Медицина

Мәселені мезетінде шешетін қызмет

Бүгінде әрбір емхана жанында пациенттерді қолдау қызметі бар. Олар науқас адамның барлық шағымын қабылдап, олқылықтарды жоюға ықпал етеді. Қажет болған жағдайда медициналық сақтандырылушының мәртебесін қалпына келтіру және медициналық көмек алу мәселелері бойынша кеңес береді.

Суреттер автордан

Пациенттер бетпе-бет келетін проблемаларды жедел шешу – осы қызмет мамандарының міндеті. Олар ішкі аудит жүргізуге құқылы. Оның нәтижелері бойынша медициналық ұйымның әкімшілігі бұзушылық фактілері расталса, тиісті шаралар қабылдайды.

Біздің №1 студенттер емханасында Қарағанды зерттеу университеті мен барлық колледждердің студенттері, сонымен қатар, басқа да адамдар медициналық көмек алады. Бүгінгі таңда емханада 13 мың студент тіркелген.

Пациенттерді қолдау қызметіне қандай себеппен жүгінуге болады?

Шұғыл көмек алу үшін сізден сақтандырылған мәртебесі талап етілсе, учаскелік дәрігердің болмауы себебінен қабылдаудан бас тартса, медициналық негіздеме бола тұра, сізге МӘМС бойынша қолжетімді диагностикалық немесе зертханалық тексерулерге жолдама бермесе, осы қызметке жүгіне аласыз. Сондай-ақ, емхана штатында болмағандықтан, бейінді маманнан кеңес ала алмасаңыз, учаскелік дәрігерге аумақ бойынша тіркелсеңіз де, үйге шақырту қызметін көрсетпесе пациенттерді қолдау қызметі мәселені шешіп береді. Кейде дәрігер жоспарлы тексеруді немесе бейінді мамандардан кеңес алуды 10 күннен артық күту керектігін айтуы мүмкін. Мұндайда медициналық мекемелер арасында бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымдарға жіберу мүмкіндігін сұрау керек.

Қабылдау кезінде дәрігер дөрекілік танытса, өзін дұрыс ұстамаса, немесе медициналық этиканы бұзса, медициналық көмектің сапасына қанағаттанбасаңыз, не болмаса тағайындалған емнің дұрыстығына күмәндансаңыз, шағымдана аласыз. Олар сол мезетте мәселені шешуге тырысады. Жалпы медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымның жұмыс сапасына көңіліңіз толмаса, тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі және медициналық сақтандыру пакеттерінде медициналық көмек алуға қатысты мәселелер де осы қатарға кіреді.

Емхананың пациенттерді қолдау қызметіне Георгий Шутко басшылық етеді. Оның айтуынша, пациенттерді қолдау қызметіне тұрғындар соншалықты көп жүгінбейді.

– Биылғы бірінші тоқсанда 5 өтініш түсті. Былтыр – тоғыз. Олардың дені – сол жерде шешілетін мәселелер. Біздің мамандар, науқастардың кез келген шағымы мен ұсынысын қарастырып, нақты шара қабылдады, – дейді Георгий Алексеевич.

Студенттік емхананың ашылғанына биыл үшінші жыл. Маманнан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Барлық бейінді мамандар бар. Атап айт­қанда, үш учаскелік дәрігер, кардиолог, невропатолог, хирург, ЛОР, стоматолог, психолог пен психотерапевт қабылдау жүргізеді. Физиошараларға арналған кабинет, күндізгі стационар да жұмыс істеп тұр. Олардың өз мамандары бар. Біздің міндет – студенттердің денсаулығына ден қою.

Аманжол АБДРАХМАНОВ,
№1 Студенттік емхананың бас дәрігері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button