Ресми

Несие кəсіпті алға жылжытады

Елімізде кəсіпкерлерді қолдау артып келеді. Дегенмен, қандай бағдарламалар жүзеге асып жатқаны туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары ақсап тұр. Қарағанды облысының кəсіпкерлер палатасында өткен семинарға орта жəне шағын кəсіп иелері, екінші деңгейлі банк өкілдері жəне аймақтағы филиалдардың кеңесшілері онлайн қатысып, осы мəселелерді тілге тиек етіп қана қоймай, кəсіпкерлерге арналған арнайы бағдарламалар туралы ақпаратты ортаға салды.

– Біріншіден, бұл жиын – кəсіпкерлерге жəне кəсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға арналған семинар. Қажеттілікке байланысты əр тоқсан сайын өткіземіз. Өйткені, бағдарламаларға өзгеріс енгізіліп тұрады. Оны біреу білсе, екіншісіне жетпей жатады. Сондықтан ақпарат алу осы алаңда еркін түрде өтеді. Бүгінде бұл жаңашылдықтарды халыққа жеткізетін 12 филиалымызда кеңесшілер бар, – деді Қарағанды облысы кəсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Қалиев.

Семинарға қатысқандар мемлекеттік бағдар ламалар туралы қанықты. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» Қарағанды филиалы несие бөлімінің басшысы Қаныш Серікұлының айтуынша, биыл стартап ретінде жүргізілген жастарға арналған несие бойынша қаржы толық игерілген.

– 2023 жылға арналған 2,5 пайызбен берілген 1 млрд. 620 миллион теңге игерілді. Бұл несие жаңа кəсіп ашқан жастарға 5 жыл, ал, ауыл шаруашылығындағы мақсатта алғандарға 7 жылға берілді. Келесі 2024 жылға 1,7 млрд. теңге қарастырып отырмыз. Айта кетеріміз, міндетті түрде кепілзат болуы керек. Биыл қаржыландыру кеш басталды. Яғни, наурыз-сəуір айларында. Келесі жылы қаңтар айынан қолға аламыз деген жоспарымыз бар. Сондықтан жас кəсіпкерлер ертерек қамданғаны дұрыс. Несиені кез келген бағытқа алуға болады. Кірпіш құямын, наубайхана ашамын, монша саламын деген ниетімен қатар бизнес жоспары болса болды. Биыл бұл бағдарламаға бір аудандар белсенді қатысса, кейбірі құлшыныс танытпады, – дейді ол.

Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы», «Кең дала», «Агробизнес» жəне «Іскер» бағдарламаларын жүзеге асыруда. «Кең дала» бағдарламасымен несие егістік жерлерді игеруге беріледі. Бұл жобаға арналған қаражат 2024 жылдан бастап, несие серіктестіктері арқылы беріледі. «Агробизнес» шаруа қожалықтарына қолдауға несие береді. Ол үшін сізде жер телімі, жайылымдық алқап, мал ұстайтын орын жəне де кепілзат болуы міндетті. Сізге бұл несиеге техника, төрт түлік мал алуыңызға да рұқсат. Бағдарламамен берілетін несие 22 пайыз болса, оның 16 пайызы Үкімет тарапынан субсидияланады. Төлеу мерзімі – 10 жыл.

– «Іскер» бағдарламасы бойынша биылға бөлінген қаражатты толық игердік. Бұл жоба «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы жəне «Сарыарқа» АЭА арқылы жүзеге асты. Несие 6 пайызбен берілді. Келесі жылы бұл бағдарлама бойынша қаражат бөлінер-бөлінбесі белгісіз, оны қосымша хабарлаймыз, – дейді «Аграрлық несие корпораци ясының» өкілі.

Басты мақсаты кəсіпкерлерді қаржылай қолдайтын «Бəйтерек» холдингіне қарасты «Даму» қорының да бағдарламалары көңілге қонымды. Бұл туралы қордың бас менеджері Құралай Əбілдина айтып берді.

– Бүгінде еліміз бойынша «Даму» қорының 20 бөлімшесі бар. Соның бірі Қарағанды қаласында. Қордың мақсаты – шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту. 2023 жылы 619 жоба 28,9 млрд. теңге несие алды. Несиелерді кепілдендіру үшін 341 жобаға 5 млрд. теңге бөлінді. Қосымша банктермен шағын жəне орта бизнесті қаржыландыратын «Кəсіпкер» бағдарламасына 21 жоба үшін 55 млн. теңге берілді, – дейді ол.

Бүгінде «Даму» қоры «Кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021- 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында жұмыстар атқаруда.

Сонымен қатар, семинарға қатысушылар «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қорының серіктестері «Jusan» жəне «Freedom» банктері өкілдерінен «Қалай жəне қандай мақсатта несие алуға болады?» деген сұраққа жауап алды.

Əдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button