Бас тақырып

Мектептер сапалы интернетке қосылады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек жұмыс сапары аясында облыс халқымен кездесіп және қабылдау өткізді. Вице-министр сөзінде ХҚО-лардың жұмысы, мемлекеттік қызметтер көрсету, ел мен өңірдегі телеком және IT саласының дамуы туралы айтты.

Сурет министрлік сайтынан

Асхат Оразбектің айтуынша, облыстың халыққа қызмет көрсету инфрақұрылымы 21 халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО), 43 бэк-офис, 92 Connection Point қолжетімділік нүктесі және 1 арнайы ХҚО-дан тұрады. Биылғы бес айда ХҚО-ларда 374 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда 6,3 млн. отбасының деректері цифрландырылған. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға және 25 әлеуметтік маңызды қызметтерді көрсетуге мүмкіндік берді. Оның ішінде, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақылар мен төлемдерді қосқанда 800 мыңнан астам қызмет ­көрсетілді.­

Облыс тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – сапалы байланыс және интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда облыста 363 елдімекен бар. Осы орайда ADSL технологиясы бойынша фиксирленген интернетпен 90 елдімекен, ал ТОБЖ технологиясы бойынша 112 елдімекен қамтамасыз етілген.

– Ұлттық жоба аясында Қарағанды облысының 13 ауылды елдімекені KazSat спутниктік жүйелері арқылы интернет желісіне қосылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысындағы 106 мектептің 94-і Starlink спутниктік жүйесіне қосылған, – деп атап өтті вице-министр.

Министрлік бүгінгі таңда мобильді байланыс сапасын бақылау және жақсарту бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Тексерулер жүргізу және айыппұлдарды арттыру операторларға көрсетілетін қызметтердің сапасына жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді. 2022 жылдан бастап байланыс қызметтерінің сапасыздығы үшін айыппұл 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін артты.

Айыппұлдар сомасының өсуі бұйрықтардың орындалуына әсер етті. Мәселен, 2022 жылы бұйрықтардың 30%-ы орындалса, 2023 жылы 65%-ды құрады.

Айта кеткен жөн, министрлік облыс әкімдігі және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 2024-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернетті дамыту бойынша Жол картасын әзірлеп, қол қойды.

– Құжатқа барлық мәселелер мен оларды шешу жолдары енгізілген. Beeline операторы тарапынан облыстың 13 ауылдық елдімекенін кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, облыстың 15 елдімекенін ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2024 жылдың соңына дейін қосымша 18 базалық станция орнату, қалған 27 базалық станцияны 2025 жылы орнату жоспарлануда. Барлығы 58 базалық станция орнатылады, – деді Асхат ­Оразбек.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта елде IT мамандарына сұраныс артып келеді. Мысалы, бағдарламалау мектептеріне гранттар (ваучерлер) берілмек. Биыл елдегі 82 IT мектебі оқушыларға 219 курс ұсынады. Облыс бойынша бағдарламаға 6 IT мектеп таңдалып, 174 ваучер бөлінді.

– Қарағандыда 2021 жылдың сәуір айынан бастап өңірлік IT-хаб «Terricon Valley» жұмыс істейді. Өңірлік хабтың ашылуы елдің IT саласының дамуына сандық және сапалық үлесін айтарлықтай арттырады, – деп атап өті министрлік өкілдері.

– Бұл технология, елдімекендерге талшықты-оптикалық желі тартылғанша, жұмыс істейді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін облыстың 164 елдімекеніне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарлануда. Бірақ мұндай жүйенің дәстүрлі сапалы интернет инфрақұрылымы орнатылғанша ғана уақытша қызмет ететінін еске саламыз.

Дегенмен, мұның спутниктік байланыс ошағы екенін ұмытпаған ләзім. Қаржыландыру тетігіне келсек, облыс бюджетінен іске асады, – дейді Қарағанды облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ­Жұмаханов.

Қарағанды облысындағы Көк­пекті ауылының оқу ордасы интернет нашар ұстайтын мектептердің тізіміне енген. Көкпекті жалпы білім беретін мектебінің директоры Гауһартас Жаймина Starlink орнатылғаннан кейін, ғаламтор жылдамдығының 10 есе өскенін айтады.

– Bilimal-мен жұмыс жасау­ға тамаша мүмкіндік жасалды. Бұрын интернеттің жылдамдығы мектеп бойынша 8 болса, барлық компьютер қосылғанда, 2-3-ке дейін түсіп қалатын. Енді ол қиындықтарды еңсердік, – дейді Гауһартас Жаймина.

Көкпекті мектебінде бүгінде 525 оқушы білім алады. Оқу ордасында 100 компьютер бар. Балалар мектеп айналасындағы 4 гектар аумақта ғаламтор желісіне еркін қосылады. Starlink-SpaceX арнайы интернет бағаналарын орнатуды қажет етпейді.

Шараға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің және министрліктің телекоммуникациялар комитетінің басшылығы, ұялы байланыс операторларының өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» ҰАҚ және облыс әкімдігі қатысып, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button