Қарқаралы

Мамандық таңдау – маңызды шешім

     Аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» атты III аудандық кәсіптік бағдарлау форумы өтті. Жиынға аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВ, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп басшылары, мұғалімдер, негізгі және орта мектепті тәмамдайтын мектеп оқушылары және Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Іс-шара мақсаты – болашақта қандай мамандыққа сұраныс болатындығын айқындай отырып, оқушылардың кәсіби мамандықтарын дұрыс таңдап, қоғамда өз орындарын таба білуге жол ашу.

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек» деп атап көрсеткен болатын.

Аудан әкімі Х.Мақсұтов «Келешекте ел тізгінін ұстайтын жастарымызды ауылда тұрақтандыру, ауылдағы жастардың үлес-салмағын көбейту, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, жастарға жағдай жасай отырып, ауылға, ауданымызға білімді, білікті жас азаматтарды тарту бүгінде үлкен мәселелердің бірі екенін айтты. «Сондықтан, ауданымыздың жастарын туған жерде еңбек етіп күш-қуатын, жастық жалынын, білімін аянбай өз елінде жүзеге асыруға шақыру, мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті» дей келіп, бүгінгі таңдағы мамандық сұраныстарына кеңінен тоқталып өтті.

Облыс орталығынан арнайы келген ЖОО-лар мамандары оқу орындары жайлы кеңінен мағлұмат беріп, қазіргі таңда еліміз үшін сұранысқа ие болып отырған мамандықтарға тоқталып, сондай-ақ, оқу орындарының студенттеріне барлық жағдайды жасап отырғандығын айтып, қосымша оқу орындары жайлы түсірілген бейне жазбаларды көрсетіп, мектеп оқушыларын оқу орындарына шақырды.

М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі директорының кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары Меруерт Аманбаева ауданымыздағы ауыл шаруашылығы колледжінде білім алып шыққан түлектердің еліміздің түпкір-түпкірінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша білікті маман атанып, жұмыс істеп жүргендерін мақтанышпен жеткізді. Ұстазының соңынан сөз сөйлеп, өз пікірін білдірген колледждің үздік студенттерінің бірі Д.Рахымбек: «Ветеринария саласы бойынша білім алудамын. Республикалық, облыстық ғылыми жобалар байқауларына түрлі қоғамдық жұмыстарға қатысып, сертификат, Алғыс хаттармен марапатталып, колледжіміздің атын республика төңірегіне танытудамын», – деді.

Ал, №1 қазақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Сапар Боранбай өзі сияқты жас буынға мамандық таңдауда жол нұсқап, бағыт-бағдар беруде осындай келелі басқосуды өткізген аудан басшылығына оқушылар атынан алғыс айтып, алдағы уақытта ата-ана мен ұстаз үмітін ақтауда аянып қалмайтындығын жеткізді.

Данияр ЫДЫРЫСОВ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button