Ұлы дала елінде – үш құрылықтың әуені

Алты Алаш жұртының кіндік мекені, елдіктің еңселі ордасы, Ұлт ұясы – Ұлытауда I Халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалі жоғары деңгейде өткізіліп, руханият әлеміндегі жарқын жаңалық жалпы жұртшылықтың мерейін үстем ете түсті. Үш құрлық өкілдерінің басын қосқан дүбірлі өнер мерекесінің салтанатты ашылу рәсімінде тау баурайында орнатылған алып сахна төрінен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ Мемлекет басшысының фестивальге қатысушылар мен көрермен қауымға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Елбасының ыстық ықыласы мен ақтұма пейілі тұнған хатты Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ қабылдап алды.

«Төл тарихы мен өнерін қастерлеген ұлт қана биік мақсаттарға қол жеткізе алады. Музыка өнері – халықтың тарихын, асқақ рухын, жандүние сұлулығын паш ететін рухани құндылықтардың бірі. Сондай-ақ, бұл фестиваль халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын әлемге танытуға да оң ықпалын тигізеді» делінген Елбасы құттықтауында.

– Ұлытау – Жошы хан тұлпары тұяғының дүбірі мен Кетбұқа абыз домбырасының күмбірі кернеген қастерлі өңір, тағылымды тарих пен ұлт шежіресінің куәгері. Дәл қазір бұл жерді әлем мәдениетінің әсем әуені әлдилейді. Фестивальге «Жезкиік» атауының берілуі бекерден бекер емес. Өйткені, жезкиік – Ұлы Дала Елінің көне дәуірлерден бері көркіне айналған киелі жануар. Осынау фестиваль аясында ұлттың қастерлі ордасына жарты әлем жұртшылығының өкілдері жиналды. Үш жүздің ымырабірлігі ыдырамауына дәнекерлік еткен Ұлы Ұлытау бүгін үш құрлықтың басын біріктіріп отыр. Үш алыптың Ұлы Дала кіндігінде бас қосуы – тарихи оқиға. Бұл – ел Тәуелсіздігінің, сол Тәуелсіздікке жеткізген Елбасының өлшеусіз еңбегі мен салиқалы саясатының мәуелі жемісі, – деді өз лебізінде облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Әсерлі құттықтаулар легін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жарасымды жалғастырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған ғажайып өнер мерекесі қазақ елін дамыту үдерістерінің жаңа белеске шығуының айғағы екендігіне назар аударды. Ауқымы кең шараның Ұлытауда өткізілуі өте орынды болғанын атап өтіп, фестивальдің дәстүрлі шараға айналуына тілек қосты.

Дүйім жұртты елеңдеткен ерекше бітімдегі іс-шараның мәртебелі меймандарының санатында бірнеше елдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілері, Ұлт мақтанышына айналған бұлбұл үнді әнші Бибігүл Төлегенова, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Армия генералы Мұхтар Алтынбаев, есімі жер-жаһанға танымал әнші Нұржамал Үсенбаева, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Қажымұрат Нағманов, Олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлт мәдениетінің ірі ұйымдастырушысы һәм шынайы жанашыры Рымбала Омарбекова және тағы да басқалары болды.

Фестиваль шымылдығы қарағандылық дара дауысты әнші Дәуренбек Әркеновтың орындауындағы ақын Кәкімбек Салықов пен композитор Жақсыкелді Сейіловтың шығармашылық үндестігінен туған «Жезкиік» әнімен түрілді. Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінің «Арқа ажары» фольклорлық ансамблі төкпелеткен тамаша күйлер тәмам жұртты тамсантып, ән серкесі Сержан Мұсайын шырқаған «Балқадиша» әні ұлттық өнердің өресі шырқау шыңға көтерілгенін танытты.

Фестивальге қатысушы кәсіби өнер ұжымдарының шеруі айрықша әсерлі болды. Мексика, Перу, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Франция, Шотландия, Жапония елдерінің өнер майталмандары мен қазақстандық өнерпаздар – «Қобыз сарыны» ансамблінің әрқайсысы өздерінің ұлттық әуендерін орындап, ұлттық киімдерімен ортаға шыққанда көрермен ризашылығы мен қошеметі арнасынан асып төгілді.

Кезегімен сахна төріне көтеріліп, фольклорлық сипаттағы ән-күйлерін орындаған шетелдіктердің әуеніне фестиваль қонақтары мен жергілікті тұрғындар қаншалықты ризашылығын білдірсе, алыс аумақтардан ат сабылтып жеткен өнерпаз меймандар да фестивальдің ұйымдастырылу деңгейіне, Ұлытаудың тұмса табиғатына, өнер мерекесінің ауқымының кеңдігіне, қазақтардың меймандос пейілі мен жайдары жүздеріне, «ас та, төк» дастарқаны мен ұлттық тағамдарының тіл үйірер дәмділігіне, киіз үйі мен қолөнер шеберлері жұртшылық назарына ұсынған ұлттық жәдігер бұйымдарға соншалықты тәнті болғандығын жасырмады. Олар қазақ елі мен қазақы салт-дәстүрлерге іңкәрлігі мен сүйіспеншіліктерін еш бүкпесіз білдірді. Аспалы алтыбақанда тербеліп, Ұлы Дала Елінің ұлағатты ұстанымдары мен қасиет тұнған боямасыз қалпына таңдай қаға тамсанды.

Фольклорлық туындыларды орындау бағдарламасы соңында Қарағанды облысының хореографиялық ұжымдары «Қара жорға» биін мың бұрала биледі. Ұлытаудың бөктерін думанды дүбірге бөлеген келісті ән кеші атақ-даңқы әлемге жайылған «Ұлытау» тобының концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Келесі күні іргелі іс-шара Жезқазғанда, толқыны кербез Кеңгір көлі жағалауында жалғасты. Алғашқы кезекте жезқазғандықтар мен қала қонақтары үш құрлықтан жиналған фольклорлық өнер ұжымдарының гала-концертінде орындалған әндермен сусындады.

Фестивальге қатысушы солистердің қызыл кілем үстімен жүріп өткен дефилесі айтарлықтай әсер қалдырды. Шаңқылдаған шағала үнімен үндестік тапқан классикалық әндер легін КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, қазақ сахнасының жарық жұлдызы Бибігүл Төлегенова құйқылжыған «Гәкку» әнімен бастап берді. Концерт барысында 10 мемлекеттің өкілдері – 17 солист сахна төріне көтерілді. Нақтылай түссек, олардың қатарында Шенол және Гюльчохра Талынлы (Түркия), Нұржамал Үсенбаева (Қазақстан), Владимир Мороз (Ресей), Ильхам Назаров (Әзірбайжан), Амантай Ыбыраев (Қазақстан), Талғат Мұсабаев (Қазақстан), Жан Тапин (Қазақстан), Оксана Давыденко (Қазақстан), Анна Риан (Австрия), Асмик Леолян (Армения), Ельнура Жаңабергенова (Қырғызстан), Жеңісбек Пиязов (Өзбекстан), Игорь Подгориану (Молдавия), Марко Боени (Италия) және Талғат Ыдырысов (Қазақстан) болды. Музыка кешінде «Біржан-Сара» операсы, «Абай» операсынан ария, «Қазақ вальсі» секілді қазақ классикалық музыкасымен қатар, Джузеппе Верди Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраус және басқа да композиторлардың әлемге әйгілі шығармалары шырқалды.

Өнерсүйер қалың қауымның жан-дүниесін інжу-маржандай әндерімен байытып, ғажайып рухани әсер сыйлаған өнер ұжымдары мен жеке солистерге қазақ ұлтының ұлттық болмыс ерекшелігін айшықтайтын естелік кәдесыйлар мен сертификаттар тапсырылды

Бағдарлама соңында Жезқазғанның түнгі аспанын мерекелік отшашу нұрлы шуаққа шомылдырды.

Фестиваль өз мәресіне жетті, алайда, ол туралы шежірелі сырлар мен айықпас әсерлер, әріден салсақ, шетелдік меймандармен бірге мұхит асары, беріден тартсақ, жергілікті жұртшылықтың жадында сақталып қалары хақ.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.