Руханият

Мұқанның мұңды әуендері

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Жанға дауа әуендер» жобасы аясында қазақтың көрнекті композиторы, KСРО-ның халық артисі Мұқан Төлебаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ғажап ғұмыр» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Шараға «Болашақ» Қарағанды жоғарғы колледжінің студенттері, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектептің, №14 мектеп-гимназияның, №23 орта мектептің оқушылары қатысты.

Оқырмандар назарына кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге шолу жасалып, Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты деректі фильмнен үзінді көрсетілді.

Кітапхана басшысы Нұргүл Каленова сөз сөйлеп, композитордың болмысы бөлек шығармалары туралы қысқаша айтып өтті.

– Өнер айдынында ән кемесінің желкені биік, ескегі ерен болған қазақ музыкасына жаңа леп әкеліп, биікке көтерген Мұқан Төлебаевтың ұрпаққа мұра еткен өшпес туындыларының бірі «БіржанСара» лирикалық-драмалық операсы тұңғыш 1946 жылы қойылды. Бұл соғыстан кейінгі қазақ музыка мәдениетіндегі өте маңызды оқиға болды. Лирикалық жанрдағы шығармалары Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған әндері өлім мен өмір арасында жүрген жауынгерлердің сағынышын суреттейді. Атап айтсақ, композитор соғыс кезіндегі көңіл-күйді «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Келші, Сәулем» және тағы басқа лирикалық романстар арқылы жеткізген, – деді Нұргүл Қасымханқызы.

Мұқан Төлебаев «Алтын мүйіз» кинофильміне «Жылқышы әні», «Қойшы әні» сынды бір қатар әндерді жазған бірегей талант.

Шара барысында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары, әнші Дулат Аханов пен баяншы Александр Герасимов композитордың «Кестелі орамал» әнін шырқады. Кітапхана оқырманы, жас әнші Бірлік Төлепбек те композитордың әндерінен үзінді орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. «Болашақ» колледжінің І курс студенттері «Есімің ел есінде – дара тұлға» композициясын ұсынды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button