Мемлекеттік сатып алудың жаңа тәсілі

Мемлекеттің экономикасына аяусыз соққы беретін сыбайлас жемқорлықпен күрес қаншалықты қарқынды жүрсе де, қиыннан қиыстырып орайын тауып, жымқырып қалатындардың түп-тамырына түбегейлі балта шабу әзірге мүмкін болмай тұр. Жемқорлықтың зардабын әсіресе бизнес өкілдері көріп бағуда. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар саласында елімізде жыл сайын бюджетке 100 млрд. теңге көлемінде шығын келтіретін мыңдаған заң бұзушылықтар анықталады. Ал, Қарағанды облысында биылғы жылдың өзінде ғана екі мыңға тарта шағым түскен. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінде ашық диалог форматында өткен кездесуде белгілі болды. Кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин қатысты.

Талқылауға түскен басты тақырып – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға ықпал ететін және конкурстық рәсімдерді өткізудің ашықтығын қамтамасыз ететін мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңнамалық инновациялар. Сәйкесінше, қатысушылар да өңір кәсіпкерлері, құрылыс, жол, коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары саласындағы қызметтерді жеткізушілер болды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин өңірдегі кәсіпкерлік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін айтады.

Облыс әкімдігінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының диалог алаңдарында бизнес-қоғамдастықпен кездесулер өткізіліп тұрады. Бүгін бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту аясындағы кездесуіміз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталық алаңында өтуде және сыбайлас жемқорлықтың ықпал ету деңгейін төмендетуге бағытталған. Біз кәсіпкерлерді алаңдататын мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын қарастырамыз. Кездесу нәтижелі өтетініне сенімдімін, – деді Вадим Басин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Әсет Арыстанбеков кәсіпкерлік саласында анықталған заң бұзушылықтар бойынша статистикалық деректерді алға тартты.

Соңғы үш жылда бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз араласудың 12 фактісін анықтадық. Олардың дені тариф белгілеу, салық салу, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік сатып алулар саласында. Нәтижесінде тоғыз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді Әсет Ақытұлы.

Одан бөлек, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ақпараты бойынша биыл 647 лот бойынша мемлекеттік сатып алулар қорытындылары қайта қаралған. Нәтижесінде 30 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы – 25 млн. теңгеден асады.

Ал, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Азамат Мұқанов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында енгізілген сатып алудың үш жаңа әдісі туралы айтты. Олардың екеуі биылғы жылғы шілдеден қолданысқа енгізілген. Бірі –рейтингтік-балдық жүйені қолданатын конкурс болса, екіншісі негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып өткізілетін конкурс.

Енгізілген жаңалықтарға сәйкес, конкурс және аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды облыстың, аудандардың және қалалардың бірыңғай ұйымдастырушылары жүргізеді.

– Облыстың бірыңғай ұйымдастырушысы конкурс (аукцион) тәсілімен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады. Бұл жерде тапсырыс берушілер сомасына қарамастан облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары. Аудандар мен қалалардың бірыңғай ұйымдастырушылары құны 40 000 АЕК-ден аспайтын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алуды жүзеге асырады, – дейді Азамат Ибрагимұлы.

Аудандар мен қалалардың бірыңғай ұйымдастырушылары конкурс және аукцион тәсілдерімен сатып алынатын 40 000 АЕК-тен аспайтын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алуды, сондай-ақ аудандардың, қалалардың білім бөлімдері мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелері үшін сатып алуды жүзеге асырады.

Басқарма басшысы мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру оны өткізудің бірыңғай әдіснамасын қамтамасыз етіп, мамандардың жинақталған тәжірибесі мен білімі есебінен мемлекеттік сатып алу саласын кәсібилендіретінін айтады.

Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс енгізілмек. Бұл ретте сапалы және инновациялық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ынталандыру мақсатында жеткізушілерді сатып алу бағасы негізінде емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бүкіл қызмет ету мерзімінің құны негізінде таңдау ұсынылады.

Мемлекеттік сатып алу басқармасы тұрақты негізде ішкі мемлекеттік аудит департаментімен бірлесе отырып облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, қалалар мен аудандар әкімдіктері үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың баптары мен тармақтарын түсіндіру бойынша онлайн-режимде семинар-кеңестер өткізетіндіктері жайлы айтқан Азамат Мұқанов әрқашан ашық диалогқа дайын екендіктерін де атап өтті.

Салтанат ІЛИЯШ

Ortalyq.kz