Осакаров

МҮМКІНДІКТІ МҮЛТ ЖІБЕРМЕУ

«Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы басымдықтары болашақ гүлденген еліміздің іргетасы болып табылады. Елбасы «Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік» деп атап айтқандай бұл мүмкіндікті әрбір қазақстандық мүлт жібермеулері керек. Қоғамдық сана осы қағидатты сіңіре бастады. Оның жарқын көрінісін Осакаров ауданынан байқадық.

Облыстық мәслихат хатшысы Рысқали Әбдікеров кезекті жұмыс сапарымен Осакаров ауданына барады дегенде оған бәлендей таңдана қойған жоқпыз. Өйткені бұл аудан Елордамыздың азық-түлік аймағына кіретін әлеуетті өңірлердің бірі. Сондықтан да, оған назар да ерекше болуы керек деп топшылағанбыз.

Бұрында осы ауданды басқарған Рысқали Қалиақпарұлы бірден астықты құрылымдардың біріне бастар деп ойлағанбыз. Өйткені ауыл шаруашылығы департаментінің басшысы Юржан Бекқожа да ат басын осында тіреген еді. Жоқ, әлеуметтік сала өз тұғырынан түсе қоймапты.

Осындағы «Нұрай» балабақшасының табалдырығын аттағанымызда басқа дүниеге кіріп кеткендей болдық. Бірден айтайық, мұнда сауна, болмаса фитнес, болмаса бассейн жоқ. Есесіне психолог, логопед, басқа да кабинеттер бар жарағымен жұмыс істеп тұр. Спорт залында түске де кірмейтін тренажерлер баршылық екен. Медициналық блоктың өзі жатқан бір шағын аурухана кешені. Мұндай кешеннің қалада да бола бермейтінін ашып айтайық. Сегіз мың халқы бар кентке осындай балабақша керек пе деген заңды сауал туады. Мұнда 320 балдырғанның тәрбиеленіп жатқанын айта кетейік. Мұнан басқа тағы бір «Балдырған» деген балабақша жұмыс істеп тұр. Онда 125 тәрбиеленуші бар.

Керек дейді мамандар да, жергілікті тұрғындар да. Өйткені онда үш тілді оқыту енгізілген.

Елдің содан да балаға деген алаңы жоқ. Осыдан барып нәтижелі жұмыс бар. Мекеме басшысы Гүлсім Бейсенқызы ата-аналық жарнаның 7 мың теңге екенін айтып қалды. Осыдан кейін де мемлекеттің қамқорлығы қайда дейміз-ау…

Бүгінде аттың жемін жеп, тайдың жұмысын істеген жарамайды. Кешегі күннің дөңгелеген дүниесі ертең кері айналатын болады. Соны жергілікті жерде сезіну бар. Сезініп ғана қоймай қарсы әрекеттер жасап жатыр екен.

Қала құраушы кәсіпорындар әлеуметтік нысандардан «құтылып» жатыр. Мұның жергілікті бюджетке айтарлықтай салмақ салатыны белгілі. Бүгін болмаса да ертең жергілікті әкімдіктің балансына өтетінін анық. Он мың үйді жылытатын қазандықпен жұмыс істей береміз бе? Біздегі үй саны мыңға да жетпейді ғой…

Ашығын айтайық, мұндағы қазандық мұржаларының азайғанын байқай қоймадық. Алайда, қазандық саны кеміп жатыр екен. Жүктемелерін көтеру арқылы.

Мәслихат хатшысының сапары аудан әкімінің есеп беру жиналысымен тоқайласырылған екен.

Жаңа басшының, жас басшының жұмыс істеу стилі баршаның көңілінен шығып отыр деп асылық айтпай-ақ қоялық, алайда есеп беру жиналысында әкімді, болмаса оның командасын сынап-мінеп сөйлегендер, болмаса ашынып сөйлегендер болмады. Аудан басшысы Қайрат Шайжанов ешкімге де «бықбырт» тимеген. Сырттан кадр іздемеген. Нөкерлер ертпеген. Әрине, сұраған. Жауапкершілік сұраған. Жұмыс сұраған.

Содан да нәтиже бар. Осакаровтықтар қатарынан бірнеше рет аудандар арасында рейтингті бастаған.

Сонымен жыл қорытындысы нені көрсетті?

Мұнда ілгерлеушілік бар. Қай салада болсын.

Биылғы қыс онша қолайлы болып тұрған жоқ. Қазірдің өзінде бұл өңірге бұрынғыға қарағанда қар екі есе артық түсіпті. Қайда қарасақ та қар жалдары көзімізге түседі.

Осакаровтықтар қар астында қалдық, тірідей көмілдік деп байбалам салған жоқ. Бәрін де ақылға салды. Бүгін бір күрек қар лақтырса, ертеңінде екі күрек қар лақтырды. Өзінің ауласын ұтылап, көршісінің ауласын да ұмытпады.

Бұл ауылдың ауызбіршілігі бар деген сөз.

Жергілікті басшылықтың салық базасын нығайту жөніндегі талпыныстарын да түсінуге болады. Жиналыста сөз сөйлеген Рысқали Қалиақпарұлы мұны қадап тұрып айтты. Ірі кәсіпорындар жергілікті жер бойынша тіркеуге тұрмайды. Бұл салық төлемдері басқа аймақтарға кетіп жатыр деген сөз. Бұл жерде мысалға «Ертіс-Қарағанды» каналын келтіруге болар еді.

Ортақ істе халық қалауларының да үлесі бар, әрине. Аудандық мәслихаттың хатшысы Қанат Саққұлақов басқарған депутаттар корпусы жергілікті әкімдікке жанды көмек көрсетуде. Сессияның күн тәртібіне күрмеулі мәселелер шығарылып қоймай, оның нақты шешу жолдары қарастырылады.

Төрехан МАЙБАС

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button