Бас тақырыпРуханият

“Ұлы Дала мұрагерлері”: болашаққа – рухани серпіліс

«Ұлы Даланың мұрагерлері» кімдер? Ол – төл тарихына құрметпен қарап, ұлт қаһармандарын үлгі тұтып, еліне қалтқысыз қызмет етуді мақсат еткен ұрпақ. Бұл туралы Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деген болатын. Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін тарату мақсатында биыл үшінші мәрте өткен «Ұлы Дала мұрагерлері» форумының айшықты шаралары Қарағандының 80 мектебінде көрініс тапты.

Ұлт көсемі атындағы іргелі білім ордасы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп ұжымы форумды жоғары деңгейде өткізді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін ұжым қызметкерлері RED-x, «Туған жерге тағзым», «Шаңырақ», «Ата-ананың жұмыс орнындағы он күн», «Ауылдағы екі апта» жобаларына тыңғылықты дайындалыпты. Абайдың «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын бірінен кейін бірі іліп әкетіп оқыған мектеп оқушылары аға буынның алғысына бөленді.

Ал, М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназиясында жалғасын тапқан форумның жан-жақты ойластырылғаны байқалды. Білім ошағында форум тақырыбына бағытталған музыкалық-қойылым, әсіресе, «100 ән», «100 күй» бағытындағы әдеби-сазды бағдарлама, тренингтер, ашық сабақтар сәтті өтті. «100 кітап» аясындағы «Bookgrossin» жобасы бойынша оқушылар мен мұғалімдер бір-біріне кітап сыйлады.

«Ұлы Дала мұрагерлерінің» шеберлік сабақтары №54 мектепте көрініс тапты. Ата-аналар қатысқан шеберлік сыныптары көптілділікті енгізу, критериалды бағалау, жаңартылған білім беру мазмұны, инклюзивті білім беру, вариативті курстар бағытында жүзеге асты. Мектеп оқушыларының ата-аналармен бірігіп жасаған қолөнер бұйымдары «Шеберлер қаласына» шақырды. «Әдістемелік көрме» жобасының жұмыстары көпшілікке ұсынылып, мектеп жанынан құрылған «Жас тілшілер» клубының редакторлары тартымды сұхбат жүргізді.

№10 мектептегі форум «Алғашқы қадам жасауға – робототехниканы қолдану» жобасымен көпке ұнады. Ата-аналар жаңартылған білім мазмұны жөніндегі көмескіленген көзқарастарын өзгертіп, оқушы білімінің қалай бағаланатынын үйренді.

Форумның жаңашыл бағыттағы бейнесі №102 мектеп-гимназиясында көрініс тапты. Мектептің 8 «Б» сыныбында физика және ағылшын тілінен үш тілде өткен сабаққа атааналар қатысып, пән мұғалімі Жанаргүл Нақыпбековаға алғыс білдірді.

Форумның қазақ халқының мәдени мұраларын зерттеуге бағытталған тұсы №16 және №86 мектепте байқалды.

«Мәдени мұраларымызды жаңғыртуға еліміздегі білім беру саласының көшбасшысы – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі мен бағдарламалары мұрындық болды. Ата-анамен өндірісте 10 күн» әлеуметтік жобасының негізінде ата-аналар арнайы мамандардан кеңес алуға мүмкіндік алды» – деді мектептердің мұғалімдері.

Сондай-ақ, №23 мектептегі форум аясында ұстаздар ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Ата-аналар мектеп өмірін көзбен көріп, шынайы баға берсін деген мақсатта өткізіліп отырған шара. Сондай-ақ, жаңартылған білім беру мазмұнына қатысты ата-аналардың дұрыс көзқарасын қалыптастыру үшін шеберлік сағаттарын өткіздік. Үйдегі ата-ана көзқарасы дұрыс болса, баланың да көзқарасы дұрысталады, – деді мектеп директоры Нүркен Ашықбаев.

Мектепте «Қайрат» ұлттық спорт мектебінің үйірмесі аясында тоғызқұмалақтан турнир өтті. Ата-аналар тарихи-этнографиялық мұражайда қазақтың ежелгі қолөнер бұйымдарымен танысты.

Екі күнге жалғасқан «Ұлы Дала мұрагерлері» форумы әрбір ата-ана тарапынан оң пікірге, үлкен қолдауға ие болды. Олай дейтініміз, қалалық білім бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратқан форум аясында көпшілік білім саласына қатысты тұралап қалған сауалдарға жауап алды. Ал, оқушылар қазақтың бай тарихын заманауи білім көкжиегімен ұштастырып, өмірлік ұстанымын қалыптастырды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button