастыра береді, – деді Галина Александровна.

Аталмыш оқу орнына тиесілі 5 бірдей жатақхана бар. Биыл жаңа талапкерлерді аталмыш критерийлер бойынша жатақхана бөлу жұмыстары жүргізілуде. Ал, жаңа жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын.

Қазіргі уақытта Қарағанды медицина университетінде 7500 студент оқиды. Оның ішінде 3800-і ақылы, 470-і болашақ жұмыс берушілер есебінен білім алуда. Жаңа оқу жылында бұл оқу орнының оқу ақысы орта есеппен 2,7- 7,2%-ға арттыру жоспарлануда. І курс студенттері биыл ІІІ курсқа дейін 950 мың теңге төлейді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 25 мыңға артық. IV курста – 890 мың, V курста – 850 мың, VІ курста – 830 мың төлейді.

«Жалпы медицина» бағдарламасына жаңадан қабылданған студенттерге оқу құны 970 мың теңге мөлшерінде белгіленген. Зертханалық сабақтарға арналған оқулықтардың, қажетті материалдар мен симуляциялық оқытуға арналған тренажерлар, оқытушылардың жалақысы және ғимарат шығындары кіреді. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50% жеңілдік қарастырылған. Үздік студенттерге қолдау көрсету мақсатында жыл сайын университет ректорының стипендиясы тағайындалады, – деді Анар Ақылбекқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button