Бас тақырыпЖаңалықтар

Мәңгілік елдің мәртебелі мерекесі

Алаш жұрты Азаттыққа қол жеткізіп, төрткүл дүниеге егемен ел ретінде танылғанына да биыл – 27 жыл. Қазақ елі үшін қастерлі мереке облыс орталығында да арқа-жарқа көңілмен атап өтілді. Кеше ҚР Тәуелсіздік күніне орай аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен Кеншілер Мәдениет сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Шара барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, ел ішіндегі достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін өңіріміздегі айтулы азаматтарға мемлекеттік наградалары табыс етілді. Сондай-ақ, облыс пен республиканың дамуына қосқан ерен еңбегі бағаланып, бірқатар азамат «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын иеленді.

– Бүгінгі мерекенің еліміздің тарихында, халқымыздың тағдырында алатын орны ерекше. Себебі, бұл мереке – ұлтымыздың ғасырлар бойғы қаһармандық күресінің, өміршең рухының, өшпес жігерінің жеңісі. Бүл күннің еліміз үшін өте зор тағдыршешті маңызы бар. Тәуелсіздік, ең алдымен, ата-баба рухына тағзым ететін күн. Егемендік дегенде ұлтқа ұстын болған хандар, ел қорғаған батырлар, кемел билер, ұлт қайраткерлері еске түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сингапурлық таңғажайыптың авторы Ли Куан Ю «Азаттыққа деген аңсарлық, өмірге деген құштарлық қазақты тәуелсіздікке жеткізді. Жақын елу жылда Қазақстан Сингапурдың, Оңтүстік Кореяның экономикалық ғажабына жете алатынына сенемін» деген еді. Бүгінде оның жорамалы өмір шындығына айнала бастады, – деді Ерлан Қошанов.

Сөз соңында аймақ басшысы мемлекеттік наградалар мен «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» марапатын табыстады. Сөйтіп, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Нұра ауданындағы «Қайнар» ЖШС директоры Сейтжаппар Нығметовке табыс етілсе, «Парасат» орденімен еңбек ардагерлері Жарылқасын Бикенов, Сағадат Дүйсебек және Арғын Нығматулин марапатталды.

Бұдан бөлек, Жезқазған қаласының Бизнес және көлік колледжінің байланыс орталығы директоры Зулпа Чумакова ІІ дәрежелі «Достық» орденін иеленді.

«Құрмет» орденімен марапатталған азаматтар қатарында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры Нәби Айтжанов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Шахтинская» көмір департаментінің шахта директоры Игорь Ахмеев, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Бурковский, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры Аристотель Исағұлов, «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Гүлнар Құрбанбаева, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігіндегі «Арай» ансамблінің орындаушысы Сержан Мұсайын, «RecyclingCompany» ЖШС бас директоры Александр Рябинин және еңбек ардагері Әмір Сембеков бар.

Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ слесарь-жөндеушісі Әлім Құрбанғалиев пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы – «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің «Қоңырат» кеніші кен учаскесінің экскаватор машинисі Қасен Макин ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталса, «Чернобыльдің аса қауіпті аймағында болған мүгедек ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Баекенов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Өз кезегінде, «Ерен еңбегі үшін» медалін «Оргкомитет МЖК» ЖШС президенті Николай Абт, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы – «Нұрқазған» кенішінің директоры Асхат Базылов, «Жандос» ЖШС директоры Ритта Гайнутдинова, Абай ауданының еңбек ардагері Николай Дудкин, «Феникс» дәстүрлі қызмет көрсету орталығының директоры Рафик Ипкаев, жеке кәсіпкер Жансұлтан Қасымбеков, еңбек ардагерлері Татьяна Кулагина, Владимир Литвинов, Алпысбай Мұқашев, Раиса Нүркеева, Галина Рахымова және Алтай Сметов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі кен-өндірістік кешенінің үңгілеушісі Тұрсынбек Макишев, «Мулаков» шаруа қожалығының басшысы Абзалбек Мұлақов, «Құрылысмет» стандартты емес жабдықтар мен шағын механизация өндірісінің басшысы Мақсат Мұратбеков, Шахтинск қаласы білім бөлімінің басшысы Николай Онсович, облыстық көмір өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Дмитрий Попов, «СараньТеплоСервис» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Анатолий Славгородский және «Қарағанды қаласының қалалық коммуналдық шаруашылығы» ЖШС директоры Мейрам Ысқақов еншіледі.

Теміртау медициналық колледжінің директоры Светлана Брамонтова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты «Спецшахтомонтаждегазация» басқармасының жерасты машинисі Юрий Давыдов, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытының учаске шебері Ибрахимхаліл Дүйсенбаев, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің артисі Мәдина Жақыпова, «Азурит» ЖШС тең құрылтайшысы Нұрлан Қалтаев, «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінің директоры Әбдікәрім Жаппаров, еңбек ардагері Тұңғышбай Мұқан, «Костенко» шахтасының тау-кен жұмыскері Виктор Пархаев, Сәтбаев қаласындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бокстан бапкер-жаттықтырушысы Есеркен Түсүпов ҚР Құрмет грамотасын иеленді.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медаліне Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова мен «Казачья вольница» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Татьяна Сим лайықты деп танылды.

Ал, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін ұсынылатын «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы да биыл өз иелерін тапты. Олар – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымбек Медиев, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер Мұзараф Аханов және Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Шахтинск қаласының Құрметті азаматы Григорий Презент.

 Салтанатты кеш соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button