Мектеп оқушылары 1 қыркүйектен бастап жаңа стандарт бойынша тамақтанады
Мектеп тағамдарының сапасын арттыру мақсатында жаңа стандарт әзірленді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Елімізде 1,7 млн оқушы тегін тамақпен қамтылған.
ДСМ басшысы Ақмарал Әлназарованың сөзінше, мектептегі тамақтану реформасы министрліктің басты міндеттерінің біріне айналды. Оны жүзеге асыру — ең алдымен балалардың денсаулығын, оқу жетістіктерін және жалпы әл-ауқатын жақсарту үшін мультипликативті әсер береді.
– Денсаулық сақтау министрлігі Білім министрлігімен, бейінді отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, ғылыми деректер мен халықаралық ұсынымдардың негізінде мектепте тамақтанудың жаңа стандартын әзірледі. Ол 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елдің барлық білім беру ұйымдарында күшіне енеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз балалардағы семіздік, II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тісжегі және аллергия жағдайларының өсуін байқадық. Бұл көбінесе теңгерімсіз және зиянды диетаға байланысты, – деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, сараптамалық бағалауларға сәйкес стандартты қатаң сақтау арқылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізуге болады:
• балалардағы семіздік деңгейін 10-15%-ға төмендету,
•II типті қант диабеті жағдайлары – 10-20%-ға,
• артериялық гипертензия – 8-18%-ға,
• басқа созылмалы аурулар – 5-15%-ға,
• сондай-ақ балалардың зейіні мен үлгерімін арттыру.
– Диетаны жаңартумен қатар, біз мектеп асханаларының тамақтану қауіпсіздігі мен санитариялық жағдайын бақылауды күшейтеміз. Мемлекеттік бақылауға жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр: тексерулер туралы алдын ала хабарлаудан бас тарту, тұрақты мониторингтік сапарлар жүйесін енгізу. Бұл шаралар тамақтану жағдайларын объективті бағалауға және бұзушылықтарды уақтылы жоюға бағытталған. Біз бұл қадамды балаларымыздың денсаулығы үшін жасаймыз және білім беру жүйесінің барлық қатысушыларын жаңа талаптарды жауапкершілікпен және адал орындауға шақырамыз, – деді министр.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА