Бас тақырып

Майнинг: бұл не деген майшелпек?

Веб кеңістікте кеше ғана пайда болған биткойн мен блокчейн талайлардың ақыл-есін жаулап алып, сандаған қызу пікірталас тудырды қоғамда. Айтулы сарапшылар олардың барлық саладағы жақсы және жаман әсерін талдап-талқылауда. Біз де назар сала кеткенді құп көрдік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев майнингтік компания атулысына заң үстемдік етуін ерекше тапсырды Үкіметке. Нәтижесінде интернет арқылы табыс табатын сұңғыла қауым ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігіне өзі мән бере бастады.

Тоққа тоймайтын мешкей

Криптовалюта, майнинг туралы естуіңіз бар шығар. Естімесеңіз, білмесеңіз түсіндіріп өтелік. Мәселен, Қазақстанның төл валютасы – теңге. Сол сияқты интернеттің де өз валютасы бар. Қолмен ұстауға, сақтауға келмейтін «өте құпия» ақшаны криптовалюта деп атайды. Электронды ақша табу аса қиын емес, компьютер өзі өндіреді. Ол үшін серверлерге тіркелген мынадай қондырғылар өте қиын есептерді шешеді. Яғни, құрылғы берілген алгоритмнің жауабын іздейді. Бір сөзбен айтсақ, есептеуіш машиналардың математикалық шайқасы. Әр есеп шешілген сайын сіздің электронды әмияныңызға бонус түсіп отырады. Цифрлы ақша деп отырғанымыз осы.

Криптовалютаның мыңнан астам түрі бар. Ең танымалы, әрі қымбаты, цифрлы ақшаның алтыны – биткойн. Оны өндіру тәсілін майнинг дейді. 2009 жылы жапондық Сатоши Накамото биткойн желісін іске қосып, алғашқы 50 биткойнды шығарды. 13 жылдың ішінде оның бағасы аспандап кетті. Қазір 1 биткойн – 17 млн. теңгеге жуық. Биткойнға дейінгі жиналатын тиынды сатоши дейді. 1 биткойн деп есептелуі үшін – 100 млн. сатоши өндірілуі тиіс.

Шетел демекші, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Канада елдерінде бұл сала заң аясында жұмыс істейді. Олар биткойнды валюта емес, мүлік деп қарап салық салған. Цифрлы ақшаның миллиардері атанғандар аз емес. Америкалық ағайынды Тайлер мен Кэмерон Уинклвосс. Олардың цифрлы активтері 2,8 млрд. доллардан асады.

Криптовалюта өндіретін есептеуіш машиналардың түр-түрі бар. Елде олардың саны 10 мыңнан асады. Бағасы қуатына қарай 500 мың теңгеден басталады. Неғұрлым қымбат болса, соғұрлым көп пайда әкеледі. Ең көп қолданатын қондырғылар «Асик» пен видеокарталар. Мамандар құрылғыны сатып алуға жинаған қаражаттың тек 10 пайызын ғана жұмсаған жөн деп есептейді. Өйткені техниканың тілін түсінбесең табыс табу оңай емес.

Иә, криптовалюта – көпке таңсық сала, атауы жат, түсіну қиын. Бірақ пайдасы шаш етектен. Қазақстанда соңғы 5 жылда күрт дамыды. Әлемдік криптовалютаның 18 пайызы біздің елде өндіріледі. Қажетті аппараттар шетелден әкелінеді. Қазір елде 50 шақты алып ферма бар. Олардың қожайыны кім? Қай елдің азаматтары деген сауалдың жауабын министрліктің өзі білмейді. Жеке компаниялардың көбі Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларында орналасқан. Құрылғыны сатып алып, үйде ақша тауып отырғандар да аз емес.

Не дегенімізбен, о баста мемлекет қадағалауынан тыс мақсатта құрылған бұл жүйенің өзіндік зияны да бар. Майнингтің бір техникасы үш бөлмелі пәтерден 8 есе артық энергия тұтынады. Ең жоғары жүктеме тіркелген кезде энергия жүйесінде электр қуатының тапшылығы байқалып отыр. Егер «сұр майнерлер» көбейіп, электр энергиясын шектен тыс көп тұтынса, энергия тапшылығы артуы мүмкін. Ал жаңа станция салуға кемі 3-5 жыл уақыт кетеді. Энергетика саласы осыған алаңдаулы.

Президент пәрмені

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда майнингке салынатын салықты арттыруды тапсырды. Тапсырма тегін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында майнингке салынатын қазіргі салықтар сомасы сын көтермейтінін өткір айтып, олар электр энергиясын барынша жоғары тарифтер бойынша алуы тиіс деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы майнерлердің электр энергиясын бірнеше облыс тұтынатын көлемде жосықсыз рәсуә ететіндігін алға тартты.

– Жекелеген майнерлер халық төлейтін тарифтерден төмен бағамдарды пайдаланады. Әкелінетін жабдыққа салықтар мен баждар төленбейді. Мен Қаржылық мониторинг агенттігі осы жағдайды егжей-тегжейлі қарастыруын сұраймын. Барлық майнинг фермаларын анықтау қажет. Салық және кеден мәселелерін тексеріңіздер. Техникалық шарттар алынған шарттарды, сондай-ақ олардың қызметінің басқа аспектілерін мұқият зерттеңіздер.

Президент майнингке салық бағамы өсетіндігін жариялады. Мемлекет заң жүзіндегі майнингке қарсы еместігін, бірақ осы салада жұмыс істегісі келетіндердің лицензиялары болуы, электр энергиясын барабар тарифтер бойынша алуы, табыстарын декларациялауы және салық төлеуі, жасыл энергетика жобаларын іске қосуы тиіс екендігін аңғартты Мемлекет басшысы.

Тіркелумен тірлік бітпейді…

Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің талдамалық әзірлемелер бөлімінің басшысы Санжар Аккисев Қарағандыда мұндай 22 майнингтік ферма жұмыс атқарған. Оның 11-і қызметін заңсыз іске асырып отырғандығын хабарлады.

– Президент тапсырмасын орындай отырып, өңірдегі заңсыз майнинг фермаларының барлығының жұмысына тоқтам салынды. Осы арқылы 106 МегаВатт электр қуатын үнемдедік. Бұл дегеніміз облыстың күнделікті пайдаланатын электр қуатының төрттен бір бөлігі деген сөз. Бұл мәселе заңдық тұрғыда реттелмеген шақтарда әлгіндей дата орталықтардың көлемі қала орталығындағы City Mall секілді сауда орталықтарына пара-пар болғандығын да көзіміз көрді, – дейді маман.

Қазіргі кезде департамент қызметкерлері бұл бағытта жұмысын жалғастыруда. Ендігі кезекте крипто-алаяқтықтың жолын бөгеу мақсатында республикада тіркелген шетелдік крипто-биржаларды жұмылдыру арқылы ашық дереккөздерді пайдалануға, сұратуға, анықтауға көшкен. Мұнымен бірге, Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті облыс тұрғындарын крипто-қаржылық әлдебір келісімшарттарды жүзеге асыру барысында нақты кіммен жұмыс жасалып жатқандығына мән беру қажеттігін ескертеді. Себебі біреу. Желмен келген ақша желмен, елмен келген ақша елмен кетеді… Тіркелумен тірлік бітпейді. Криптовалюта өндірушілер салықтарын төлеуге міндетті.

Сөз соңында аты әлемге мәшһүр экономист Уоррен Баффеттің төмендегі дәйексөзін келтіре кеткенді жөн санадық:

«Бұдан аулақ болыңыз. Негізі бұл бір алтынсағым. Тұтастай алғанда, криптовалюталарға қатысты дүниенің бәрі де күндердің күнінде көкжиекке сіңіп абыройсыз жоқ болады…»

Биткойнның дәурені мәңгі емес. Болжам бойынша 2040 жылы «ауадағы ақшаның» да шет-шегі көріне бастайды. Сондықтан, криптовалюта өндірушілер дәл қазір ұрымтал тұсты ұтымды пайдалану керек деп есептейді. Алайда, елдегі өміршең реформалар бұған қарауыл болып, заңдық негізді талап етеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button