Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды
Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі қызметіне тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Мұрат Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын және Ресей Федерациясы Азаматтық қорғаныс министрлігінің Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының нормативтік-техникалық бөлімінде бас маман болып бастаған.
2006-2014 жылдары Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымында түрлі қызметтер атқарды. Кейін Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет бөлімінің және басқармасының бастығы болды.
2017-2020 жылдары Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2020-2023 жылдары осы департаментті басқарды.
2023-2024 жылдары ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды.
2024 жылғы сәуірден бастап осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметінде болды.
Осылайша, Мұрат Мұханов төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік қызметте 20 жылға жуық еңбек өтілі бар маман ретінде министрлікке келді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



