Қарқаралы

Мұрат – ынтымақ пен бірлік

    Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында елімізде түрлі іс шаралар жиі ұйымдастырылады. Соның бірі – Қарқаралы қаласында да жалғасын тапты. Аудандық  білім бөлімінің мәжіліс залында мұғалімдердің қатысуымен келелі жиын өтті.

Оған  аудандық жастар ресурстық орталығының конфессияаралық қатынастар мәселесін зерттеу және талдау секторының меңгерушісі Амантай Хасенов, облыстың жастар мен балалар ұйымдары одағының төрағасы Жомарт Сүлейменұлы мен облыстың дін істер басқармасы оңалту бөлімінің теологы Бейбіт Бақытжанұлы қатысты. Жалпы, еліміз үшін өзекті болып отырған бұл тақырыптың маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталып өткен Ж.Сүлейменұлы, діни сауаттылықты арттырудың бірден-бір жолы – діннен хабары бар мамандармен өткізілетін кездесудің ұдайы ұйымдастырылып тұруы қажет екендігін баса айтты. Өз кезегінде теолог Б.Бақытжанұлы бұл жиынның терроризм мен экстремизмнің алдын алу және деструктивті жат ағымдардың идеологиялық мақсаттарын түсіндіру, қазақ халқының салт-дәстүріне жат ағымдардың ара жігін ажыратып беру мақсатында өткізіліп отырғандығын айтып өтті. Адамдардың бір-біріне зұлымдық танытуының, бейкүнә адамға қасақана зиян тигізудің көріністері белең алып бара жатқандығын қынжыла жеткізді.

– Жалпы, қоғамға дендеп еніп кеткен жат ағымдардан қорғанудың бірден-бір жолы – діни сауаттылық. Сол арқылы қаракөз қандастарымыздың адасуына жол бермеу. «Уаххабизм ағымының әу бастан белең алуының негізгі себебі, әл-Уаххабтың ұйымдастыруымен шет ауылдардан алдымен өзіне әскер жинап, бәдәуи арабтарын жинап, әскеріне қосып, ақша беріп, бірте-бірте халықты жаулап отырған. Ал, қазіргі күні – өз уағызын жүргізіп, дамып кеткен ұйымдардың бірі. Бұлар кейін келе өздерін салафтармыз деп аттарын өзгертті. Оның басты себебі – жастарды өзіне тарту мақсатында жаңа жарнама жасау. Ал, жалпылай келгенде, салаф сөзінің ешқандай зияны жоқ. Салаф дегеніміз алдыңғы өтіп кеткен адамдар дегенді білдіреді. Мысалы пайғамбар бір хадисінде айтады: «Ең асыл ғасыр менің ғасырым, одан кейінгі ғасыр, содан одан кейінгі ғасыр» деп үш ғасырды айтады. Осы үш ғасырда өмір сүрген адамдарды салаф деп айтамыз. Ал, одан кейінгі өмір сүргендерді салаф деп ешкім айта алмайды. Бұлар өздеріне сондай жақсы сөзді иемденіп, аттарын шығарғысы келді де өздерін салафпыз деп атап кетті. Ал салаф болу үшін пайғамбарымыз айтып кеткен үш ғасырда өмір сүруіміз керек. Одан кейінгілерді халаф дейді. Яғни, кейінгі адамдар дегенді білдіреді. Салафизмнің өзі ішінен іріп жатыр. Төрт-беске бөлінеді. Мысалға, матхалидттер, суринидтер, такфиридтер немесе александриялық салафиттер деп бөлініп жатыр. Мадхалиттердің ерекшелігі – біздің ханафи мазхабына қарсы. Мешітте имамдар мен салт-дәстүрлерді мойындамайды. Суринидтер де мадхалиттерден еш айырмашылығы жоқ. Бұларда ата-баба аруағына құран бағыштау, бет сипау дегенге қарсы келеді. Бұлар үшін намаз оқымаған адам – кәпір болып саналады. Оны адамға ашық түрде айтпайды, дегенмен жеткізуге тырысады. Такфиридтер адамды бірден діннен шығарып жібереді. Егер сен намаз оқымадың ба, сен кәпірсің, сені өлтіре беруге болады деген түсінікпен өмір сүреді, – деді теолог Б.Бақытжанұлы.

Әрине, иірімі көп дінді талдау, ағымдарды ажырату, олардың мақсат мүддесін жіктеу, оны халыққа жеткізуге – ұзақ уақыт керек. Дегенмен, әрбір дұрыс айтылған ой мен пікір бүгінгі күнде адамдардың санасына жетіп, ұрпағын жат ағымдардан сақтауға үлкен негіз болып отыр. Сондықтан болар, әрбір өткен кездесуде, халық білмейтінін сұрап біліп қалуға тырысып, сұрақтарын қойып жатады. Бұл жиында да дәл солай, мектеп ұстаздары, алдына келген шәкірттерінің тағдырына алаңдаулы екендіктерін жеткізе келе, көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптарын алып жатты.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button