Бас тақырыпМәселе

Мектеп қауіпсіздігіне кім кепіл?

Петропавл мектебіндегі жағдай қоғамның әлі де бейқамдығын тағы бетіне басты. Балта-пышақпен оқушыларға шабуылдаған жасөспірім қауіпсіздіктегі қамсыздықты көзге шұқып көрсетті. Бұл мәселе Үкімет үйінің қабырғасында да ашық айтылып жатыр. Жасырары жоқ, бауыр еті – баласының мектептен үйіне он екі мүшесі сау оралуы осы күні ата-ананың ішкен-жегенін бойына сіңдірмейтін алаңға айналып барады. Баланы байлап ұстайтын емес. Білім ордасында опат боп жатса, демек, онда ойландыратын олқылықтардың бары анық. Ал, ол не?!

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Үкімет не дейді?

Бүтін елдің жағасын ұстатқан тосын оқиға Үкіметті де үркітпей қоймады. Негізі, алдын алғаннан гөрі салдармен күресетін жаман әдетіміздің және бір сыр берген тұсы да осы. Сондықтан да, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сол күні дереу тапсырма берді. Мектептегі қауіпсіздіктерді күшейтуді қатаң міндеттеді.

«Петропавлдағы мектепте оқу¬шының балтамен шабуылынан кейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ел мектептеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді», – дейді Үкіметтің баспасөз қызметі.

– Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан, бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек, — деді Премьер-Министр.

Бұдан соң Оқу-ағарту министрлігі 20 ақпан мен 17 наурыз аралығында республикадағы барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесіне тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. 20 наурызда бұл жұмыстың қорытындысы шығуы тиіс. Оған қоса, жергілікті атқарушы билікке мектептерде турникет, дабыл нүктесінің орнатылып, кәдімгі лицензиясы бар күзетпен, ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылған бейнекамералармен қамту жүктелген.

Осы арада бейнебақылау камерасы 2019 жылы Таразда 7 сынып оқушысы дәретханада зорланғанынан кейін өзекті бола түскенін атамасқа амал жоқ. Жария етілген министрлік деректері былтыр¬дың өзінде барлық білім беретін ұйымдарға 100 пайыз бейнекамера орнатылғанын хабарлаған-ды. Бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов оның, тіпті, 55 пайызы талап¬қа сай еместігін де ашық айтқан. Бірақ, мектептегі қауіпсіздіктің бәрі тек бейнекамераға байланып тұрған жоқ. Камерасы бар мектептің іші де қауіпсіз еместігін Петропавлдағы қайғылы жайт аңғартты.

 

Бейнекамерамен мәселе шешілмейді

Елімізде осыған дейін мектепте бірнеше рет балаларға шабуыл жасалғаны мәлім. Осы арада өткенді тағы еске салуға тура келеді. 2019 жылы Таразда мектептің даладағы дәретханасында 7 сынып оқушысы зорланды. Оның алдында бірер жыл бұрын Павлодарда сыныптасы мектеп ауласында төбелес кезінде 15 жастағы оқушыны пышақтап өлтірді. Одан соң бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында «Кримналдық авторитет мектеп оқушыларын сабақ үстінде ұрлап əкетіп әжетхана қаздырған». 2013 жылы бұрын Қарағанды облысы құрамында болған Ұлытау ауданындағы орта мектепте 11 сынып оқушысына пышақ салып, қаза тапты. Осының бәрі мектеп ауласында, мектеп ішінде орын алған. Қайсыбірін айтайық, интернет кеңістікте жарияланған мектеп оқушысына қатысты қайғылы оқиға көп. Бұл қылмыстың басым бөлігі бейнекамера мен турникет, күзет қойылғанға дейін десек те, мәселе камера қойылған бүгінде де түбегейлі шешілмеді. Күзеттің түрі анау. Оның қандай екенін бұған дейін де жазғанбыз. Онда кәрі-құртаң, кемпір-сампыр отыр. Тек ауысқаны сырт киімі ғана. «Охрана» деген жазуы бар күртесі ғана оның қандай да бір мамандандырылған күзет орнынан екенінен хабар береді. Қолында қаруы түгілі, өзінде қауқар да жоқ. Дәл қазір кез келген мектепке барсаңыз, осы сөзіміздің растығына бәс тіге аламыз. Кірген-шыққанның сөмкесін, қалтасын қауіпті затқа тексерген пендені емге таппайсыз.

Мұны сенатор Нұртөре Жүсіп те Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында соқырға таяқ ұстатқандай айтты кеше. «Қазіргі таңда біздің елімізде оқу мекемелерінің қауіпсіздігі формальды түрде және қарабайыр» деді сенатор.

«Би айтқан сөзді құл да айтады, бірақ құлдың аузының дуасы жоқ» дегендейін, бұған дейін де БАҚ-та жиі қозғалған мәселелерді сенатор осылай тағы көтерді. Ол проблемалар – осындай төтенше жағдайды болжайтын жүйенің, алдын алуға қатысты ғылыми базаның жоқтығы. Оқушының психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтауда күйзеліске бейім балаларды алдын ала оқшау¬лау, шетелдегі балалар қауіпсіздігінің тәжірибесінен елдің қалыс қалған тұстары сынды өзекті жайттар. Тіпті, «Білім туралы» Заңда оқушы мен мұғалімнің қауіпсіздігі жөнінде бір ауыз сөздің жоқтығына да наразы.

Осы орайда, «Еліміздегі білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқу орындарындағы оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды сақтауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді Нұртөре Жүсіп.

 

Күзеттегі кілтипан

Петропавлда шабуылдаушы баланы мектеп мұғалімдері, оқушылары жабылып жүріп ұстауы – кілтипанның көкесі екенін көрсетсе керек. Мамандандырылған, лицензиясы бар күзет дегеннің сапасы да сын көтермейтінінің айғағы – бұл. Күзет фирмаларының мұндай жұмысқа кімдерді алатыны белгілі. Зейнеткер, не болмаса, аз-маз жалақыны місе тұтқандар, қосымша табыс көзі ретінде көретіндер ғана мектеп күзетінде жүр. Яғни, мектеп қауіпсіздігі кездейсоқ адамдардың қолында. Оның ақыры неге апарып соғарының шет жағасын байқадық.

Негізі, бейнебақылауда кемдік жоқ. Орнатылғаны рас. Әйткенмен, оның бәрі қауіпсіздікке толық кепіл емес. Гәп сонда.

Білім басқармасының дерегінше, облыста 651 мектепке 18 719 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 11 843-і мектеп ішінде, 6876-сы сыртында. Полиция департаментінің жедел басқару орталығына бейнебақылау камерасы қосылған 312 мектеп бар. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде балалар мен қызметкерлерді дер кезінде құлақтандыру үшін хабарлау және дабыл нүктесі, 222 мектепте турникет қойылған. Күзетке келсек, қала және аудан орталықтарындағы мектептерде 222 күзет фирмаларымен келісімшарттар жасалған екен.

Алайда, олардың бес қаруы түгілі біреуді қорқытатын қолшоқпарсыз жүргенін көріп келеміз.

 

Түйін

Қызылжардағы қайғылы жағдай мектеп қауіпсіздігін жан-жақты талдауды талап етеді. Бір баланың әрекеті барша мектеп назардан тыс қалдырған маңызды мәселелерді әйгіледі. Ол – күзет. Ол – бала денсаулығы. Ол – баланың ақпараттық кеңістікте қорғалмауы. Ол – мектепке қауіпті, қатерлі заттардың емін-еркін алып кіру еркіндігі. Ол – жалпы қауіпсіздіктегі бейқамдық.

Құзырлы орындар бұған қатысты кешенді шараны жеделдетіп, қолға алмаса, өкініш өзекті өртеген оқиға мұнымен шектелеріне ешкім де тағы кепіл емес.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button