Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандылық оқушылар шахта қауіпсіздігі жобасымен халықаралық байқауға жолдама алды

Қарағандыдағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының төрт оқушысы Technovation Girls халықаралық IT-жобалар байқауының финалына өтті. Asian Sharks командасы SAMRUQ.AI жобасымен Senior Division санатында Қазақстанның жалғыз өкілі атанды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Оқушылар әзірлеген жоба жерасты шахталарындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. SAMRUQ.AI датчиктер, сымсыз байланыс, цифрлық платформа және жасанды интеллект арқылы шахтадағы микроклиматты, түтін мен дірілді бақылап, қауіп деңгейін бағалайды. Жүйе ақпаратты диспетчерге жедел жеткізіп, шахтаға кірген және шыққан адамдарды автоматты түрде санайды.

– Қолданыстағы қауіпсіздік жүйелерін зерттей келе, бірнеше мәселенің бар екенін анықтадық. Олардың көпшілігі апат болғаннан кейін ғана әрекет етеді, сондай-ақ опырылу немесе жарылыс кезінде зақымдалуы мүмкін кабельдік байланысқа тәуелді. Бұған қоса, мұндай жүйелердің құны 2 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Ал адамдарды қолмен түгендеуге 45 минутқа дейін уақыт кетеді, әрі дабылдардың бір бөлігі жалған болып шығады. Біз қауіп-қатерді алдын ала бағалауды, деректерді сымсыз беруді, адамдарды автоматты түрде санауды және жалған сигналдарды сүзгіден өткізуді бір жүйеге біріктіргіміз келді. SAMRUQ.AI осылай пайда болды, – дейді команда капитаны Айша Орынбасар

Прототип 350-ден астам сынақтан өтіп, Қарағандыдағы жерасты оқу шахталарында екі рет тексерілген. Команда капитаны Айша Орынбасардың айтуынша, жоба қауіп-қатерді алдын ала бағалау, деректерді сымсыз беру және жалған сигналдарды сүзу мәселелерін бір жүйеге біріктіру үшін әзірленген.

Биылғы байқауға 130 елден 12 мыңнан астам қыз бала қатысты. Әлемдік финалға 15 команда жолдама алды. Asian Sharks соңғы сегіз жылда Senior Division санатында финалға шыққан Қазақстанның алғашқы командасы атанды.

Қазақстанда Technovation Girls бағдарламасы 2016 жылдан бері KINERGY қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып келеді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button