Мұғалімнің кәсіби дамуы – заман талабы
Қазіргі таңда педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту – педагогтің кәсіби тәжірибе негізінде үздіксіз өз білімін арттыру, дамыту, шыңдауға әкелетін кәсіби тәжірибені жаңарту, жаңалықтарды қабылдау мен меңгертудің қарқынды үдерісі.
Білімдегі жаңашылдықты одан әрі ізгілендіру, жеке тұлғаны қалыптастыруда озық, жаңғыртылған әдістемелік жүйені меңгеру, әлемдік білім беру кеңістігіндегі ел дамуына оңтайлы ізгі қадамдарды игеру, жаңа талаптарға сәйкес жүйелі жұмыстарды жүзеге асыру білікті педагогтердің міндеті болып отыр.
Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейінің НЗМ тәжірибесін трансляциялау бойынша мектеп-лицейдің даму жоспарына сәйкес 2016-2017ж. қала мектептерінің директордың орынбасарларына кадрлық, ақпараттық және ұжымдық – әдістемелік жағдай жасау мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ тәжірибесін тарату үшін жыл бойы жоспарға сәйкес 4 семинар өтті. Қала мектептерінде осы семинарлардың нәтижесінде ашық есік күндері өткізілді. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік үдерістер баланың жеке тұлғасына, ішкі жан-дүниесіне бағытталған жаңа оқу мақсаттарын құрастыруды талап етіп отыр, яғни өздігінен жаңалық аша білетін ұрпақты тәрбиелеу. Кіріктірілген білім беру бағдарламалары жүйелі-әрекеттесу тәсіліне бағытталып, онда оқушы дайын білім алмай, өздері оқу-танымдық іс-әрекет жасауына негізделіп құрылады. Қаламызда өткізіліп жатқан магниттік мектептер арасында дәстүрлі іс-тәжірибесімен бөлісу семинарлары мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен құзыреттілігін қауымдастықтар арқылы дамытуға көп септігін тигізеді. Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейінде «Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі» , Абай атындағы №2 мектеп-лицейінде «Білім берудегі заманауи өзгерістер – табысты оқу кепілі», «С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясында «Бүгінгі жаңаша ұстаз қабілетті тұлға», №8 орта мектепте «Мұғалімдердің кәсіби дамуы – нәтижелі оқытуға бағыттау жолы», №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектепте «Кәсіби диалог: ізденіс пен тәжірибе», №5 орта мектепте «Оқу үдерісінде жаңа әдіс – тәсілдерді іс-әрекетке енгізу» , №24 орта мектепте «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі – білім берудегі өзгерістер кілті» тақырыбында өткен семинарлардан НЗМ іс-тәжірибесі бойынша оқушылардың өмір сүру қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды іс-шаралардың өткізіліп жатқанын көрдік. Осы ашық есік күндерінен қала мектеп мұғалімдері үш бағыттағы жұмысты жүйелі ұйымдастырғанын байқадық. Сонымен қатар, қаламызда НЗМ тәжірибесін трансформациялау бойынша жылдық жоспарға сәйкес онлайн ашық сабақтар өткізілді. Мұғалімнің кәсіби дамуы, білім мазмұны, тәрбие жұмысы, білім үрдісін қолдау, тәжірибені тарату бүгінгі күннің басты талабы екенін түсініп, осы семинарларда ашық алаңда пікір алмасты. Ынтымақтастықта жұмыс жасауға барлық оқушыларды тарту үшін қолайлы бірлескен орта жасау арқылы танымдылық белсенділіктерін арттыру керек екендігі айтылып, қала мектеп мұғалімдерімен іс-әрекеттегі зерттеу танымдық қызығушылықтарды дамыту үшін қолданылған әдістер мен құралдардың тиімділігі туралы өз зерттеулерімен бөлісті. «Жарқын белес» қоғамдастық аясындағы қызмет білім алуға және әртүрлі мектептерде жүріп жатқан үдерістерді біліп отыруға, сондай-ақ, оқыту жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бере отырып, магниттік мектептердегі мұғалімдердің тәжірибесін, үдерістерін және олардың кәсіби құзыреттіліктерін, сапалы нәтижелерін таратуға мүмкіндік беріп отыр.
И.ЖҰМАТОВА,
№15 мектеп-лицейі директорының инновациялық ісі жөніндегі орынбасары.
БАЛҚАШ қаласы.