Мемлекеттік қызметшінің әдебі — қоғам айнасы

Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінезқұлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдықадамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының (бұдан әрі – Инспекция) Әдеп жөніндегі уәкілі, басшының орынбасары Данияр Мерғазинмен сұхбаттасқан едік.

Данияр Мерғазыұлы, алдымен бүгінгі күні негізгі қызметіңіз бен қоса атқарып отырған жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз?

Бұл қызметте атқаратын негізгі функциялар Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережесімен сәйкес атқарылуда. Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады және өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді.

2017 жылдан бастап облыстық және 9 аудандық, 9 қалалық аумақтық инспекция басшылары мен қызметкерлеріне «мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этиканы сақтауы, әдеп стандарттары, мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киім киюі бойынша тиісті жұмыстар бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес атқарылуда. Биыл жыл басынан мемлекеттік қызметшінің әдебі жөнінде облыстық, аудандық, қалалық газеттерге 19 мақала, инспекция сайтына 1 мақала жарияланды, мемлекеттік қызметшілерге 47 кеңес берілді, бұдан басқа, дәріс, семинар-кеңестер өткіздім. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен арнайы семинар-кеңестер өткізіліп, мемлекеттік қызметкерге қойылатын негізгі талаптар мен шектеулер және құқықтары туралы айтылды.

Мемлекеттік қызметшінің киіміне қандай талаптар қойылған?

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киімі туралы негізі ұсынымдары бар. Бұл ұсынымдар инспекцияға қарасты барлық мемлекеттік қызметшілерге таныстырылған және басшылыққа алу туралы ескертілген. Аталған агенттіктің ұсынымы бойынша киімге қойылатын негізгі талаптар: ұқыптылық, мұнтаздық, жайлылық және сыртқы бейнеге шамданудың болмауы.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік активтерді жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?

Бүгінде инспекцияға қарасты 9 аудандық, 9 қалалық аумақтық инспекция басшылары мен қызметкерлеріне және облыстық аумақтық инспекция ұжымына мемлекеттік мүлікті тек қызмет бабында пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Біз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері, активтердің түгелдігін қамтамасыз етуге және қызметтік міндеттерді атқару үшін сеніп тапсырылған, материалдық-техникалық ресурстарды (мүлік, көлік, жабдықтар, кеңсе заттары және тағы басқалары) күтіп ұстауға міндеттіміз. Бізге сеніп жүктелген ресурстарды барынша ұтымды және тек қызметтік мақсатта тиімділік пен үнемділік қағидаттарына сәйкес пайдалануымыз керек. Басқа тұлғаларға да заңсыз іс-әрекеттерді жасауға мейілінше тосқауыл қоюымыз қажет. Мынандай бір мысал келтіре кетейін. Ертеде Хазіреті Омар кешкілік үйінде май шаммен қазынаның жұмысын істеп отырады. Осы мезетте есік қағылып, ішке рұқсат сұрап өз шаруасымен бір адам келеді. Хазіреті Омар май шамды қолымен өшіріп, екінші май шамды жағып келген адамның шаруасын сұрайды. Әлгі адам шаруасын бітірген соң кетерінде «мына май шамдардың қандай айырмашылығы бар? Жарық сәулесі бірдей ғой» деп таңдана сұрақ қояды. Сонда Хазіреті Омар «мен істеп отырған жұмыс та, май шам да қазынаныкі, ал, сіз жеке шаруаңызбен келгендіктен оған өзімнің жеке май шамымды қолдандым» деген екен. Осындай әдепті әрбір мемлекеттік қызметші саналы түрде түйсінуі керек. Біз өз тарапымыздан қазынаның мүлкін үнемді, тиімді пайдаланып та мемлекетке орасан зор пайда әкелуге толық мүмкіндігіміз бар.

Әр ұжымда түрлі мінез-құлықты адамдар болады. Осы бағытта ұжымды қалыпты жағдайда ұстау үшін қандай шаралар қолданасыз?

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Осы ретте, ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілетін анонимді сауалнаманың пайдасы бар. Біздің мекемеде де осы сауалнаманы Әдеп уәкілінің бекітілген жұмыс жоспарындағы реттілігі бойынша жүргізудеміз, соның қорытындысы бойынша қызметкерлердің арасындағы, қызметкер мен басшылардың арасындағы қарым-қатынас, сенімділік, әдеп нормаларын сақтау жағдайлары талқыланып, мекеме басшысына, аудандық, қалалық аумақтық инспеция басшыларына қандай мәселелерге көбірек көңіл аудару қажеттігіне нақты кеңестер беріліп отыр. Осындай көпшілікпен жасалатын жұмыс ұжым арасындағы өзара қызметтік ынтымақтастықты нығайтуға, қарымқатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және ұжымды қызмет барысында ортақ мақсаттарға жетуге біріктіреді деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзған фактілер тіркелді ме, егер тіркелсе қандай шаралар қолданылды?

Осы жылы аудандық аумақтық инспекция қызметкерінің үстінен шағым түсуіне байланысты, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерімен бірге қызметтік тексеріс жүргізілді. Мемлекеттік қызметкер мен шағымданушыны қатыстыра отырып, мәселе талқыланды. Жиналыс соңында екі жақ бір-бірімен татуластық келісіміне келді. Мемлекеттік қызметкерге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ, облыстық, аудандық және қалалық аумақтық инспекциялардың қызметкерлеріне жол жүру ережелері мен басқа әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау жөнінде жиналыс өткізіліп, хаттама түріндегі міндеттемелер берілді. Егер, мелекеттік қызметшілер тарапынан бірнеше рет жол жүру ережелерін бұзу, салық төлемеу, ішімдік ішу тағы басқа фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылса, тәртіптік жазаға тартылатыны ескертілді. Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексімен белгіленген стандарттарды сақтауға міндетті.

Мәселен, азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде мемлекеттік қызметші қандай ұстанымдарды ұстануға тиіс?

Елбасы Қазақстан-2030 Жолдауында: «Әр қызметкер іс жүзінде өзінің пайдалы екенін және керектігін ұдайы дәлелдеп отыруға тиіс» деді. Азаматтармен өзара қарым-қатынас тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады. Біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынамыз. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде біз мынадай ұстанымдарды ұстануға тиіспіз: өз ойымызды дұрыс және дәлелді түрде баяндау; сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру; толық консультация беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру; жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету. Шағым түскен жағдайда біз туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдаймыз және болашақта ұқсас жағдаяттардың алдын аламыз. Мұндай қарым-қатынас бізге мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшінің жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлқы қандай болуы керек?

Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Бұдан басқа, жұмыстан тыс уақытта бізге рухани баю үшін мәдениет және демалыс мекемелеріне бару керек, қайырымдылық пен қоғамдық қызметке қатысу және тағы сол сияқтылар қажет. Бұл ретте, бізге ішкілік ішкен күйде қоғамдық орындарда болу, адамның ар-намысына тіл тигізу, заңнаманы бұзу, қоршаған адамдардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғу сынды адамгершілікке жатпайтын қылықтарға жол бермеу керек. Әрқайсымыз жұмыстан тыс уақытта біз өз іс-әрекетіміз бен мінез-құлығымызға жауапты екенімізді, ал, кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауымыз қажет. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіні қолданған кезде интернет желісінің басқа қолданушыларымен әңгімелесуде сыпайылылық танытуы қажет, өз парақшасында құпия немесе жабық ақпаратты жарияламауы, қазіргі конституциялық құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын қолданушыларды достар тізіміне қабылдамауы тиіс.

Мемлекеттік қызметші қызметтік өкілеттіліктерді орындау барысында қандай болуы керек және Әдеп жөніндегі уәкілдің мемлекеттік қызметшілер туралы халықпен байланысы қалай?

— Мемлекеттік қызметші үнемі өзіне мынадай сұрақтарды қоюы керек: Мен өз әріптестеріме және азаматтарға әділетті әрі адал қарым-қатынас жасаймын ба? Мен әдептік құқық бұзушылықтарға төзбеушілік және парасаттылық қағидаттарын қаншалықты сақтаймын? Мен қоғамның биік сенімін ақтау үшін қандай болуым керек? Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы керек және жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз міндеті деп санауы тиіс.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.