Жаңалықтар

Мұғалімге – мың тағзым

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

        Төл мерекелері қарсаңында Осакаров ауданының ұстаздары құрмет-қошеметке бөленді. Бейсенбі күні аудан орталығында өңірдегі мұғалімдердің басын қосқан салтанатты жиын өтті.

Осакаров ауданында 2 мыңға жуық мұғалім білім беру саласында тер төгіп жүр. Ұрпақ тәрбиелеу – оңай іс емес, әрине. Алайда, осакаровтық ұстаздар өз қызметін «қасиетті борышым» деп біледі. Салтанатты рәсімде төрден орын алған осы жандарға ұлық құрмет көрсетілді.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева жүрекжарды лебізін арнап, ұстаздар қауымын құттықтады. Аудан орталығындағы №9 гимназияның ресурстық орталығы директорының орынбасары Татьяна Вагнерге ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын тапсырды. Және Сарыөзек ауылындағы №21 орта мектептің директоры Кеңшілік Мұсалім мен Пионер ауылындағы №3 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ольга Боровских Министрдің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Сағынай Жапаров пен Ольга Сандалиданы құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Бірнеше жылдар бойы білім ордаларын басқарған қос ардагерге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Бұдан бөлек, бір топ ұстаз «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, облыстық білім басқармасы, облыстық білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті тарапынан мақтау-марапатқа ие болды.
Сәні мен мәні келіскен кеште әуенді әнге, әсем биге кезек берілді. Оқушылар дайындаған концерттік бағдарлама ұстаздар көңілін марқайтты.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button