Неміс тілін үйрену – маңызды
Қазіргі таңда неміс тілін оқыту кемшін. Сонау Гете, Гейне мен Шиллердің тілін білім мен ғылымнан сусындау үшін неге үйренбеске? Бұл тіл әлемнің бірқатар елдерінде сұранысқа ие.
Еуропалық одақтың ішінде көптеген ел ағылшын тілінен кейін шет тілі ретінде неміс тілін қолданады және саны бойынша екінші орында. Мұндай тіл ешқашан әлсіремейді, өйткені, ол тек ауызекі ғана емес, сонымен бірге, неміс тілі – ғылым, сауда, технология тілі.
Еуропада неміс тілі бірқатар ұлттар үшін ана тілі болып есептеледі. Германияда 83 миллион адам тұрады. Неміс тілін үйрену бүкіл әлемдегі 120 миллион неміс тілділермен байланыстырады. Сондықтан, көптеген адамдар неміс тілін екінші тіл ретінде үйренеді. Бұл әлемдегі ең танымал үшінші тіл, ал, Еуропа мен Жапонияда екінші тіл болып тұр.
Неміс экономикасы әлемде үшінші орында және Еуропалық одақтың экономикалық өзегі. Германия – экспорт бойынша әлемде көш бастап тұр. Азық-түлік өнімдерін, автокөлік пен өнеркәсіптік жабдықтарды, дәрі-дәрмектерден бастап, тұрмыстық тауарларға дейін неміс кәсіпкерлері шет елдерге сатып, пайдаға кенеліп отыр. Бұл тұрғыда да неміс тілі маңызды рөл атқаруда. Неміс өнімдерінің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі мен танымалдығы саудадан көрінеді және жыл сайын өсуде.
Тағы бір неміс тілінде сөйлейтін ел – Швейцария. Әлемдегі ең жоғары өмір сүру деңгейінде.
Неміс тілін білу бизнесті дамытуға да мол мүмкіндік береді. Германияның мықты экономикасы неміс тілінде сөйлейтін адамдар үшін бизнесте жақсы мүмкіндіктерді ұсынады. Еуропалық одақтың ішінде және Шығыс Еуропа елдерінде халықаралық іскерлік ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер бар, мұнда неміс тілі орыс тілінен кейінгі екінші жиі қолданылатын тіл. Экономикасы әлемде екінші орында тұрған жапондықтар неміс тілін білудің бизнесте қандай пайда әкелетінін түсінеді. Жапон студенттерінің 68%-ы неміс тілін дәстүрлі түрде үйренеді.
Егер, Сіз АҚШ-та жұмысқа орналасқыңыз келсе, неміс тілін білу Сізге үлкен артықшылықтар береді. Неміс компаниялары АҚШ-та 700 000 жұмыс орнын ұсынады. Ал, АҚШ компанияларында Германиядағымен шамамен бірдей жұмыс орындары бар. Басқа шарттар тең болған жағдайда, неміс тілін білетін үміткер бос тұрған лауазымға міндетті түрде бәсекелесінен гөрі басымдыққа ие. АҚШ-тағы сауалнамаға қатысқан компаниялардың көпшілігі неміс тілін білетін білікті мамандарды жиі таңдайды.
Философия мен ғылымды неміс авторларының үлесінсіз де елестету қиын. Кант, Гегель, Маркс, Ницше және басқалардың философиясы қазіргі қоғамға әлі де зор сұранысқа ие. Психологтар Фрейд пен Юнг адамның мінез-құлқын түсіндіру тәсілін түбегейлі өзгерткен ғалымдар. Неміс тілінде сөйлейтін үш елдің ғалымдары физика, химия және медицина бойынша ондаған Нобель сыйлығын алған. Неміс тілін білу Сізге осы адамдардың туындыларына ана тілінде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, олар сол елдердің мәдениетін толық түсінеді. Осы білім салаларына қызығушылық танытқандардың барлығы автоматты түрде неміс тілін меңгеру арқылы білімдерін кеңейтуге және дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады.
Неміс тілін білу көптеген жоғары білім беру бағдарламалары мен стипендиялық бағдарламаларға да қажетті тіл ретінде ұсынылады. Германия жыл сайын тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысатын 60 000-нан астам адамға қаржылық қолдау көрсетеді.
Қазақстанда неміс тілін үйренудің ежелден келе жатқан дәстүрі бар. Үштілділіктің енгізілуімен оны республиканың мектептері мен жоғары оқу орындарында оқыту іс жүзінде тоқтады. Біз неміс тілінің баяғыша кең түрде оқытылғанын қалаймыз. Неміс тілін насихаттаумен және дамытумен айналысатын барлық ұйымдарды бір жерге шоғырландыру, бірыңғай тұжырымдаманы әзірлеудің маңыздылығы, осы мәселені өзектендіру және кейіннен іске асыру ауадай қажет.
Егер, оқу орындарында неміс тілін оқыту құрдымға кетсе, біз оны үйренудің көпжылдық дәстүрін біржола жоғалтамыз. Біз білетіндей, өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында Қазақстанда неміс тілін оқыту белсенді түрде дами бастады. Бірте-бірте әдістемелік база жинақталды, содан кейін материалдық-техникалық база құрылды. Егер, 2000 жылдарға дейін Қазақстанда жарты миллионнан астам оқушы неміс тілін оқыған болса, содан кейін келесі жылдары үш тілді оқыту жүйесіне көшу кезінде Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында неміс тілін оқыту тұрақты түрде төмендеді. Неміс тілі іс жүзінде бағдарламадан алынды. Қазақстанда неміс тілін оқытуды қайта қолға алу қажет. Мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарында да міндетті шет тілі ретінде оқытылуы керек.
Ләззат ЖҰМАҚАНОВА,
Назым ӘЛІБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің шетел тілдер кафедрасының аға оқытушылары.