Басты тақырыпРухани жаңғыру

Әміренің өзіндей, Жүсіпбектің көзіндей…

       Әміренің өзіндей, Жүсіпбектің көзіндей боп сахнада отырған Сержан Мұсайынды ән демесіңе болмайды. Ән сертіне жеткен концертіне тамам Арқа Кеншілер мәдениет сарайына жиылғанда, алдынан «Сұржекеймен» неге өтпесін?! «Бүлкілдер әнге салсам көмекейім…» деп кештің аты әйгілеп тұрған жоқ па?! Сонымен, сол күні жазушы Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, ән де – Сержан, Сержан да – әнге айналды.

Қазақта ән қалай басталушы еді өзі?

«Мінгенім менің дәйім Сұржекейім,

Бүлкілдер әнге салсам, көмекейім.

Кіші  іні, үлкен аға бас қосқанда,

Алдында Сұржекеймен бір кетейін…» демей ме әсерлеп?! Кіші іні десе – жасампаз жастар, үлкен аға десе төрде – облыс әкімі Ерлан Қошанов пен Рымбала Омарбекова, Серік Ақсұңқарұлы бар. Ән алыбы Қайрат Байбосынов отыр. Сахна деген айдынға әнші шыққан жоқ, Сержан әуелеген дауыс боп қонды. Аққудай сырғып, «Сұржекеймен» бір қылаң берді де, «Екі жиреннің» бірін мініп, бірін жетектеп өтті. «Екі жирен, Жалын түйген… Жалғанда ғашығымсың, Жаным сүйген…» деп бір тыныстағанда, төрге Тілеген жырау шақыртылды. Тілімен тас жарып, тау қопарған Тілеген Әділов айдан, күннен арнайы алдырғандай әшекейлі лебізімен Сержан әншіні әйгіледі, әнді әйгіледі. Зал қалт тына қап, қошеметтен қайта жарылды. «Сұржекей» мен «Екі жиреннен» соң мынандай сөз естіген ел баса-көктеп кеткен жоқ қайта?!

Әлихан Бөкейханның ән-күйге қатысты айтатыны еске түсті еріксіз. «Әннің, күйдің құдіреті сол, оны тыңдап отырған адам әуелгі қалыбынан өзгеріп шыға келеді. Түр-тұлғасы басқа күйде көрініп, тіпті, оқыстан дауыс шығарып, қол-аяғын қозғалтуы бек мүмкін» деген мағынада. Жыраудың әлгі сөзінен кейін сахнаға Біржан салдың «Айтпайымен» шыққан Сержан әншіні халық көтеріп әкетердей қошеметке бөледі. Бебеулеген үнге «беу-беулеген» дауыстар қосылып, сайын дала театрының сал дәурені елес берді. Мың жыл бұрын осылай ән салып, сал-серісіне таңырқап отырған қазақ әлі солай талантын қадірлеп келеді. Сал-серіліктің алғышарты әншілікті мәпелеген Сержандар бар да, ұлттық өнеріміз биіктей береді, ендеше. Ұлттық тамырдан нәр алған ел жоғалсын ба тарих бетінен? Қазақтың жаны – осы домбырамен айтқан ән мен күйінде! Оны ұстаушы Сержан сияқты талантты ұлдардың арқасы мен түйсігінде.

Әсет пен Әміренің шыны даусын Алла, меніңше, Сержанға қондырған. Шығармашылық кеші барысында шырқағандарының бәрі кілең биік диапазон мен кең тынысты талап ететін әндер. Біржанның «Айтпайы» мен «Сырғақтысын», Сейітжан салдың «Қанатталдысы» мен Молдабайдың әнін бірінен соң бірін асқақтата салды. Бауыры жазық тұлпар, қанаты берік сұңқар деп осыны айт! Осындай әндерді шарықтатқан асқақ үннің шырқауынан соң, кештің құрметті қонағы, Алаш ән өнерінің академигі Қайрат Байбосынов сөйлеп кетеді ғой.

«Құрметті ағайын-туысқандар! Бұл сахна – киелі сахна. 1953 жылы тура осы сахнада менің әкем қобыз тартқан екен. 1964 жылы Қали Байжанов отырды ортада, сол кісінің алдында мен ән салдым. Бұл жерде небір жайсаңдар, небір дүлдүлдер, небір тұлпарлар өнер көрсеткен. Ал, енді, мына Сержан баламыздың концертін арнайы келіп, көріп отырмын. Көңілім толып отыр. Алтынды шыққан жерден қаз дейді. Сержан киелі, текті топырақтан. Тұяқ қалмауы мүмкін емес. Қандай әнші екенін өздеріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Өнерімен өрге жүзе берсін. Елдің рухы түспесін қырық жыл қырғын өткерсе де біздің ата-бабаларымыз жылауық ән айтқан емес. Керісінше, өзін-өзі қайрап, асқақтатып ән салған елміз ғой. Оның бірден-бір дәлелі – осы Сержан салған әндер. Сондықтан, даусы талмасын. Қазір нағыз ән шырқап, халыққа көрінетін дер шағы, тұлпар кезі. Самғай бер!».

Қазақ ән өнеріне құлағы түрік ел таспадағы Әміре Қашаубаев даусын естіген болар. Әсіресе, біздің есте қалғаны – Ақан серінің «Балқадишасын» шырқағаны. Осы жолы Сержан әнші «Балқадишаны» салғанда Әміре атамыз тіріліп келгендей көрінді. «Дударайды» да дәл солай шырқап шырқап салды. Жүсіпбек Аймауытов «Әнші» әңгімесінде Әміре жайлы «Ол ән салып отырғанда, әннің өзіне айналып кетеді» дегеніндей жайға біз де көмілдік осы жолы.

Сержан Мұсайын ән кеші деп сонау Алматыдан келген Клара Төленбайдың даусы тіптен ғажап еді… Сержан мен Дәуренбек салған Мүбәрак Салықовтың «Сарыарқасы» қандай?! Шымылдықты толқын аттырды да тұрды. Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрімен қосылып, Алтын Мұсайын Кенжебек Күмісбектің шығармашылығын қобызда ойнады. Сондай-ақ, Сержан аға да оркестрмен біраз ән орындап, концертін аяқтады.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button