Тарих

Ұлы жазушының музейі

Орыс әдебиетінің классигі, ойшыл Федор Достоевский біршама ғұмырын қазақ жерінде өткеріп, Семей қаласында тұрғаны белгілі. Жазушының осынау көне шаһардағы әдеби-мемориалдық музей үйі – оның өмірі мен шығармашылығына арналған жеті музейдің бірі. Ал, нақтылай түссек, ол Ресей аумағынан тысқары орналасқан жалқы музей болып саналады.

1971 жылы 7 мамырда ашылған музей қоры 24 396 жәдігерді құрайды. Руханият ошағының негізі – Ф.Достоевский 1857-1859 жылдары мекендеген, іргесі 1838 жылы қаланған бір жарым қабатты ағаш үй. ХХ ғасырдың 70-ші жылдары бұл үйге жапсарлас үлгіде екіқабатты құрылыс нысаны салынып, ғимарат кеңейтіледі.

Музейдің алдына мәскеулік скульптор Д.Элбакидзенің туындысы – ақ мрамордан салынған «Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевский» монументальды композициясы орнатылған. Терең мағыналы бұл ескерткіш – сыйластығы берік достықпен бекітілген екі халық, екі тағдырдың өзара қарым-қатынасының айғағы.

Орыс жазушысының қазақ жерінде өткерген бес жылы жарқын оқиғаларға толы. Ұлы Далада оның басқа халықтың мәдени-тарихи және ұлттық-діни шынайылықтарына қызығушылығы бастау алады. Сол қызығушылықтың арта түсуіне қазақтың ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлихановпен тығыз байланысы игі әсерін тигізгені анық.

Музейде қос тұлғаның достық қарым-қатынасына арналып, әдеби жәдігерлерден жасақталған үлкен бөлім бар. Иллюстрациялар, суреттер, құжаттар мен кітаптар – аталған бөлімнің басты байлығы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button