Өнер мектебі – Өрендерге
Қазақ өнерінің қайнар бастауларының бірі – Арқа даласында өнерге деген жауапкершілік жоғары. Киелі сахнада кім болса, соған орын жоқ. Қарағандыда осыны мақсат тұтқан «Кәусар» өнер мектебі ашылды.
Қазір фонограмманы малданып, қазақ сахнасында қаптап жүрген «жасанды бұлбұлдар» арасында қарағандылықтардың азы да содан, яғни, мұнда өнерге деген жауапкершіліктің жоғарылығынан шығар деген ой келеді кейде. Тұлғаның өскен ортасы арзан өнердегі жеңілтектікке жол бермеуі керек сияқты. Осы орайда, арнайы өнер мектептері, колледждерге түсе алмай қалғанымен, өнерге таласы бар жасөспірімдерге жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін «Кәусар» мектебі үлкен мүмкіндік. Қарағанды өнер ортасына өз үлесін қосады деген үмітімізде жоқ емес. Шешендік өнер, актерлік шеберлік, сахна тілі, сахна сымбаты, хореография, вокал сабақтары өтетін мұнда 10-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары, сондай-ақ, 16-36 жас аралығындағылар да өнерін ұштауына болады. Бір топқа 20 бала қабылдайды. Кеншілер мәдениет сарайы шығармашылық жөніндегі басшының орынбасары, «Кәусар» өнер мектебінің директоры Эльмира Орынбаеваның айтуынша, мектептің оқу мерзімі – 5 ай. Сабақ аптасына 3 рет (мектеп оқушылары (18.00-20.00 сағатта) және ересектер арасында (19.00-21.00 сағатта) өтеді. Бітірушілерге арнайы сертификат беріледі. Шеберлік сабақтары, өлеңді дыбыстық таспаға жазу, қысқа метражды бейнебаян түсіру өз алдына, мектепте ақын-жазушы, актер, әншілермен кездесулер ұйымдастырылады. 5 айдың ішінде балаларға арналған спектакль қойылады, би және баланың ықыласына қарай ән үйретіледі. Бастысы, талапкер Қарағандыда және басқа да қалаларда өтетін әдеби-мәдени кештерге, сайыстарға қатысуға мүмкіндік алады.
Мектептің шығармашылық жөніндегі көркемдік жетекшісі – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, ҚР Мәдениет қайраткері Бекмұхаммет Киікбаев «Актер шеберлігі мен сахна тілі» сабақтарын оқытады. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Мұқағали Әбішев «Сахна қозғалысы» сабағын жүргізсе, «Кәусар» өнер мектебінің директоры Эльмира Сайлауқызы сахна тілі мен шешендік өнерге баулу, поэзия оқу, ұйымдастырушылық қасиеттерін шыңдау, кеш жүргізушілерін дайындауға бейімдейді. Ал, мектептің көркемдік жетекшісі – республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының жауапты хатшысы, жазушы Алмаз Мырзахмет талапкер жастардың облыс көлемінде өтетін кештерге, сан алуан сайыстарға қатысу жағын ұйымдастырады. Мектеп бағдарламасына қосалқы «Сахна сымбаты мен хореография» сабағын биші Аңсарым Аманжолова, вокал сабақтарын Іңкәр Мартбекқызы жүргізеді. Мектеп Гапеев-9/2, 47 мекенжайында орналасқан.
Эльмира ОРЫНБАЕВА, «Кәусар» өнер мектебінің директоры:
– Талапкер жас мектепке қабылдану үшін сауалнамаға жауап береді, оның қоғамдағы белсенділігі мен өмірге деген көзқарасын, ой-өрісін анықтау үшін әртүрлі сұрақтар қойылады. Шығармашылық тапсырма беріледі. Ата-ана ниеттеніп, бала бойынан қызығушылық байқалмаса, оқуға қабылдай алмаймыз. Ата-ана мен мектеп арасында келісім-шарт жасалады.
Жәнібек ӘЛИМАН