Мәуліт – мейірім мерекесі

Кеншілер мәдениет сарайында Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген айы — «Мәуліт» мейрамына орай, «Пайғамбарлар падишасы» атты рухани кеш өтті. Шараның мақсаты – жастарға пайғамбардың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ізгілік пен мейірімді насихаттау.

«Мәуліт» мерекесіне арналған кеш қасиетті Құранның әуезді үнімен басталды. Құран оқылған соң пайғамбар рухына салауат айтылып, Алла елшісі туралы бейнефильм көрсетілді.

Салтанатты шараға ҚМДБ Қарағанды облысындағы өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Бикенов және аймағымыздағы мешіттердің имамдары, ұстаздар, ақсақалдар қатысты.

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы сахыналық қойылым көрсетіп, Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Нұрмұхаммед Байсүгіров, Мақсат Аханов және Дидар Қамиев тәрізді ел алдында жүрген ақын жігіттер жырдан шашу шашты. Ислам дініндегі ең ізгі амалдардың бірі – ата-анаңды құрмет тұту. «Жұмақ ананың табанының астында» дейді дәстүрлі діннің өкілдері. Дәл осы ой Дидар Қамиев, Нұрмұхаммед Байсүгіров, Мақсат Ахановтардың термесінде баяндалып, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы айтылды.

Жиылған қауымды «Мәуліт» мерекесімен құттықтаған Өмірзақ қажы Бекқожа осы бір кештің өтуіне қолдау білдіріп, жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жарулла Пазылұлына Алғыс хат табыстап, ризашылығын жеткізді.

Мерекелік кешті тамашалауға зал тола халық жиналған болатын. Кіру билеттерінен түскен қаражат көмекке мұқтаж төрт отбасына табысталды. Асыл дініміздің негізін салушы Мұхаммед пайғамбардың үмметіне табыстаған басты өсиеттерінің бірі – садақа беру. Хақ жолын ұстанған мұсылман баласы қашанда айналасындағы жандарға қамқорлық көрсетіп, мүмкіндігінше көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс етуі тиіс. Мейірім мен ізгілік – мұсылманның келбеті және жалпы адамзатқа ортақ құндылық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»