Мерейтойға мерейлі іс

     Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына орай Ақтоғай ауданындағы Сарытерек ауылында ілкімді іс-шараның басы қайырылды. Айтары сол, ауылдағы Ж.Кеңесбаев атындағы мектеп ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен «Тәуелсіздіктің киесі де қазақ, иесі де қазақ» атты патриоттық әндер кеші өтті.

     Кештің ойдағыдай ұйымдастырылуына мектептің музыка пәнінің мұғалімі Мақтагүл Шалаханова ұйытқы болды. Патриоттық әндер шырқалып, ел егемендігі ұлықталған шараға аудан орталығындағы өнер мектебінің өкілдері, өзге ауылдардағы музыка саласының мамандары көрермен ретінде қатысып отырды.

      Шара мектеп директоры Нұргүл Құсайынованың кіріспе сөзімен ашылды.

Биыл еліміздің азаттық алғанына жиырма бес жыл толып отыр. Қазақстанның бүгінгі даму көрсеткіші осыдан ширек ғасыр бұрынғы тұрмысымызбен салыстыруға келмейді. Арадағы айырмашылық көзге айқын көрінеді. Бұл, әрине, тынбай еңбек ете білген халықтың бірлігінің жемісі, – деді мектеп директоры өз сөзінде.

     Шарада ұстаздар мен оқушылар бірге өнер көрсетті. Аудандық өнер мектебінің ұстазы, осы мектептің түлегі Дархан Жақыпов кешті әуенмен әрлеп отырды. Әсем әндер әуелеп, жауһар жырлар төгілді. Көрерменнің көкейіне ой салар қойылымдар сахналанды. Кеш қорытындысында жиналған жұрт өнерпаздардың жұмысына оң баға беріп тарқасты.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

АҚТОҒАЙ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.