Мемлекеттік қызметте – қанатқақты жобалар

Өткен жылы әлемнің едәуір бөлігі карантинде, өзін-өзі оқшаулау режимінде болған кезде сандық қызметтердің маңызы ерекше болды. Облыста мейлінше қысқа мерзімде жергілікті әзірлеушілер командасы бюджет қаражатын шығын етпей өнімдер мен медициналық препараттарды жеткізудің BA09.KZ бірыңғай ақпараттық сервисін және электрондық рұқсаттамаларды алудың Propusk.kz сервисін әзірледі.

Сандық қызметтердің ең танымал түрлерінің бірі – ерекше назар аударуға лайық BA09.KZ үйге тауарларды жеткізу қызметі. Аталмыш сервис қала тұрғындарына супермаркеттерден, дәріханалардан, мейрамханалар мен пиццериялардан тауарлардың үлкен ассортиментін ұсынды. Бұл ретте тұрғындар такси шақыруға, сондай-ақ ерікті болу үшін өтінім беруге мүмкіндік алды.

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты үйден шықпау ұсынылған тұста осы әзірлемелердің барлығы адам көп жиналатын жерлерге тұрғындардың баруын қысқартуға сеп болды.

Басты ауыртпалық бір жылдан астам жұмысын бастаған «Senim 109» қызметінің операторларына түсті.

Қызмет «бірыңғай фронт-офис» болды, оған азаматтар 24/7 режимінде облысымыздың кез келген жерінен қолда бар құрылғы немесе әлеуметтік желілер арқылы жүгініп, өз сұрақтарына жауап ала алады.

2020 жылдың 25 ақпанынан бастап байланыс орталығы тәулік бойғы жұмыс режиміне ауыстырылғанын айта кету керек. Наурыздан бастап «109» бірыңғай нөмірі жедел желілер тізіміне енгізілді. «Senim 109» қызметі – бүгінгі күні бүкіл өңірді қамтыған республикадағы жалғыз жоба. Бұл – облыстың 18 қаласы мен ауданы, халқының саны 1,3 млн. адамнан асатын 329 елдімекен.

«Senim 109» 50 коммуналдық қызмет мекемесімен, 279 мемлекеттік мекемемен өзара ынтымақтастық орнатып, жұмыс жүргізеді. Осынау жұмыс істеген уақыт ішінде қызметке 150 мыңнан астам өтініш түсіп, олардың 90%-ға жуығын операторлар дереу түрде шешкен. Өтініштердің рекордтық саны 2020 жылдың сәуірінде келіп түсті, бұл шамамен алғанда 40 мыңдай өтініш. Жалпы алғанда, төтенше жағдай кезеңінде (2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін) қызметке 54 503 өтініш түскен.

2021 жылдың 1 қаңтарында Қызмет кәсіби Call-орталықтардың барлық заманауи талаптарына сай, қосымша техникалық жабдықтармен жарақталған жаңа ғимаратқа көшіп, орналасқан.

Жақын арада ғимаратқа 103 жедел медициналық жәрдемнің диспетчерлік қызметі көшірілмек. Алдағы уақытта Орталық негізінде 112 Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет ұйымдастырылады. Осылайша, барлық шұғыл қызметтер біріктіріледі және облыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейнебақылау камераларынан барлық түсірілімдер ағыны жинақталады. Келешекте Орталық облысымыздың үйлестіру және талдау функцияларын шоғырландыруға қабілетті өзегі болмақ.

Биылдан бастап азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жобалардың бірі – «Қауіпсіз қала» жобасы іске асырылады. 3 мыңнан астам бейнекамера облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қадағалайды. Мұндай камералар аула ішінде, қоғамдық жерлерде орнатылып, жол қауіпсіздігін арттыруға ғана емес, құқық бұзудың алдын алуға да бағытталады. Айта кетерлігі, аталмыш жоба – республика бойынша өңірлерді қамтитын бірден-бір жоба. Бірыңғай орталықтандырылған жүйе Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларында және Осакаров ауданында 3 223 бейнебақылау камерасынан сигнал алатын болады. Жоба аясында 250 аппараттықбағдарламалық кешен, оның ішінде 80 жылдамдық өлшегіш іске қосылады, олар көлік құралдарының жылдамдық режимін бұзу бөлігінде жол қозғалысы ережелері сақталмаған жағдайларды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Жобада қолданылатын бұлтты сервис жүйесі арқылы таратылған бейнебақылау жүйесінен түрлі деректер алуға, қызметтер арқылы таратылған бейнебақылау жүйесін орталықтандырылған түрде басқаруға және бақылауға болады.

Осы жоба аясында енгізілетін цифрлық шешімдер зиянды адами факторды болдырмауға және сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жағдайларды жоюға мүмкіндік береді.

«Өңірлік геоақпараттық портал құру» жобасының алдына да осындай міндеттер қойылған, оны іске асыруды біз өткен жылы бастадық. Порталда жер қатынастары, құрылыс және сәулет салаларына қатысты жер телімін алу, құрылыс және реконструкциялау жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды беру сынды мемлекеттік қызметтер автоматтандырылады. Аталған мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру олардың көрсетілу мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінгі таңда жер телімін беру мерзімі 3 айдан 1 жылға дейін созылады, ал геопорталдың көмегімен бұл қызметті үйден шықпай-ақ 15-20 күн ішінде алуға болады. Бұл ретте, қызмет көрсетуші мен қызмет алушы тікелей байланысқа түспейді. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың қанатқақты жобасы осы жылдың наурыз айында Қарағанды қаласында басталмақ.

Цифрлық жобалар экономиканың басқа салаларында да іске асырылуда. Денсаулық сақтау саласында жасанды зердені енгізу бойынша жұмыстар басталды, экология саласында газ талдағыштарды орнату жалғастырылуда, құрылыс саласында ғимараттарды жобалау кезінде BIM-технологиялары пайдаланылады. Іске асырылып жатқан цифрлық жобаларды сапалы байланыс инфрақұрылымын құрмай, интернетпен қамтамасыз етпей дамыту мүмкін емес. Облыста оны құрудың, дамытудың күрделілігі ерекше аумақтық жағдайлармен, сондай-ақ көптеген елдімекендерге жетудің қиындығымен байланысты. Осыған қарамастан, соңғы үш жыл ішінде облыстың 55 ауылдық елдімекені жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, облыстағы халқының саны 250 және одан да көп 85 ауылдық елдімекенде үшінші және төртінші буындағы интернет желісіне ұтымды кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс мәресіне жетпек. Нәтижесінде, елдімекендерді интернет желісіне кеңжолақты қол жеткізу қызметтерімен қамту шамамен 94% құрайтын болады.

IT саласында азаматтық бастамалар белсенді жүзеге асырылуда, олардың ішінде облыс орталығында IT саласын дамыту үшін қолайлы және прогрессивті орта қалыптастыруға бағытталған «Терриконды алқап» жобасын ерекше атап өткім келеді. Жобаның негізін қалаушы қала патриоты, «Belsendi Azamat», Урбанистика орталығы жобаларының бастамашыларының бірі – Александр Дорошенко. «Терриконды алап» жобасының алаңында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша Өңірлік IT-хаб құрып, ашу ағымдағы жылдың басында Қарағанды қаласында жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен фрилансерлер үшін акселерация бағдарламасы жүргізілуде.

Өткен жылғы қарашада «Терриконды алқап» Қарағанды IT-хабының акселераторына оқыту үшін 25 IT және диджитал-аутсорс-компания өтті. Бұл дегеніміз, 14 аутсорс-бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер мен диджитал-агенттіктер және 11 стартап-команда. Акселератор халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отырған IT-компаниялар мен фрилансерлер үшін 6 апталық тегін оқыту курсын қамтиды.Осы іс-шаралардың барлығы IT-өнімі көлемін дамытуға, яғни, кәсіпорындарымыздың экспортқа шығуына бағытталған.

Облыста киберспорт қозғалысы да белсенді дамуда. 2020 жылдың басында Қарағанды қаласында жалпы жүлде қоры 500 мың теңге болатын «Қазақтелеком» АҚ мен «Qazaq CyberSport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Alaman Cup» ойындар сериясы аясындағы алғашқы аймақтық киберспорттық турнир өтті. Іріктеу сатысында Counter-Strike: Global Offensive бойынша 200-ден астам команда және бүкіл республика бойынша «FIFA 20» 69 ойыншысы қатысты. «FIFA 20» сайысынан жерлесіміз Ақназар Бексейітов жеңімпаз атанды, «Counter-Strike: Global Offensive чемпионы» атағы Алматы қаласынан келген командаға бұйырды. Турнир мемлекет тарапынан бюджет қаражатын пайдаланбай ұйымдастырылды, мұндай сайыстарды дәстүрлі түрде өткізіп отыру алдағы жоспар еншісінде.

Өткен жылы мемлекеттік қызметтер саласында 6 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 85%-дан астамын өтініш бергендер электронды түрде алған. Пандемия кезінде электрондық мемлекеттік қызметтер бірінші қажеттіліктегі қызметтерге айналғанын көрсетеді.

Бүгінгі күні барлық қызметтердің 92%-дан астамы онлайн қолжетімді, оларды азаматтар egov.kz порталында, Telegram-бот арқылы немесе мобильді қосымша арқылы дербес ала алады. Облыс халқының мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда алуға мүдделілігін арттыру үшін облыста халықты БАҚ арқылы тұрақты ақпараттандыру жүргізіледі, көрнекі жарнама орналастырылады, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылады, мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өткізіледі, буклеттер таратылады.

Облыс өңірлерінде көрсетілетін қызметті алушылар үшін «Open akimat» жобалары іске асырылған, онда мемлекеттік қызметтер халыққа цифрлық технологияларды қолдана отырып, бірыңғай терезе қағидаты бойынша ашық кедергісіз кеңістіктерде ұсынылады. Жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне қарағанда, облыс тұрғындарының 93%-дан астамы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанған. Сауалнамаға 12 мың адам қатысты.

Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуын 3 есеге, заңнаманың бұзылуын 11 есеге азайтуға мүмкіндік туды.

Пандемия біздің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты әлемде өмір сүріп жатқанымызды тағы бір еске салды. Тек жұмылып, бірлескен күш-жігер ғана бізге жағдайдан шығудың жолын табуға мүмкіндік береді. Осылайша, цифрландырудың озық жетістіктерінің ықпалы арқылы тығырықтан шығатын жолды табамыз.

Рустам БАЙЖАНОВ,

Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы.