Бас тақырып

Мұнай “ойыншыларының” ойында не бар?

Мұнай құны тағы құбылды. Әлемнің біраз елінің азуын айға білеп отырған қара алтынның бағасы дүйсенбі күні күрт құлдырады. Ел ішінде мұнай құлдырап құласымен доллар қиқулап шыға келді. Доллар бағамы теңгеге шаққанда 11 теңгеге өсіп кетті. Мұнайдың мұндай арзандауы әлемді абдыратып тастады. Жалма-жан дүние жүзі макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау әрекетіне көшті. Оның қатарында Қазақстан да бар. Сонымен, әлем жұрты “қара дүйсенбі” деп атау берген 9 наурыздағы мұнайдың ахуалық нешік еді? Қазір қандай? 10-1 наурызда Қазақстан қор биржасының саудасында ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 393,5 теңге болды.

ВИРУС ЭКОНОМИКАНЫ ДА КЕМІРІП ЖАТЫР

 Ресми деректер коронавирустың жаппай таралуы әлемде өнеркәсіп өндірісін шектеді дейді. Соған байланысты мұнай өнімдеріне деген қажеттілік те төмендеген. Осыған орай ОПЕК+ (мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы) аясында Сауд Арабиясы мен Ресей мұнай өндіру көлемін азайту жөнінде бір келісімге келе алмағанын айтады. Нәтижесінде Сауд Арабиясы мұнай өндірісін сәуірден бастап тәулігіне 9,7 миллионнан 10- 11 млн. баррельге жеткізетінін мәлімдеген. Іле-шала 9 наурызда Brent маркалы мұнай бағасы 30 пайызға төмендеп, баррелі 31 долларға бағаланды.

Мұнай құны төмендесе, Қазақстан экономикасында да орын алатын ауытқуларға бұқара да алаңдайды. Теңгенің құнсыздану қаупін де болжап, бағдарлап та жатады жұртшылық. Не десек те, экономикаға орасан ықпалы бар мұнайдың арзандауы – мұнайды эскпорттайтын кез келген елге аяғын аңдап-аңдап басу қажеттігін еске салады. Оған қоса, әбжіл әрекеттерді де керек етеді.

ҮКІМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ БАНК ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайдың құны құлдилап құлаған 9 наурыз күні-ақ елдегі экономикалық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Үкіметке, Ұлттық банкке тапсырма берді. Ең бастысы – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау тиістігін қадап айтты. Шұғыл әрекет ету штабы құрылды да. Оған Премьер-Министр басшылық жасайды.

Бұдан бөлек, дәл сол дүйім елді дүрліктірген дүйсенбіде Үкімет пен Ұлттық банк үндеу жариялады. Онда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басымдықтары макроэкономикалық тұрақтылықты және салық-бюджет саясатының тиімділігін қамтамасыз ету, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып қалатынын мәлімдеді. Сыртқы нарықтардағы қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсер етуіне тұрақты мониторинг жүргізілмекші.

«Үкіметтің бюджет саясатының шаралары әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталатын болады. Басым емес бюджет шығындарын қысқарту шаралары қабылданады.

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін болдырмауға ерекше назар аударатын болады. Қызметкерлердің санын қысқартуға жол бермеуді және еңбекақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі» делінген ол үндеуде.

«БАРЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ УАҚЫТЫЛЫ ӘРІ ТОЛЫҚ ТӨЛЕНЕДІ»

Ал, 10 наурызда өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, әкімдіктерге – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша нарықта тауар интервенцияларын өткізу үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке есеп беретін басқа да ұйымдарға – валюта нарығындағы өз операцияларын Ұлттық банкпен келісуді жүктеді.

Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін ауыстыра отырып, бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу міндеттелді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне – уақытылы әлеуметтік төлемдерді толық көлемде қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу, оның аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ, әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету айрықша атап айтылды.

 «Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалатынын атап өткім келеді. Барлық зейнетақы мен жәрдемақы уақытылы әрі толық көлемде төленеді» – деді Асқар Мамин.

ТЕҢГЕ ҚОРҒАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев сыртқы сектордағы қауіптің жоғарылауы жағдайында баға тұрақтылығын сақтап, теңгенің айырбастау бағамын қорғау қажет екенін айтты. «Сондықтан, Ұлттық банк кезектен тыс отырыста базалық мөлшерлемені биылғы 10 наурыздан бастап +/- 1,5 пайыздық пунктпен 12 пайызға дейін өсіруге шешім қабылдады» – деді. Ол базалық мөлшерлеменің өсуі макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға, сыртқы нарықтардың ішкі бағалар мен долларландыру деңгейіне теріс әсерін болдырмауға жағдай жасайды деп түсіндірді. Сондай-ақ, теңгенің құнсыздануына байланысты Ұлттық банк Қазақстандағы қаржы нарығын тұрақтандыру үшін қажет шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ұлттық валютаның еркін айналымы жағдайында девальвация болмайтынын айтады.

 «Біздің елде «баға дәлізі» жоқ, тиісінше девальвация болуы да мүмкін емес» – деген министр мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болуы бюджетке қауіп төндірмейтінін жеткізіпті.

ҮМІТ ОПЕК-ТІҢ ОТЫРЫСЫНДА

 ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер мен болжамдар орталығының директорының міндетін атқарушы Қуаныш Бейсенғазин «Мұнайдың бағасы кеше (9 наурыз-авт.) 30 долларға дейін төмендеп, бүгін (10 наурыз-автор.) 36 долларға қайта көтерілді. Бұл жағдайды қысқа мерзімді құлдырау деп санаймыз. Себебі, бұл құлдыраудың артында ешқандай макроэкономикалық немесе дағдарыстық жағдай емес, ОПЕК+ аясындағы Сауд Арабиясы мен Ресейдің келіспеушіліктері тұр. ОПЕК+ құрамындағы және оған кірмейтін елдер арнайы уағдаластықпен осы жылы мұнай өндірісін азайтуы қажет еді. Жоғарыда атап өткендей, бұл құлдырауды қысқамерзімді деп санаймыз. Себебі мұнайдың төмен бағасы не Ресейге, не Сауд Арабиясына тиімді емес. Сол себепті, жақын арада бұл мәселе бойынша бір мәмілеге келеді деп ойлаймыз» – деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.

Көптеген сарапшылар 18 наурызда өтетін ОПЕК+ техникалық комитетінің отырысында Сауд Арабиясы мен Ресейдің бір мәмілеге келуіне үміт артады. ОПЕК отырысы опа берер деген сенімі зор әлемнің.

Экономист Сергей Домнин әлеуметтік желідегі парақшасында мұндайда күйгелектіктен сақтанған абзал деген кеңес береді.

«Көп жағдайда күйгелектік салдарынан болған ауытқулар орын алуда, яғни, біреулер үшін бұл спекулятивтік болып отыр. Олар осындай жағдайды туындатуда. Менің ойымша, жағдай түзелуі тиіс.

…Біріншіден, бағамға қатысты түсініксіз жағдайды көріп тұрып, бірден айырбастау пунктіне барудың қажеті жоқ. Өйткені, валюта айырбастау орындарына бірінші болып барғандар валютаны айырбастайтындар үшін қосымша табыс жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, халық өз шығындарын жоспарлаумен айналысуы керек, яғни, ұзақ мерзімді қадамдар жасауы қажет» – дейді экономист.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button