Тұлға

Ұлы мұрат жолында

Бүгінде арамызда жүрген аға ұрпақ ішінде Тілек СӘДУАҚАСҰЛЫНЫҢ өзіндік орны бар. Білім беру саласына отыз жылдан астам уақытын арнап, аудандық білім бөліміне талай жыл жетекшілік еткен білікті басшы, білімді педагог, абзал азамат жайлы айтар сөз де аз болмасы анық. Себебі, ұстаз жолы қашанда тағылым мен өнегеден құралған. Тілекеңнің шәкірттері ол салған сара жолды бүгінде ойдағыдай жалғап жатыр. Дегенмен, ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде Тілекең мен білім бөлімі бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымға айналып кеткендей еді. Бүгінде зейнет өмірдің қызығын көріп отырған Тілек ағамыз жетпіс жасты да еңсерді.

Жалпы, Тілек ағамыз жайлы бізге дейін де кем жазылған жоқ. Оның ішінде аға әріптесіміз Мақсым Омарбеков «Ұстаздардың ұстазы» атты эссесін жазып қалдырғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ұстаздың ата тегінен бастап өзінің алған асу-белестеріне дейін егжей-тегжей сөз етілген тағлымы мол жазбадан біздің де аларымыз аз болмайды.

Иә, «тегі жақсының өзі жақсы» дегендей, Тілек ағаның атасы Өскенбай өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болыпты. Жақып Ақбайұлындай Алаш ардақтысының сыйлы досы екен. Баласы Сәдуақас та жасынан білімге құштар, білімді де алғыр болып өскен. Қиын-қыстау заманда Отанды неміс басқыншыларынан қорғап, бейбіт заманда жас ұрпақты біліммен сусындатқан ағартушы ұстаз болған. Абзал әке қалыптаған осындай тәлімі мол өнеге мен ұстаздық жолы балаларының асыл мұратына айналып, ұстаздық үрдіс жалғаса түскен. Сәдуақас ақсақал мен Күлән шешемізден өрбіген сегіз баланың ішінен Тілек, Шарбат, Қанат, Шынар – бәрі білім жолын таңдап, әке мұратын орындаған ізгі ұрпақ. Алаштықтарға дос-жар болған Өскенбай атаның қалдырған өнегесі болар, Қанат Сәдуақасұлы Алаш ардагері Әлімхан Ермековтің өмірі мен қызметін ғылыми негіздеген белгілі тарихшы ғалым.

Оқу-білімнің қадір-қасиетін тегімен де, тәрбиемен де сезіне білген Тілек Сәдуақасұлы жасынан оқуға жүйрік болып өсті. Қарқаралыда №1 қазақ орта мектебін бітіріп, 1968-1973 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінің физика факультетін аяқтайды. Еңбек жолында ардагер ұстаз Нөгербек Спатаевтың шарапаты тигенін айтады бүгінде Тілекең. Ол кездегі білім бөлімінің басшысы Н.Спатаев жас маман болып келген Тілек ағамызды Ақжол ауылы №12 орта мектепке жолдамамен жібереді. Бір жағынан ардагердің таза ниет, ақ батасы болар, екінші жағынан Тілек ағамыздың да еңбекке деген ынтасы, зор талабы шығар, әуелдегі Алланың жазған бұйрығын да ескерген жөн болар,  әйтеуір Тілек ағамыз Ақжол ауылында алты жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, кейін білім саласындағы одан да биік баспалдақтарды бағындырып, өзі де Нөгербек атамыздай білім бөлімінің басшысына дейін көтеріледі. Тілекеңнің «мен де Сыпатай Нөгербековтің шәкіртімін» дейтіні содан. Әрине, бұл орайда аталмыш бөлімді аттай 16 жыл басқарған Дәуітбай Қоспабайұлы жайлы айтпай өтуге болмас. Бөлім тізгінін осы ағамыздан алған Тілекең бөлімді он тоғыз жыл басқарып, рекордты жаңартты.

Оған дейін Тілек Сәдуақасұлы аз тер төккен жоқ. №12 орта мектепте директордың оқу ісінің орынбасары болған ол, 1979 жылы аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, бірнеше жыл нұсқаушы, партия комитетінің меңгерушісі болады. Одан кейін 1984- 1991 жылдар аралығында Қарқаралы қаласындағы №5 мектеп интернатының, №2 орыс орта мектебінің директоры қызметтерін атқарады. 1991-1995 жылдарда аудан әкімінің аппарат басшысы болса, 1995 жылдан бастап, жиырма жыл бойы зейнеткерлікке шыққанша аудандық білім бөлімінің басшысы болып өнімді қызмет етеді. Мақсым ағамыз өз мақаласына тақырыпты тауып-ақ қойған екен, осыншама ұзақ-сонар жылда білім бөліміндей іргелі мекемені біліктілікпен, жауапкершілікпен басқара білген Тілек Сәдуақасұлын шынымен де «Ұстаздардың ұстазы» деп атауға әбден болады.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында күллі әлеуметтік нысандар жабылып, тұралап жатқанда, елдімекендердегі мектептер әйтеуір әупірімдеп аман қалды. Дегенмен оларды жылыту, жөндеу, жақсы қалыпта ұстау ол заманда қиынның қиыны еді. Мұғалімдер айлап жалақы ала алмады. Ол қиын шақтарды да еліміз өткере білді. Уақыт оңалып, заман түзелген жылдардан бастап Тілек Сәдуақасұлының жетекшілігімен білім саласында да көптеген ілгерілеушіліктер көріне бастады.

Мектептер күрделі жөндеуден өтіп, материалдық базасы нығая түсті. Интернет желісі қосыла бастап, «Электронды мектеп» жобасы енгізіліп, өз нәтижесін берді. Интерактивті тақталар алынып, ресурстық орталықтар мен эксперименттік алаңдар жұмыс істей бастады. 2001 жылы №44 мектеп интернаты күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылса, 2002 жылы Томар ауылы №22 орта мектеп, 2009 жылы Матақ ауылы №15 орта мектебі мен Қарқаралы қаласында «Еркетай» бала бақшасы салынды. Сол жылы Егіндібұлақта №43 орта мектеп жанынан 200 балаға арналған интернат пайдалануға берілді. Мектеп жасына дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілу көрсеткіші 2009 жылы 53,6% болса, 2013 жылы 99,6 % болды. Мектеп жанындағы шағын орталықтар саны 2009 жылы 25-тен 2010 жылы 37 ге жетті. 2005-2013 жылдары 22 мультимедиялық-лингофондық, 13 биология, 13 физика және химия кабинеттерімен жабдықталды. Облыста алғашқылардың бірі болып, 2007 жылы Қарқаралы аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан аудандық білімді дамыту орталығын құрды.

ҰБТ көрсеткіштерімен де ауданымыз облыста бірқатар жыл бойы алдын бермей, үнемі алдыңғы қатардан көріне бастады.

Еңбектің ескерілгені елге де, ерге де жақсы. Білім саласындағы, мемлекеттік қызметтегі жетістіктері үшін Тілек Сәдуақасұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Білім беруді дамытуға зор үлес қосқаны үшін» номинациясы бойынша облыс әкімінің 1 млн. теңге стипендиясымен, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, бірнеше спорт федерациясының алғыс хаттарымен марапатталған. Абыройды асырып, мәртебені өсірер лайықты марапаттар.

Бүгінде Тілек Сәдуақасұлы зейнетте жүргенімен, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы ретінде әлі де еңбеккерлер сапында. Жауапкершілік жүгі әлі де иығынан түспеген. Бірқатар жыл аудандық жұмыспен қамту бөлімін басқарып, қаржы саласынан зейнетке шыққан жұбайы Роза Әубәкірқызы екеуі – немере сүйген ата мен әже. Үлкендері Дархан құрылыс фирмасының жетекшісі, ал, Думан бизнес саласында.

Қашанда кішіпейіл, кісілігі мол жаны жайсаң ағамыз Тілек Сәдуақасұлына жетпіс жаста қартаймаңыз, әлі де қоғамдағы игі істерге ұйытқы болып жүре беріңіз деп тілейміз.

Аян СӘУЛЕБАЙҰЛЫ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button