Жаңалықтар

МЕРЕЙТОЙ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

       Ардақты Мағауия Сембай бауырым, «Орталық Қазақстан» газетінің бүгінгі ұжымы және бүткіл оқырман қауымы!
Сіздерді атаулы газетіміздің 85 жылдық мерекесімен  құттықтаймын! Ескілікті жазбаларда айтылатындай, алыс жерден, жақын көңілден, игілікті жұмыстарыңызда жаңа табыстарға жете  берулеріңізге, жеке өмір, отбасында тіршілікте тек қана жақсылық көруге ағалық, ақсақалдық бата-тілегімді білдіремін!
85 жыл! Бұл деген – «Орталық Қазақстан» газеті ХХ ғасырдағы Қазақ елімен бірге жасады, ХХІ ғасырды да өз елегінен өткізіп жатыр деген сөз. Шындығында да, облыстық қана емес, республикалық деңгейдегі Орталық газет үнемі Қазақстан баспасөзінің алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Ақпараттық қана емес, танымдық сыпаты да зор, халқымызды ұлттық рух, отаншылық сезім, имандылық қағидалар тұрғысынан тәрбиелеуде елеулі қызмет атқарып отырған өзгеше басылым. Менің жазушы ретінде жаңа бастаған кезімде төтеден қолдау көрсеткені өз алдына, күні бүгінге дейін насихаттап жатқан «Орталық Қазақстан» мен үшін айрықша ыстық. Бүгінде газетті жай ғана басқарып емес, үлкен биікте ұстап тұрған Мағауия Сембай алдағы уақытта да осы деңгейін сақтайды деп ойлаймын, бұл жағдай Мағаш бауырымның жеке басының іскерлік һәм шығармашылық қабілетіне ғана байланысты емес, «Орталық Қазақстанда» ежелден қалыптасқан озық дәстүр және газет ұжымының кемел білігі мен адал еңбегіне тікелей қатысты. Бүгінгі күні мерейлі газеттің әр кездегі басшылары мен журналистерін, оның ішінде мен жақсы таныған Рамазан Сағымбековты және аяулы досым, батыр-бағлан Нұрмахан Оразбековты қимас сағынышпен, алғыспен еске алайық! Бәріңіз де аман болыңыздар!

 

Мұхтар МАҒАУИН.
 ВАШИНГТОН, АҚШ. 30.09.2016.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button