Мемлекеттік бағдарлама – нәтижелі
Еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің азаюына, шағын және орта бизнестің дамуына елеулі ықпал тигізіп отырған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша Қарқаралы ауданында айтарлық жұмыстар жүзеге асты.
Жарты жылдықта, тіркеуде тұрғандар тұрақты және уақытша еңбекпен қамтылып, қаражат тапса, көкейде жүрген жоспарларын пайызы төмен несиелер алып, жүзеге асырып жатқандар саны артты. Нақтырақ айтқанда, тұрақты, уақытша және маусымдық жұмыспен қамтылғандар саны 430 адамға жетіп, жоспар 115 пайызға орындалған. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 209 адам жолданып, 9 млн. 509 мың теңге қаражат игерілген. Әлеуметтік жұмыс орындарына 26 адам жіберіліп, 3 млн. 538 мың теңге қаражат игерілген. Жастар практикасына 10 адам жолданды.
Мүгедектерді жұмыспен қамту үшін арнайы жұмыс орындарын құруда бір жұмыс берушіден өтінім түсті. Негізгі жоспар – 2 адам.
Қысқа мерзімді кәсіптік-техникалық оқуға 31 адам жолданды, қалған 35 адам қыркүйек айында оқытылады.
Жалпы, 2018 жылға несиелендіру бойынша ауданға 84 адамға 402 млн. 408 мың теңге несие беру жоспарланған. Оның 217 млн. 300 мың теңгесі – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы және 185 млн. 108 мың теңге – «Қарқаралы» несие серіктестігі арқылы. Бүгінгі күнге аудандық жұмыспен қамту орталығынан 400 млн. теңге көлемінде несие алуға барлығы 88 адам жолдама алды. Қазіргі кезде «АШҚҚҚ» арқылы 8 адам 33 млн. теңге несие алған. Жыл басынан «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 62 адам кәсіпкерлік негіздеріне жолданып оқуларын аяқтады, жоспар 211 адам.
Жылдың басынан аудан бойынша 285 жас азамат жұмыс сұрап тіркеуге тұрса, оның бүгінгі күнге 256 адамы жұмыспен және мемлекеттік басқадай қолдау шараларымен қамтылған, атап айтқанда, 136 адам тұрақты жұмыспен, 66 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, 15 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды, 6 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және «Бастау Бизнес» жобасы аясында 33 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.
Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша биыл Қайнарбұлақ ауылдық округі Аппаз ауылының клубы және Қарқаралы қаласының мәдени-сауық орталығы нысандарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бағдарламаға сәйкес әр нысанда 2 жұмыс орны ашылады және әр нысанға халықты жұмыспен қамту орталығынан 1 адамнан жолданбақ.
Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»