Жаңалықтар

Мақсат – балабақша кезегін азайту

   Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен өткен жиында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ахуалы қарастырылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында атқарылған шаралар мен облыста бой көтерген балабақшаларға кеңінен тоқталды.

Білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 100% қамтамасыз ету маңызды. Биыл облысымызда 3-6 жастағы балалардың саны – 4098-ге артты.

Жыл сайын жаңа мемлекеттік балабақшалар мен шағын орталықтар ашу, сондай-ақ, МЖС (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік) аясында жұмыстарды белсенді ету есебінен мектепке дейінгі ұйымдардағы орын жетіспеушілігі қысқаруда. Үстіміздегі жылы Бұқар жырау ауданында, Қарағанды және Балқаш қалаларында 3 жаңа балабақша ашылды. Келесі жылы Қарағанды және Абай қалаларында балабақшалар құрылысы басталады. Жекеменшік балабақшалардың да үлесі көбеюде. Қазіргі таңда облыста 25 жекеменшік балабақша мен шағын орталық жұмыс істейді. Жылдың соңына дейін Қарағанды және Теміртау қалаларында тағы үшеуін ашу жоспарлануда, – деді Асхат Қанатұлы.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, 2017 жылғы жоспарда Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласы (300 орын), Қызылжар (25 орын), Түгіскен ауылдарында (50 орын) балабақша ашу кезегі тұр. Сондай-ақ, 2019 жылға дейін 10 балабақша (1310 орын) ашу жоспарланған. Жалпы, кезекте тұрғандардың өтінішін толық қамтамасыз ету үшін –10 120 орындық 33 балабақша салынуы тиіс. Бұл біршама ауқымды қаражатты қажет еткенімен, мектеп жасына дейін балаларды тәрбиелейтін мекемелерге кезекте тұруды 38 пайызға азайтатын көрінеді.

Жиын соңында аймақ басшысы бірқатар облыстық мекемелер басшыларына жаңа балабақшаларды салуда қаржы мәселесін тиімді қарастыруды тапсырып, қалалар мен аудандар әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button