Бас тақырыпЖаңалықтар

Ұлы – Ұрымға, қызы – Қырымға қараған қазақ

Құрметті оқырман! Қазтуған жыраудың бұл жырын ватсаптан алдым. Оқыдым. Ойландым. М.Мағауин ағатайым СССР кезінде шыбын жанын шүберекке түйіп, шайқаспен, шырғалаңмен әзер шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағындағы Қазтуған жырауды қайта оқыдым. Салыстырдым. Сараптауға шамам жетпеді. Солай болғанда да М.Мағауин бастырған «Бес ғасыр жырлайды» жинағында Қазтуған жыраудың жыры СССР цензорларының талауына түсіп, қайшымен аямай қиылған сияқты. Мұны кейінгі тарих сайратып беретін шығар.

 Ал, бүгін жариялап отырған кейінгі қолға іліккен жырдан Қазтуғанның исі бұрқырап, тұлпары арқырап, найзасының ұшындағы қоңырауы «шырқырап» тұрған сияқты.

 Бұл Қазтуған бабамыздың Қырымды қалдырып, бүгінгі қазақ жеріне оралғанда көкбөрідей ұлып тұрып шығарған азалы жыры сияқты.

 Мен КазГУ-де оқып жүргенде фольклордан сабақ берген Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ағамыз «Қырымның қырық батыры түгел қазақ» дегенде аң-таң болғам. Қырым қайда, қазақ қайда? Жас күнімде мән бермеппін. Қырымның қырық батырының қырқыншысы – Қобыланды батыр. Оқыңыз. «Ер Тарғын» жырында Тарғын батырдың, Ақжүністің сөздерінде сайрап тұр бәрі.

Сол Қазтуған бабамыз қамығып, қайғыланып оралған Қырымнан талай аталастарымызды СССР Ұлы Отан соғысы жылдары осы ата жұртына қайра жер аударған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай Ұлы даламызда Қырым татарлары, корейлер, немістер, шешендер және басқа да жүздеген ұлттар бір атадан жаралғандай, бір анадан туғандай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

***

Қазақтың Ұрым деп отырғаны – Рим. Сақ дәуірінен кейін дүниені тітіреткен көк түркінің ғаламат қолбасшысы Еділ (Атилла) патша көкірегі көк тіреген Рим империясын талқандап, жүрелеткен. Рим папасы алдында қол қусырып құлдық ұрған. Кәрі тарих солай дейді. Ал, Қырымы – белгілі.

Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»

Қазтуған жыраудың қонысымен қоштасу жыры

1
Арайна, билер, арайна,
Арайна десем, болғай ма?!
Арайнасыз әр қайда
Ердің ісі оңғай ма?!
Арайна болған
Қазтуған,
Қайғыланып сонда толғай ма?!
2
Ел қияға қонғай ма?
Еділ, Жайық арасы
Кеңшілік қоныс болғай ма?!
Ебей басты құба үлек
Ернімен шырпы шалғай ма?!
Бұл қоныста отырып,
Біздің мұсылман баласы
Жағасы босап тынғай ма?!

3
Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады.
Аштарханды қоныс етпеңіз,
Шәһәрін оның алады.
4
Еділді алса – елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса – жанды алар,
Жанды алған соң не қалар?
Ойылды алса – ойды алар,
Ойлашы, сонда не қалар?
Қара мауыты мұшақат
Бүтін тоғай жерді алар.
Жаз кіреге жақсы деп,
Дулығалы нарды алар,
Қыс кіреге жақсы деп,
Шудасы қалың айырды алар.
Сусынына шай алар,
Шайнауына май алар.
5
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға
Қайта келер деймісің
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан туған хандары-ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай!
6
Адыра қалғыр көк Жайық,
Аңырап қалған қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
Таудағы тарлан бөрі едім,
Тарылған сынды тынысым.
Кейінгі өскен жас бала,
Ақ балтырын түрініп,
Басарына ерініп,
Көкірегі күйініп,
Тек тірлікке сүйініп,
Ықтиярсыз жүгіріп

Аузы түкті кәпірдің
Етпегей еді жұмысын!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Екеу-екеу сөйлесіп,
Біздің кейінгі өскен жас бала
Аузы түкті кәпірдің
Соқпаса екен пайдасын!
7
Буыршынның жалғыз қырқар азуы,
Бөкеннің желіп өтер төрт саны,
Бұғының ауыр қара мүйізі,
Бидайықтың жалғыз соғары,
Қашағанның ұзын құрығы,
Ақ орданың тіреу сырығы,
Айдаса – қойдың көсемі,
Сөйлесе – тілдің шешені,
Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,
Күз жіберіп, жаз мінген,
Жазаласа – екі жылда бір мінген,
Жолдасын жолай іздеген,
Өзіне тиген дұшпанын
Қарт бурадай тіздеген
Мен – Қарғабойлы Қазтуған,
Қайғыланып асып барамын
Ноғайлы-қазақ елімнен!

Суреттердің авторы М.АМАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button