Қарқаралы

Ұлттық құндылықтар ұлықталды

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға дара жол салды. Өткеніміз ескеріліп, өшкеніміз жаңғырды. Соны негізге алған Тоқтар Әубәкіров атындағы ауыл тұрғындары жуырда ауданда алғаш болып «Ат – ер қанаты» атты эстафета ұйымдастырды.

Ежелден жылқы малын төрт түліктің төресі деп таныған қазақ баласы оны мінсе – көлік, сойса – азық, сауса – сусын деп қадірлеген. Тектіліктің нышаны болған жануармен бірге жасасып, тұрмысының біртұтас ажырамас бөлігіне айналдырғаны да жасырын емес.

Сөйтіп, шара барысында ат жалын тартып мінген ауыл ағалары ауыздықпен алысқан бір-бір жүйрікті тақымға басты. Сеңсең тымақ пен оюлы шапан, саптама етік киіп, қыран баптап, қырға шықты. Соңдарында асау жабағыны жүгендеген балалар тағы бар. Көк байрағымызды желбіретіп, ауыл ішін аралады. Игі шараның мақсатын осы ауылдағы мектеп директорының орынбасары Біржан Сапаров түсіндірді.

– Эстафетаның негізгі мақсаты – жаңа ғасыр ұрпағын ұлттық таным-түсінікте тәрбиелеу. Ата-бабамыз жеті қазынаның бірі, «басымдағы – бақ, астымдағы – тақ» деп бағалаған жылқы малының қадір қасиетін өскелең ұрпаққа ұғындыру. Жылқы үйретіп, оны ұстап-міну дағдыларын қалыптастыру һәм жастар бойындағы патриоттық сезімді ояту. Қазіргі уақытта балалар жабағы үйретіп, ат мінгеннің орнына компьютерде отырғанды, ойын залдарына барғанды жақсы көреді. Өскелең ұрпақты осындай зиянды әдеттерден сақтандырып, оларды рухани бай, парасатты азамат ретінде тәрбиелеуге бұл эстафета септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазақпын деген әрбір азамат эстафетаны қолдаса, рухани жаңғырғанымыз емес пе?! – деді Біржан Сапаров.

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған елеулі эстафета ауылы азаматтарының өткенін ұмытпаған, салт-санасын қадірлеген тектілігін танытты.

Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button