Бас тақырып

Мейрам Кожухов: «Пичугин» жөнделмесе, атымды беріңіздер

Қарағандылықтар қаладағы тозығы жеткен Пичугин көшесінің жөнделуін күтуде. Маусым айында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұнда күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов Пичугин көшесінің жөнделуі туралы ұмытпағанын айтып, қала тұрғындарының сауалына жауап берді.

«Қалада жөндеу науқаны қызу жүріп жатыр, жеке секторлар да, орталық көшелер де асфальтталады. Пичугин көшесі туралы көптеген өтініш бар. Тұрғындар маған «Бұл жолды мүлдем ұмытып кеттіңіз» деп жазады. Жоқ, достар, мен ұмытпадым! Егер, мен ол көшені жөндемесем, оған менің атымды беруді ұсыныңыздар!», – деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.

Шаһар басшысы жөндеу жұмыстары, әрине, қарапайым емес, күрделі болатынын айтады. Жұмыс биыл басталып, келесі жылы жалғасады.

«Түсінемін, қазір жұмыс басталса, ыңғайсыздық туындайды. Жүріп-тұру қиындайды. Сондықтан, «жеті өлшеп, бір кескен» жөн. Қала тұрғындарын сабырға шақырамын. Өйткені, бізге сапалы жолмен қатар, көшені жапқан кездегі қатынау бағыты да маңызды», – деп жазды Мейрам Кожухов.

Жақын арада дайындық жұмыстары қолға алынады. Күрделі жөндеуді бастамас бұрын жолдың астынан өтетін кәріз және су құбыры желілерін ретке келтіру қажет. Ал, қыркүйек айында жол жөндеу жұмыстары басталады.

«Биыл жалпы 4,7 шақырымнан 500-700 метрін жөндеп үлгереміз деп ойлаймын. Қалған учаскеде жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін әзірге шұңқыр жөндеу жұмыстарын жүргіземіз», – деп уәде берді әкім.

Жөндеу жұмысын «Агродор» ЖШС мердігер ұйымы міндетіне алады. Ұйым басшы Наталья Малчушкина қыркүйекте іске кірісктіндіктерін мәлімдеді.

«Жұмысты қыркүйек айының ортасында бастауға дайынбыз. Алдымен белгілі аумақты бөлшектеуді және асфальт төсеуді жоспарладық», – дейді Наталья Юрьевна.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button