Жаңалықтар

Н.Гоголь кітапханасы Жеңістің 75 жылдығына арналған байқау өткізеді

Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Жеңістің өшпес жарығы» байқауын өткізеді. Оған қатысуға өтінімдер 26 сәуірге дейін қабылданады.

18-29 жас аралығындағы жастар шығармашылық сайысқа өз өлеңдерін, эсселері мен бейнероликтерін ұсынып, бақ сынай алады. Жеңімпаздарға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ақшалай сыйлықтары мен арнайы дипломдары табысталады.
Байқау үш номинациядан тұрады:

1. «Біз соғыс туралы өлең айтамыз» поэтикалық байқауына Жеңістің 75 жылдығына (ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлік тақырыбы) арналған өлеңдер және азаматтық, лирикалық жанрдағы үш туынды ұсынылуы тиіс. Олар бұрын баспа немесе электрондық БАҚ-та жарияланбаған және басқа байқауларға қатыспаған болуы шарт. Өлеңдерді 4 шрифтпен Times New Roman басылған Microsoft Word құжат форматында info@karlib.kz электрондық поштасына жіберу керек. Ал, хатта «Жеңістің өшпес жарығы» байқауына «Мүшәйра» деген белгі қою қажет.

2. «Соғыс туралы жазарым әлі де бар…» – Жеңістің 75 жылдығы тақырыбындағы эссе  (Ұлы Отан соғысына арналған облыстың батырлары немесе тыл еңбеккерлері, ескерткіштері мен алаңдары, тарихи орындары жайлы) байқауы. Құжаттарды рәсімдеуге және жіберуге қойылатын талаптар бірдей, тек, хатқа деген белгіде «Жеңістің өшпес жарығы» «Эссе» деп көрсету қажет. Шығарманың көлемі – А4 форматында бір жарым беттен үш бетке дейін. Қазылар алқасы эссені екі кезеңмен қабылдайды. 5-ші мамырдағы екінші турда, ұсынылған үш тақырыптың біріне қолма-қол 250-300 сөзден тұратын эссе жазу керек. Қазылар алқасы шығармалардың әдеби-көркемдік сапасына, сауаттылығына назар аударады.

3. «Соғыс. Жеңіс. Естелік» – Жеңістің 75 жылдығы тақырыбына арналған бейнероликтер (Ұлы Отан соғысына арналған Қарағанды облысының батырлары немесе тыл еңбеккерлері, ескерткіштер мен алаңдар, тарихи орындары туралы) байқауы. Поэтикалық номинация сияқты, мұнда да бейнероликтер бұрын жарияланбаған және байқауларға қатыспаған болуы тиіс. Роликтің жанры автормен анықталады. Бұл – сұхбат, репортаж, музыкалық, деректі немесе өмірбаяндық бейне, поэтикалық этюд болуы мүмкін. Жұмыста фотосуреттерді пайдалануға болады. Бейне ұзақтығы 5-10 минуттан аспауы тиіс. Топтық жұмыстар да қабылданады. Дыбысталу тілі – орыс немесе қазақ. Қатысушы байқаудың барлық талаптары мен шарттарын орындай отырып, бейнероликті instagram немесе Facebook және басқа да платформаларда #karlib, #jenis75krg, #pobeda75krg, #qaharmankrg, #erlikkrg хэштегтерін пайдаланып жариялауы тиіс.

Сондай-ақ, қатысушы өз ролигінде karlib.kz кітапхана сайтында орналасқан арнайы заставканы пайдалануы керек. Құжаттарды ресімдеуге және жіберуге қойылатын талаптар да сол сияқты, тек, хатқа деген белгіде «Жеңістің өшпес жарығы» «Бейнеролик» деп көрсету қажет.

Жұмыстар 26 сәуір күні сағат 18.00-ге дейін қабылданады, ал, бейнероликтер 26 сәуір күні түн ортасына дейін жариялануы тиіс.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, қатысушы, өз қабілетін тек бір номинация бойынша сынап көре алады.
Жеңімпаздар 5 мамыр күні салтанатты түрде өтетін марапаттау рәсіміне  шақырылады. Жүлде қоры әр бөлімде 1 орын үшін – 100 мың теңге, II орын үшін – 75 мың теңге, III орын үшін – 50 мың теңге. Гран-при – 150 мың теңге. 15 мың теңгеден екі ынталандыру сыйлығы қарастырылған.

Байқау шарттарымен толығырақ Н.В.Гоголь атындағы кітапхананың karlib.kz сайтынан танысуға болады. Сол жерде қатысуға өтінім үлгісі де орналастырылған.

Басқа материалдар

Back to top button