Жаңалықтар

Мұғалім мәртебесі – қоғам мәртебесі

Елімізде білім саласындағы реформалардың осы саланың майталман мамандарының өзіне де оңай соқпай жатқаны жасырын емес. Кеңес кезеңінде айдарынан жел есіп тұрған мұғалім мәртебесі бүгінгі таңда солғын тарта бастағанын қайда қоярсың?.. Елбасымыздың Жолдауындағы «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы олқылықтың орнын толтырар деген үмітіміз бар.

Білім беру саласындағы қызметкерлердің құқықтық ережелері мен еңбек жағдайлары жалпы әкімшілік заңнамамен, Білім туралы заңмен және осыған қатысты қабылданған түрлі арнайы құқықтық актілермен реттеледі.

Көптеген мемлекеттерде мұғалімдердің құқықтық мәртебесі олардың қандай білім беру секторында жұмыс істеуіне қарай айқындалады. Егер қоғамдық секторда жұмыс істесе, мемлекеттік қызметші болып табылады да, жеке меншік секторында болса, мұндай мәртебені иелене алмайды. Мәселен, Аустрия, Бельгия, Греция, Дания, Испания, Италия, Люксембург, Португалия, Финляндия, Германия, АҚШ және Канада сынды мемлекеттерде мұғалімдер мемлекеттік қызметші ретінде саналады. Ал, Ұлыбритания мен Ирландияда олар еңбек келісімшарты негізінде жалдамалы қызметші болып тартылады. Яғни, мұндағы жеке оқу орындары мұғалімдерді белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты арқылы қабылдап, ондағы құқықтық қатынастар азаматтық және құқықтық принциптерге сәйкес реттеледі. Бір қызығы, Аустрия мен Финляндиядағы жеке меншік секторында жұмыс істейтін мұғалімдер мемлекеттік қызметші секторына жатады.

 Мұндағы мемлекеттік қызметші санатындағы мұғалімдердің төмендегідей бірқатар артықшылықтары бар:

– мемлекеттік қызметші мәртебесіне лайықсыз теріс қылықтар жасамаса, жұмысқа қабылданғандарға жұмыс істеуіне өмір бойғы кепілдік беріледі;

– елде белгіленген зейнет жасы жұмыстан босатуға себеп бола алмайды;

– мұғалімнің «жақсы» зейнетақы алуына кепілдік беріледі.

Мұғалімнің еңбек жүктемесін нормалау тәсілі әр елде әртүрлі. Дегенмен, Қазақстан, Ресей және Шығыс Еуропа елдеріне қарағанда, Батыс елдерінде тіптен басқаша, жүктеме апталық емес, жылдық өлшеммен есептеледі. Салыстырмалы түрде айта кететін болсақ, бізде мұғалім еңбекақысы апталық сағат санымен ғана есептеліп, төленеді. Бұл елдерде еңбек жүктемесі астрономиялық сағатпен есептеліп, мұғалімнің барлық атқаратын міндеттері толық жүктеме ретінде қамтылады. Ал, сабақ беру уақыты соның бөлігін құрайды. Басқаша айтсақ, нормалау мұғалімнің аптасына қарай беретін сабақтар санына емес, оның оқу орнында өткізетін астрономиялық сағатпен өлшенетін міндетті уақыт санына қарай негізделеді.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстандағы мұғалімнің айлық жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан 25 пайыз төмен. Германияда мұғалімнің бір айлық жалақысы – 4 мың еуро, Қытайда – 1 мың доллар.

Біздің елімізде де мұғалімнің жағдайын жақсарту мақсатында игі бастамалар қолға алынуда. Елбасымыздың Жолдауындағы тұрмыс сапасын арттыру мәселесі халықтың көкейінде жүрген бірқатар проблемаларды тап басқан. Соның бірі – «Педагог мәртебесі туралы». Осы орайда заң жобасы да әзірленіп, қызу талқылануда.

Білімнің негізгі іргетасы орта мектеп қабырғасынан қаланатынына дау жоқ. Бұл жерде жауаптылық жүгі де мектеп мұғалімінің мойнында. Ал, қағазбастылық пен міндеттен тыс функциялардың құрсауында жүрген бүгінгі таңдағы мұғалімдерімізден қаншалықты білім беру сапасын күтуге болады? Міне, осы тұрғыда Елбасымыздың жоғарыдағы қозғаған талабы да бекерден емес-тін.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасындағы сүбелі ұсыныстардың бірі – тікелей педагогика саласында 30 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығу. Бұл мәселе көршілес Ресей мемлекетінде әлдеқайда шешімін тауып, өткен жылы сәйкесінше заң да қабылданып қойған болатын. 2018 жылғы 3 қазандағы (2019 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін) № 350 Ресей федеративтік Заңына сәйкес мұғалімдер өз кәсіби қызметінде 25 жылдық еңбек өтілі болуына қарай жеңілдікпен зейтнетке шығу мүмкіндігіне ие болады. Сәл шегініс жасайтын болсақ, 90 жылдары еліміздегі мектеп мұғалімдеріне тура осындай жеңілдік қарастырылып, біразы зейнетке шығып үлгергені баршаға аян. Ал, 90 жылдардағы еліміздің экономикалық ахуалы сын көтермейтін жағдайда еді. Бүгінгі таңдағы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан ойып орын алғалы отырған Қазақстан экономикасы үшін аталмыш мәселе соншалықты ауыр тиеді» деген желеу қисынға келе қоймас.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, дамыған мемлекеттердің бірқатарында мұғалім мамандығы беделді де, табысты мамандықтардың бірі болып саналады. Бұдан сапалы білімсіз қай салада болсын дамудың ауылы алыста екендігін түсіну қиын емес. Елбасымыздың «Білімді жастар – еліміздің келешегі» деген насихаты да осымен ұштасып жатыр. Заң жобасында көрсетілген «мұғалімдерді формалдық қағазбастылықтан арылту, жалақы деңгейлерін барынша көтеру, әлеуметтік сақтандыру, баспанамен қамтамасыз ету, еңбек өтіліне орай жеңілдікпен зейнетке шығару» сияқты мемлекет тарапынан болатын қолдаулар заңды күшіне енсе, осы бағыттағы біршама проблемалардың түйіні шешілетіні күмәнсіз.

Қанат ӘБУҒАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы Ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері,

 филология ғылымдарының кандидаты,

 полиция подполковнигі.

Басқа материалдар

Back to top button