АймақБас тақырыпҚарағанды

Ән қанатындағы Қарағанды

Арқаның ақбоз үйі атанған Кеншілер мәдениет сарайының қасиетті сахнасында «Қазыналы өлке – Қарағанды» атты гала-концерті өтті. Көпшіліктің көңілін серпілткен мәдени шара Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейто­йына арналды. Нұрлан Өнербаев, Ерлан Көкеев, Марат Бекішев, Мәди Сыздықов сынды өнер майталмандары да кештің көркін қыздырды. Екі сағатқа созылған кеш қара орман халыққа естен кетпес әсер сыйлады.

Сурет ұйымдастырушылардікі

Кеншілер астанасының тағылымды тарихы мен бай мәдени мұрасына арналған көркем кеш қала әкімдігінің, жергілікті өнер ұжымдары мен әртістердің жан-жақты қолдауымен ұйымдастырылып, өнер иелері мен зиялы қауымға, қала жұртшылығына ерек мерекелік көңіл күй сыйлады.

Концерт бағдарламасы ұсынылған жанр әралуандылығымен, тартымдылығымен, сапасымен таңырқатты. Жүргізушілер Айтжан Мусин, Мейрамгүл Кәріпжанова, Гүлнұр Жәкен және Аян Аманбаев көрермендерін қуаныш пен шаттық әлеміне енгізгендей, шоу форматында шараны шебер тізгіндеді.

Орындаушылар қатарында кәнігі, кәсіби әртістер де, жас таланттар да бір сапта болды. Олар көзайым жұртшылыққа вокалдық композициялардан бастап, түрлі би қойылымдарына дейінгі әртүрлі номерлер ұсынды. «Жас толқын» балалар ұжымы, «Кәусар» вокалдық дуэті мен Әсел Қарабаеваның вокалдық студиясын ерекше атап өткен жөн.

Һас шеберлік пен терең түсінікпен орындалған классикалық шығармалар да залдағы жанды бейжай қалдырмады. Көрермендер «Қарағанды вальсі», «Қарағандым», «Таңғы қала» атты әндерінің қайырмасы сағынған тыңдарманының мейірін қандырды.

«Қазыналы өлке – Қарағанды» гала-концерті әр көрерменіне көл-көсір қуаныш пен шалқар шабыт сыйлап қана қоймай, тарихы қатпарлы аймақтың мәдени өміріндегі естен кетпес жарқын оқиғаға айналды. Көркем шығармашылықтың жан тербетер әсемдігі, сан қилы реңкі бұқара жұртына ғанибет алуға, сондай-ақ, туған қаласының мәдени қазынасына, шексіз рухани байлығына тағы бір мәрте көз жеткізуге, өзіндік ой тұжыруына тың мүмкіндік ұсынды. Шара соңы қала күніне арналған лазерлік шоуға ұласты. Еске салып өтелік, жыл соңына дейін осы сынды түрлі форматтағы жүзге тарта мерекелік шара өтеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button