Мектеп ахуалы назарға алынды

     Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан №23 орта мектепте болды. Мұнда барлығы 1900-ге жуық бала үш ауысыммен оқиды. Білім беру мекемелеріне тән проблемаларды анықтау үшін баратын мектепті әкім өзі таңдады.

Ең алдымен ол төменгі сынып оқушыларының кабинеттерін аралады. Педагогтардың бірінші сыныпқа арналған жаңа жүйедегі жұмысы таныстырылды. Ең басты проблема – қағаз жетіспеушілігі. Мұғалімдер бақылау және өзіндік жұмыстарды оқушыларға өздері басып шығарады және әрқайсысына жеке портфолио жасайды. Бір тоқсанда қағаз алуға орта есеппен 15 мың теңге қажет. Бюджетте тиісті қаржы қарастырылмаған. Педагогтар қағазды өз ақшасына алуға немесе ата-аналардан көмек сұрауға мәжбүр.

Білім басқармасының басшысы ретінде сіз осыны дұрыс деп санайсыз ба? – деді облыс әкімі Асхат Аймағамбетовке қаратып айтқан сөзінде.

Бұл мемлекеттік мекеме емес пе, мұғалімдердің еңбекақысы төмен, оның үстіне шығындалады. Бұл мәселені шешуді тапсырамын.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ұл балалардың еңбек кабинетінде болды. Оқытушылардың айтуынша, станоктар мен оқу құралдары тозған. 2013 жылы бірнеше жаңа верстак пен бір станок алынды. Қалған жабдықтар 1999 жылы сатып алынған.

Жалпы, облыста 245 мектепте «Технология» пәні бойынша жабдықтарды жаңарту қажет.

Әкім жаңа жабдықтарды сатып алу мәселесін шешуге уәде берді. Аймақ басшысы мектеп асханасын да аралады. Аймақтағы әрбір мектептің асханасындағы басты проблема – ескірген және жартылай жұмыс істемейтін жабдықтар. Мектеп жанындағы асханалардың бәрі жалға беріледі. Заң бойынша жалгерлермен келісім бір жылға жасалады. Сондықтан, жабдықтарды ауыстыруға қомақты қаржы жұмсау олар үшін тиімсіз. Білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов бұл тығырықтан шығудың жолын ұсынды.

Біз Үкіметке асханаларды МЖӘ-ға (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) ауыстыру және жалға алушылармен келісімді бес жылға дейін жасау туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынбақпыз, – деді ол. – Сонда жабдықтарды ауыстыруға қаржы жұмсау тиімді болады. Өйткені, ол адам бұл жерде ұзақ істейтініне сенімді болады.

Облыс басшысы бұл бастаманы қолдады. Бұдан басқа, ол спорт залы мен төбесінен су ағып жатқан кабинеттерді аралады. Мұғалімдер мен ата-аналар сыныптарды жөндеуге қажет ақшаны өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Бюджет қаржысы, тек, ғимаратты күтіп-ұстауға ғана жұмсалады. Мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 27 жылдан бері жүргізілмеген. Төбесінен су ағатындықтан кейбір сыныптар жабық.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Бұл үшін 174 млн. теңге қажет. Аймақ басшысы педагогтар тілге тиек еткен проблемаларды бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, кезең-кезеңмен шешуге уәде берді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.