Жаңалықтар

Найзадай өткір – Нар Кемпірбай

Ел арасында «Нар Кемпірбай» атанып кеткен атақты ақын Кемпірбай Бөгембайұлының есімі асқақ. Әйгілі жыр сүлейлері Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай ақындармен болған айтыстарымен танымал Кемпірбай көп жылдар елеусіз де ескерусіз қалып еді. Бірақ, айтыс өнерінің жарқын өкілі, ел ақынының мол мұрасы жылдар тасасында қалғанымен, халық жадынан біржола өшкен жоқ.

Заман өзгеріп, уақыттың беталысы ұлт пайдасына қарай ойысқаннан кейін, өзгеше өріс тапқан жаңа өмірде Кемпірбай ақын елімен қайта қауышты. Жуырда ғана Тәттімбет округі Арқалық ауылында ақынға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Айтулы шара ауылдық округтің әкімі Ербол Жоламанның алғы сөзімен ашылды. Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Мұрат Нұрақышевқа ауыл атынан алғысын білдірді.

«Арқалық тауларының баурайында туыпөскен даңқты жерлесіміз, қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орны бар дүлдүл ақын, ХІХ ғасырда ерекше дамыған айтыс өнерінің ақтаңгері Кемпірбай Бөгембайұлына! (1834- 1895). Мемориалдық тақта – ұрпақтарынан» деген жазу бар екен. «Өлгенім жанып, өшкенім жанды» дегізетін ұрпақ парызының орындалуы уақытымен кешіксе де, бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ата жолын дәріптеуге ұмтылған игі ниеттің ұштасқанын көрдік. Осы күні «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Рымбек Смағұловтың Кемпірбай ақынның өмірі мен шығармашылығына кең шолу жасап, саналарда сәл көмескі тартқан деректерді жеткізді.

Сондай-ақ, Мұрат Шәуенұлы болса, ұлттық болмысты құрайтын генеологиялық код жайлы, адамның тегін құрайтын тіл, діл, дін сияқты белгілердің қасиетіне тоқталды. Осы орайда, тақтаның мәтіндік мазмұнын жасауға көмектескен Рымбек Смағұлұлына алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Айрықтан арнайы келген Қанат Рахимов, ауыл ардагерлері Мұрат Өмірбаев, Совет Смағұловтар құттықтау сөз сөйледі. Ауыл әкімі бастаған азаматтар мен жергілікті тұрғындар Мұрат Шәуенұлы мен жұбайы Сәуле жеңгеміздің иықтарына шапан мен камзол жапса, ардагер Мұрат Өмірбаев ат мінгізді.

Шырайлы шарада емен-жарқын кездесулер ұйымдастырылып, әсем ән шырқалып, ғасырдан астам уақыт өтсе де, Кемпірбай ақынның жұлдызы қайта жанғандай болды.

А.СӘУЛЕБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button