«Мен көрген соғыс»
Ауған жерінен Совет әскерлерінің шығарылғанына 28 жыл толу қарсаңында Доскей ауылында ауыл әкімдігі, модельді кітапхана, Елтай орта мектебі, музыка мектептерінің бірлесе дайындаған «Мен көрген соғыс» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті.
Кездесуге Доскей ауылында тұратын 7 ауған соғысының ардагері және Қарағанды қаласының ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің «Ардагер» қоғамдық ұйымының төрағасы Т.Хасенов және ауған-тәжік шекарасы қақтығыстарының ардагерлер ұйымының төрағасы Н.Аяғановтар бастаған қонақтар қатысты. Игі шарада сөз алған ауыл әкімі Әнуар Мұратұлы ардагерлерді құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Соғыста қаза тапқандарды еске алу үшін 1 минуттық үнсіздік жариялағаннан кейін «Мен көрген соғыс» кітабы бойынша түсірілген Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың авторлық видеофильмі көрсетілді. Сонымен қатар, «Черный тюльпан», «Мы уходим» видеоларынан үзінділер ұсынылып ардагерлер, оқушылар мен көрермендермен сыр-сұхбат құрды. Қойылған сұрақтарға ардагерлер әрқайсысы жауап беріп, өз ойларын ортаға салды. Осы күні ардагер Еркін Искаков ауған тақырыбына жазылған авторлық әндерін айтып, көрермендер қошеметіне бөленді. Сонымен қоса, ұстаздар мен оқушылар оның ішінде тарих пәнінің ұстазы Серік Имашұлы, Д.Мейрамова, А.Саинова, Э.Ахметова, А.Әубәкірова, Ә.Дәулен, Ә.Сағымбай, К.Мейрам, А.Серғазы өнерлерін ортаға салды. Шараның екінші бөлімі жоғары сынып оқушылары арасында «Ән айтып сапта жүру» және әскери-спорттық эстафетадан жарысқа ұласты. Сондай-ақ, ардагерлер дөңгелек үстел басында өткен күннің естеліктерін айтып, аталмыш шараға мұрындық болғандарға ризашылықтарын білдірді.
Дариға БІЛӘЛОВА.
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.