Жаңалықтар

Мейірімнің шегі жоқ

       Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА Қарағанды қаласында «Логос» оңалту орталығын ашқан, мұнда ай сайын 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тегін емделеді.

100 жаңа есім

Ол 1976 жылдың 26 ақпанында Павлодар қаласында дүниеге келген. Сал ауруына шалдыққанына қарамастан өз кәсібін жолға қойып, талай адамның дертіне дауа болып отыр. Өзі ашқан «Логос» оңалту орталығында 6 адам жұмыс істейді.

Әлия Сүлейменова сал ауруына шалдыққан жан. Бала кезінен бірнеше ота жасалып, бұл дерттің  азабын тартып, қиыншылығын өз басынан өткерген. Сондықтан да болар, басқа жандардың қиындығына көз жұма қарай алмайды, әрдайым көмек қолын созғысы келіп тұрады. Осылайша, 2013 жылы қаңтарда аутизм, инсульт, инфаркт тәрізді ауыр сырқатқа шалдықандардың оңалту орталығын ашты. Алғашында орталыққа қажетті кабинеттерді жәрдемақысымен төлеп, жалға алған. Міне, содан бері талай жанға медициналық, психологиялық көмек беріп, айығуына септесуде.

Әлия Сүлейменоваға бірнеше күрделі ота жасалған, әр рет наркоздан оянған кезде бұл өмірде артынан жақсы іс қалдыру керегін ойлайды. Бұл өмірде пайдалы не істедім? Кімге көмек қолын создым деген сұрақтар мазалап, оның өмірдегі мұратының іске асуына түрткі болды.

Өзінің мүмкіндігінің шектелуі оның ісіне кедергі болмайды, қайта қамшылай түседі. Күніне емделуге келетін қаншама адамды қабылдап үлгеру керек.  Әр науқасқа кем дегенде үш сағат уақытын жұмсайды. Әлия оларға өз ісімен үлгі болып, психологиялық тұрғыдан демеп, қолдау көрсетеді.

Өзінің айтуынша, алдымен әке-шешенің мүгедек баласына деген көзқарасын өзгертудің маңызы зор. Өйткені, ол мүмкіндігі шектеулі бала деп ойламай, қоғамға бейімдеп өсіру керек.

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдар көмекке, аяушылыққа зәру деген стереотип қалыптасқан. Алайда, Әлия бұл кереғар пікірді өз ісімен теріске шығаруда. Оңалту орталығының жұмысын үйлестіру, құжатын реттеу сияқты жұмыстарды мүлтіксіз  атқарып келеді. Болашақта үлкен аурухана ашып, осы ісін одан әрі дамытқысы келеді. Әлияның бойында қайсар мінез, мейірімді жүрек, асқақ арман бар.

«Жақында Санкт-Петербург қаласынан жаңа құрал-жабдықтар алдырдым, әзірге кішігірім екі бөлмені жалға алып отырмыз. Қазан айында келісім шарттың уақыты аяқталады. Оңалтудан түскен қаржы сол кабинеттерімнің ақысын төлеуге кетеді, одан артылғаны қызметкерлеріме жалақы болады, ал өзіме мардымды пайда әкеліп жатқан жоқ. Орталыққа келген барлық жанның мұң-мұқтажын, арманын басқалардан артық түсінемін, сондықтан, мейлінше көп адамға көмегім тиіп жатса, мен үшін басқа мұрат жоқ», – дейді ол.

 

Еl.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button