Жезқазған

«Ұлытау үні» отызында «орда» бұза ма?

Халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің XXIX аймақтық «Ұлытау үні» фестивалінің шымылдығы халық ақыны Тайжан Қалмағанбетовтің туғанына 140 жыл толуына орай, «Атандым ақын Тайжан бала жастан…» атты дәстүрлі әншілер кешімен түріліпті. «Түріліпті» деп отырғаным, өнер шәрбатымен сусындаудың сәті түспеді. Өте кеш естідім.

«ШЕБЕР ҚОЛДЫҢ ШУАҒЫ»

Фестиваль аясында тарихи-археологиялық мұражайдың көрме залында жезқазғандық суретші, ағашқа түрлі бедер салушы Александр Кузнецовтың жеке көрмесі ашылды. Оның кіндік қаны Ресейдегі Омск облысының топырағында тамғанымен, ержеткеннен кейінгі барлық саналы ғұмыры Жезқазғанда өтті.

Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің түлегі алғашқыда Жезқазған телеарнасында суретші-декоратор болып жемісті еңбек етті. Ал, 1971 жылдан зейнет демалысына шыққанша Қарағанды көркемсурет қорында қызмет атқарды.

Қалада «Жастар» саябағы ашылғанда, ол оны безендіру мен сәулеттендіруге көп еңбек сіңірді. Александр Егоровичтің шебер қолынан шыққан көзтартар небір декоративті композициясы мен тамаша туындысын қаланың көрікті жерлерінен көптеп кездестіресің.

Шебер қолдың шуағына шомылған металлургтер қаласында өзін көрмесе де, өнері арқылы есімін естімеген адам некен-саяқ. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақмыс» корпорациясының ұжымы атынан ұсынылған, қайыңнан жасалған кәдесый — «Сарыарқа» гүлсауыты Александр Егоровичтің қолынан шыққан туынды екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін.

Бірқатар жұмысы Қазақстан тарихына арналған. «Аралбай батыр», «Алаша хан», «Қунақұлы Омар ақынға» атты керемет туындылары бар. Қарағанды көркемсурет қорының атынан Алматы, Қарағанды және Қазақстанның басқа да бірқатар қаласында, сондай-ақ Мәскеуде өткен көрмеге қатысып, жүлдемен оралған.

Ағашқа түрлі бедер салумен, декоративті-қолданбалы өнермен, ағашты токарлық өңдеумен айналысып, декоративті композиция, кәдесый, гүлсауыт, шырағдан, тағы басқа бұйымдар жасаған шебердің 80- ге жуық туындысы жеке көрмеге қойылды. Оның әрқайсысы терең талғам, парасатты пайыммен жасалғанына күмән жоқ.

Александр Егорович биыл 12 қаңтарда дүниеден озды. Көрменің ашылу салтанатында кейбіреу: «Жеке көрме – оның арманы еді. Әттең, көре алмай кетті!» деп күңіренді. Өкінішті, әрине!

Бірақ, бұдан – он, тіпті, жиырма жыл бұрын кім кедергі келтірді?!

Ол ондай құрметке әбден лайық еді.

«ӘН-ҒҰМЫР»

Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыс әкімінің «Өнер тарланы» және «Жыл вокалисі» сыйлықтарының лауреаты, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Береке Көшеновке бұйырған. Өмірінің жарты ғасырын ән өнеріне арнаған сахна саңлағының 45 жыл ғұмыры биыл 65 жылдығын атап өткелі отырған Жезқазған қаласымен тығыз байланысты.

Бір ұжымда осыншама уақыт тапжылмай қызмет еткен ол «Ұлытау», «Жезкиік» ән-би ансамблінің құрамында шетел шарлап, Ресей, Германия, Испания, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан сахнасында қазақ әнін шырқап, тыңдарманын тәнті етті. Жалындаған жастық шағында Е.Хасанғалиевтің «Жанарым» әнімен елді елең еткізген, әншілік қуатын әйгілеген ағамыз әлі бабында екен. Өнер кешін сол әнмен ашып, көрерменін бір серпілтіп тастады.

Бекеңнің бойы тұнған өнер. Сезімді селт еткізетін шымыр шумақтан тұратын «Әнге ғашық жүрек», «Көңілімнен ұшады кептер өлең» және «Жырлайды жүрек» атты жыр жинақтары өз оқырманын тапқанына да біраз болды. Жақында Астанадағы «Кәусар» баспасынан «Ән-ғұмыр» жинағы жарық көреді. Сосын ақындығына композиторлығын қосыңыз.

Ақындығы мен композиторлығы қанжығаласқан өнер тарланы кейде ән мен сөзді өзі жазып тастайтыны бар. «Туған жер», «Толағай», «Тұнығым», «Ақ тілек», «Жылдың басы – Наурыз», «Барлығы да менікі», «Махаббатқа мың өртеніп, мың күйіп», «Шаттық қайда күлген?», тағы басқа әндері – талант толғанысынан туған тамаша туындылар. Ал, Жезқазғанға арнап жазған «Алқасындай Арқаның» әні қаланың 50 жылдығына орай жарияланған байқауда бірінші орынды иеленгенін айта кеткен артық болмас.

Береке Көшенов көрерменге керемет кеш сыйлады. Шығармасын шәкірттері шырқап, кездесудің шырайын кіргізді.

КІМ ҮШІН?

Үш күнге созылған өнер мерекесінен кейін мені осы сауал мазалады. Сонау тұсауы кесілген тұста «Қазақстанды қамтитын фестивальге айналады» деген арман әдірәм қалатын түрі бар. Аймақтық фестивальдің кімге арнап ұйымдастырылғанын ұқпай, басым қатты.

Тайжан ақынның дәстүрлі ән кешін тамашалаған танысым: «Бардық. Көрдік. Әдеттегідей, зал толмады. Бірақ, біраз есті ән тыңдадық» деді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Тайжан атамыздың ән мұрасын жинап, жұрт кәдесіне жаратушы жанашыр ағамыз, Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Ғалым Мұхамединнің жан-жақтан келген шәкірттері мен жергілікті өнерпаздар Тайжанның талай тамаша әнін «тірілтіпті».

Аймақ мақтанышына айналған Береке ағамыздың ән кешінде де залдың жартысы әрең толды.

Әнді өнер деп бағалаған, ақындықтың қадірін түсінген жастар жағы да жеткілікті екен. Оған «Жұлдыз – 2019» жастардың эстрадалық әндер байқауы мен қаланың 65 жылдығына арналған «Жез далам, жез қалам – Жезқазған» атты жас ақындар мүшәйрасында көз жетті. Өкініштісі – көрермен қарасы өте қораш көрінді.

А.Кузнецовтың жеке көрмесі ашылған күні түстен кейін көрме залына арнайы бас сұқтым. Есіктен елпілдеп қарсы алған екі қызметкер: «Көрмеге келдіңіз бе?» деп қуанып қалды. Көңіл үшін аялдадым.

«Жарнамалау жағында шалағайлық болған-ау?!» деді ешкімнің көңіліне көлеңке түсіргісі келмейтін бір ағам. Лайым солай болсын!

Ал, көрермен көңілі қалғандықтан келмесе ше?..

P.S. Қазақта: «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген қанатты сөз бар. Мақалаға тақырып болған сауалдың жауабын келесі жылы жазармын. Кім біледі…

Әлібек ӘБДІРАШ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы

Басқа материалдар

Back to top button