Мәнді өмірі – мәңгі жадыда
Қан майданда кеудесін оққа төсеген батырлардың қатарында біздің әкеміз де болды. Ерен ерлігінің нәтижесінде, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тақты.
Уақыт тұлпардай зымырап өтіп жатыр. Күні кеше ғана ортамызда жүргендей көрінгенімен, Жеңістің соңғы бес көктемін ардақты әкеміз Зейнолла Исағұлұлынсыз қарсы алдық. Егер, әкеміз бар болғанда мамыр айында 95 жасқа толғанын мәре-сәре болып тойлап жатар едік.
Жұбанышымыз – әкеміздің артында қалған жақсы аты мен абыройлы істері…
Ұрпағына мұра қылып қалдырған нақыл сөздерінің бірінде «Мәнсіз өмірден, тумағанның өзі артық» деген сөзі бар еді. Міне, осы «мәнді өмір» деген түсінікпен әкеміздің саналы ғұмырын суреттеуге болады.
Балғын балаң жасында майданға аттанып, ерлікпен елін қорғады. Аянбай қолдан келген қызметін жасап, Отанына еңбек етті. Отбасын құрып, үлгілі ұрпақ өсірді. Жиған-тергенін жастармен бөлісемін деп, университет қабырғасында жасы сексен беске келгенше дәріс берді.
Қарқаралы өңірінің тумасы, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерінің, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, философия ғылымдарының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, сүйікті жар, ардақты әке, құрметті ата болған Зейнолла Исағұловтың ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз.
Аристотель ИСАҒҰЛОВ.