Жаңалықтар

Марат қалай аман қалды?

Бұл 1986 жылдың 17 желтоқсаны еді. Осының алдында бір күн бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс пленумы өтіп, оның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Мәскеудің шешімімен сырттан әкелінген Геннадий Колбин сайланған болатын. Небары 18 минутқа созылған пленумның шешімі барша қазақ баласының наразылығын тудырып, ертеңінде Алматы қаласындағы жастар ең бірінші болып алаңға атойлап шығып, талап қойды. Біздің кейіпкеріміз Марат Хамитов те сол күні шерушілердің алдыңғы қатарында жүрді. Қалың елінің қамын жеген кешегі Қалқаман батыр мен Бұқар жыраудың ұрпағы осындай сын сәтте қалай бой тасалап қалмақ?!

Бұл кезеңде Марат Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылық институты агрономия факультетінің 2-курсында оқитын. Бұған дейін Кеңес армиясы қатарында борышын өтеп, пісіп-қатқан ол бұл қадамға саналы түрде барды. Намыс үшін жан пида деді.

Агрофактың Фурманов көшесіндегі жатақханасы Брежнев алаңына (қазір Республика алаңы) қол созым жерде еді. Соған қарай жолмен ұрандатып, әндетіп өтіп бара жатқан жастарға жатақхананың екінші қабатындағы терезелерден секіріп түскен бұлар қосылды да кетті.

Сол мызғымас топтың ішінде Марат та бар. Бұларды бір қазақ шырт еткізіп, фотоға түсіріп әкетті. Мына ұсынылып отырған сол көріністегі сол жақтан үшінші болып жалаңбас тұрған мұртты бозбала – Марат Хамитовтің өзі. Бірақ бұл сурет мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне түспей, тек Тәуелсіздік алғанымыздан бері ғана көп жерде жариялана бастады. Әйтпесе бұлардың басына да ақырзаман орнайтыны айдан анық-тын.

– Кейіннен естуімше, – дейді сол күндерді еске алған Марат, – әлгі фотограф осы суретімізді марқұм Сағат Әшімбаевқа апарып көрсеткен ғой. Халқының жанашыры Сағат ағамыз оған «Сен бұл суреті бар пленкаңды қиып алып, ешкімге көрсетпей, тығып таста. Көкөрім жастардың обалына қалма» деп кеңес берген екен. Соның арқасында біз қудалау мен жазалаудан аман қалдық. Алаңға барғанымызды да ешкім сезбеді. Кешке қайтқанымызда, іште қалған достарымыз жоғарыға көтеріп алды.

Ертеңінде, 18 желтоқсанда таң атпай бұлардың жатақханасына агрофактың деканы бастап келген оқытушылар іштен, сырттан кезекшілік жасап, адымын аштырмай тастады. Кешегі бейбіт шерудің арты қанды қырғынға ұласқанына терезеден қарағаннан басқа амалдары қалмады. Соққыға жығылып, сүйрелген, топырлай қашқан құрбы-құрдастарына қол ұшын бере алмай дал болды. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың» кері. Көздерінен жас ыршып кетеді.

Міне, Желтоқсан оқиғасынан бері 36 жыл өтсе де, сондағы жантүршігерлік көріністер Мараттың көз алдынан әлі де кетпейді. Тек Егемендік алған соң ғана әділ бағасын алып, 16 желтоқсанның Тәуелсіздік күні болып жарияланғаны дәтке – қуат, көңілге – медеу. Қаншама адамның тағдырына балта шаба жаздаған жаңағы сурет Желтоқсан көтерілісінің куәлігіндей еліміздегі барлық басылымдарда жарық көріп, тіпті Долинка кентіндегі Қарлагтың мұражайында да ілулі тұр. Оны айтасыз, оны күні бүгін фейсбук парақшасынан да көрдім. Өйткені ол жыртылып, өшіріліп тастамайтын біздің қасіретті де қасиетті тарихымыздың қастерлі бір жәдігері.

…Сондағы жалындаған жас Марат Ысқақұлы Хамитов Алматыдағы оқуын ойдағыдай аяқтап, туған жері – Бұқар жырау ауданының шаруашылықтарында мамандығы бойынша еңбек етіп, қазірде «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығының Абай аудандық филиалының директоры. Жуырда ол Алматыда құрылған «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің шақыруымен Алматы қаласына барып, төрағасы С.Шандыбайдың қолы қойылған 258 санды куәлікті алып, кеудесіне Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арнап шығарылған медальді тағып қайтты. Осы берілген куәлікте оның аты-жөні мен «Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы» деген сөздер жазылған. Олар да Маратты біз айтып отырған сурет арқылы іздестіріп, тауып алыпты.

1986 жылдың Желтоқсан күндерінде қазағының намысы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, алаңда атойлаған ұл-қыздарымыздың бәрін де Қаһарман десек, артық болмас!

Ержан ИМАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button