Жаңалықтар

Мемлекеттік тілді білу – парызым

Қазақ тілі – халқымыздың тарихымен астасып, тірлігімен тыныстап жатқан тіл. Бұл орайда мемлекеттік тілдің мәртебесін сезініп, қазақ тілінің болашағын ел болашағымен тұтастыра білген өзге ұлт өкілдері де көптеп кездеседі. Сондай жандардың бірі, жас та болса болашағынан үміт күттірер – Михуля Юрий Николаевич. Юрий – Қарағанды коммерциялық колледжінің 2 курс студенті. Көпке үлгі болып жүрген, жақында ғана Қазақстан халқының Тілдері мерекесі қарсаңында мемлекеттік тілді жетік білгені үшін қала әкімінің сыйлығының иегері Юриймен арадағы сұхбатты жариялауды жөн көрдік.

Юрий, сіз орыс ұлтынан болсаңыз да, қазақ тілінде еркін сөйлейсіз. Тілді қай жасыңыздан үйрендіңіз? Ата-анаңыз қазақ тілінде сөйлей ма?

Мен Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келдім. 2007 жылы Қарағанды қаласындағы №76 мектептің 1 сыныбына қабылдандым. Қазақ тілін 6 жасымнан бері меңгерудемін. Ата-анам тек орыс тілінде сөйлейді.

Қазақ тілін үйрену арқылы қандай артықшылықтарға ие болдым деп ойлайсыз? Жетістіктерге жетуде қазақ тілінің рөлі қандай?

Әрине, мен мемлекеттік тілді меңгеруімнің арқасында көп жетістіктерге қол жеткіздім. Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Елімізде мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдеріне аса құрметпен қарайды. Осындай құрметке ие болғандығым үшін де бақыттымын.

Бүгінде Қасым Аманжолов атындағы қобыз сыныбын үздік бітірдіңіз және де 2013 жылы «Сәлем, Астана» республикалық байқауында қобыз аталымы бойынша бас жүлдеге ие болдыңыз. Қазақтың ұлттық аспабына деген қызығушылығыңызға не түрткі болды?

Ұлтым орыс болғанымен қазақ мектебінде білім алып қана қоймай, қазақ халқының ауызша және жазбаша әдебиетімен танысып, керемет әуендерін тыңдадым. Қазақ тіліне деген қызығушылығымның арқасында қазақтың ұлттық аспабы – қобызды үйренуге деген құштарлығым оянды. Қобыз – ерекше әуезді аспап. Қобызда ойнау мені ерекше сезімге бөлейді.

Өзіңіз секілді жастарға айтарыңыз бар ма?

Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы екені сөзсіз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Қазақстан – әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстау керек. Мен Отанымның азаматы, патриоты ретінде туған елімнің тілін дамытуға бар күш-жігерімді саламын!

Елімізде латын қарпіне көшу қызу талқыланып жатыр. Сіздің ойыңызды білсек…

Елбасымыздың бастамасы Қазақстанда мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың қолдауына ие болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу –расымен де заман талабы. Бұл мәселенің қаншалықты маңыздылығын ескерсек, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында латын әліпбиі ерекше орынға ие деп білемін.

Сұхбатыңызға рақмет, елімізде өзіңіздей мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатар жандар көп болғай.

Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысы бойынша.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button