Қарқаралы

Мешіт құрылысы басталды

    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап көрсеткен еді. Осы орайда, белді кәсіпкер Айдын МЕЗГІЛБАЕВ өзінің туған жерінде руханияттың ордасы – жаңа мешіттің құрылысын бастап кетті.

Бірнеше ұлт пен ұлыстың басын қосып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміз – демократиялық құндылықтарға негізделген зайырлы мемлекет. Осындай елімізде ұлтаралық, конфессияаралық және қоғамдық келісімді негізге ала отырып, ұрпақтың жарқын болашағына арналған келелі істер атқарылуда. Соның бірі тарихы тереңнен сыр шертетін қасиетті Қарқаралы өңірінде Алланың жердегі үйі бой көтермек. Қаланың кіреберісінде алғаш қазығы қазылған рухани шарада Қарағанды облыстық орталық мешітінің наиб имамы Дархан қажы Кәрсембай мешіт салу – аса сауапты іс екендігін айтып, осы бір игі бастаманы қолға алғалы отырған азаматтың ісіне ризашылығын білдіріп, облыс имамы Өмірзақ Бекқожаның ыстық ықыласын жеткізді.

«Егемен еліміздің болашағы баянды, халқымыздың ниеті берекелі тірлікке ұласып жатса, туған жеріңе туың тік демекші, әр азамат туған жерін көркейтуге шын пейілімен атсалысса нұр үстіне нұр болады»,– деді Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Асқар Қуатбеков. Ауданның рухани тыныс-тіршілігінде орын алған аталмыш маңызды шараның рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Мейірлан Сәдуақасов, ауданның құрметті ардагерлері Әзімбек Кәрімов, Әлиасқар Әбеуов, Қанат Рахимов, аудандық мәслихаттың депутаты Қанат Дүйсембаев туған елінің игілігі үшін іргелі іс жасауға бет бұрған кәсіпкер жерлесіміз «Темірзат» ЖШС басшысы Айдын Мезгілбаевқа алғыстарын жеткізді. Қалың жамағат қатысуымен болған имандылық шарада жаңа мешіттің қазығы қағылып, құран оқылды. Ақсарбас айтылып, құрбандық та шалынды.

«Жалпы, мешіт пен асханасы, сыртқы абаттандыру жұмыстарын жасауға шамамен 200 млн. теңге көлемінде қаражат керек. Алланың үйінде, бір мезетте төрт жүз адам сәждеге бас қойып, ғибадат етуге мүмкіндік тумақ. Мешіттің сызбасын шымкенттік кәсіпкер бізге тегін жасап берді. Алла қаласа келесі жылы ораза айының алдында ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Құрылыстың сапасы үнемі бақылауда болады»,– дейді, мешіттің бой көтеруіне басты демеуші болып отырған Айдын Мезгілбаев.

Айта кетейік, ізгілікті іс жасап жатқан кәсіпкер азаматтың бастамасын қолдайтын адамдарға арнайы қор да ашылды. Туған жерінің көркеюіне сүбелі үлес қосқалы отырған кәсіпкер азаматтың ісіне береке тіледік.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button