Жаңалықтар

Ұлттың саулығы – ұлы міндет!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдадық. Еліміздің алдағы жұмыс бағыттарын тоғызға бөліп талдаған Мемлекет басшысы кезек күттірмейтін бірталай мәселені ортаға салып, оларды шешу жолдарын көрсетті.

Сурет: автордан

Бір сөзбен Жолдауды тұтасымен талдау мақсатымыз жоқ, десем де, талай мәселенің ішінде алтыншы бағыт бойынша айтылған проблемалар көкейде көптен жүрген дүние еді. Ұлт саулығы мен халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту дегеніңіз – аса маңызды әрі өте күрделі мәселе. Президент айтқандай, кейінгі жылдары енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласына, әсіресе жеке меншік медицинаға қосымша қаражат құйып отырғаны түсінікті. Алайда соның оң нәтижесін халық неге сезінбейді? Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаражат бөлінген. Сонда да халықты жарылқап тастаған медицина жоқ! Неге?

– Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды, – деді Президент.

Цифрландыру жүйесі арқылы, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медициналық мекемелердің бәріне толық бақылау жасап, жалған мәліметтерге жол бермеу керек. Және Үкімет осы мәселені шешуге дереу кірісіп, жұмыстарының барысынан Президент пен Парламентке есеп беріп отыруы тиіс.

Президент айтқандай, медицина саласында маман тапшылығы да әлі күнге өзекті мәселе. «Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет», – деді Қ. Тоқаев.

Президент бұқаралық спортты дамытуға әрдайым ерекше мән береді. Таяуда Қарағанды облысына келген сапарында да ауыл-қаладағы спорт нысандарын арнайы барып көріп қайтты. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында Олимпиадаға қатысушылармен кездескенде де Президент спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталды.

– Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Ата Заңымыздың бірінші бабында айтылғандай, Қазақстан Республикасының басты қазынасы – адам және адамның өмірі. Яғни, мемлекеттің ең ұлы міндеті де – ұлт саулығы! Осы және Жолдауда көрсетілген өзге де бағыттар бойынша өзекті мәселелерді ақпарат құралдары халықпен бірге талқылап, дұрыс қадамдар жасалуына күш саламыз деген сенімдеміз. Еліміздің еңсесі биіктей берсін!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button